Аймақтар • 17 Сәуір, 2024

Қаржыны қатаң үнемдеу режімі енгізілді

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Солтүстік өңірден кейін Мемлекет басшысының борты Қостанай облысына ұшып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқан аумақтарды аралады.

Қаржыны қатаң  үнемдеу режімі енгізілді

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Облыс әкімі Құмар Ақ­сақалов су тасқынына байланысты өңір­дегі алты аумақта төтенше жағ­дай жарияланғанын айтты. Облыс­тағы 492 ауылдың 11-і су тас­қынынан зардап шекті. Қазір­гі кезде жағдай тұ­рақталды. Алай­да әлі де 51 үй су астында қа­лып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпір­ді, 7 жол учас­кесін су шайып кет­кен, 1414 электр бағанына нұқ­сан келді. Соның салдарынан Қоста­най мен об­лыстың оңтүстігін­дегі ау­дан­дар арасында көлік қаты­на­сы күрделеніп, 13 елді мекенді электр­мен қамтамасыз етуде қиындық туды.

Сонымен қатар Президентке облыстың негізгі гидротехникалық нысандары­ның, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет берілді. Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда ұсталатынын айтты.

Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласын, Амангелді ауданының орталығын, басқа да елді мекендерді су басу қаупінен сақтап қалу мүмкін болған.

Президент Тобыл қаласында орналасқан жедел штабта су тасқынынан зардап шеккен Қос­танай ауданына қарасты ауыл­дардың тұрғындарымен кездесті.

мит

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан және апатқа бейжай қарамай жанашырлық білдірген барша жұртшылыққа алғыс айтып, халықтың бірлігі осындай қиын кезеңде айқын көрінетінін атап өтті.

– Мен сіздермен жүздесу үшін арнайы келдім. Жағдай­дың күрделі екенін түсінемін. Мемлекеттің барлық ресурсы осы мәселені шешуге бағытталып жатыр. Президент ретіндегі менің басты міндетім – су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсету, – деді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режімі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді. Мемлекет басшысы барлық зардап шеккен тұрғын­ға қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

– Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды. Мұндай үйлердің жобасы бар. Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті.

Өз кезегінде тұрғындар су тасқынының зардаптарын жоюға жедел көмек көрсетіліп, құтқару жұмыстарының уақытылы жүргізілгені үшін алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл апат халықтың бірлігін айқын көрсетті. Табиғат апатының алғашқы күндерінен бастап еріктілер, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жалпы жанашыр адамдардың барлығы жан-жақты көмек көрсетуге ұмтылған.

Президент қазақ даласының рәмізі саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны салдарын еңсеруге жәрдемдескен бизнес өкілдері және еріктілермен де жүздесті.

Кездесуге өңірдегі машина жасау, тау-кен, тамақ және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі сала­ларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті өкілдері, облыстық жастар ресурс­тық орталығының еріктілері және студенттер қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету басты міндет екенін атап өтті.

– Осы кездесуге біраз меценат қатысып отыр. Мен сіздер­ге ризашылығымды білдіре­мін. Бұл – сіздердің жүрек қалау­ларыңыз, азаматтық жауапкер­шіліктеріңіздің көрінісі. Мұның бәрін марапат үшін емес, шынайы ниетпен жасалған игі іс деп білемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқы­нынан зардап шеккен халыққа нақты көмек көрсету ісінде бизнес­мендердің рөлі зор екеніне айрықша назар аударды.

– Біздің елімізде «Forbes» тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді ме­кен­ге бекітіледі және нақты жауап­­кер­шілік жүктеледі. Бұл бір жағы­нан кәсіпкерлердің мүддесі­не сай келеді. Өйткені олар өздері­нің қосқан үлесінің нақты нәти­жесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтіп, оларға ризашылық білдірді.