Аймақтар • 18 Сәуір, 2024

Өлеңтіні жайлаған жұрт кешенді көмекті қажет етеді

44 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ақкөл-Жайылма алқабы мен Ақтоғай ауданының қырдағы халқы былтырдан бері әділдік іздеп, талай мекеменің табанын тоздырып келеді. Өлеңті өзенін көршілес Ерейментау ауданының «Айдар» шаруашылығы бөгеп тастап, 80-ге жуық шаруа қожалығын зар қақсатып отыр. Алайда су шаруашылығына жауапты министрлік пен саланың жергілікті ұйымдары аталған мәселені шешуге қауқарсыз. Жұртшылық мұны мал өсіріп отырған ағайынға қолдан жасалған қастандық деп бағалайды.

Өлеңтіні жайлаған жұрт кешенді көмекті қажет етеді

Газетіміздің осыдан жыл бұрын­ғы нөмірінде «Ақ­көл-Жайылмаға қауіп тө­ніп тұр» деген атаумен ма­қа­ла жарық көрген еді. Сонда ай­тылған көпшіліктің мәселесі осы уа­қытқа дейін шешімін таппаған. Тү­сініктірек болуы үшін айтып өтейік, Ақмола облысы Ерейментау ауда­нының жеке кәсіпкері Айдар Нығметов Өлеңті өзенінің жоғары ағысындағы ескі бөгетті су ақпастай етіп бекітіп, Екібастұздың ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының қыр бөлігіндегі шаруаларды несібесінен айырып отыр. Ауылдық әкімдік бөгетті 2022 жылы ашық аукционға шығарып, оны «Айдар» ШҚ сатып алған. Енді Қарағанды жақтан өзенді бойлап ағып келетін мол суды шаруашылық жалғыз өзі иеленіп, мал бордақылайтын фермаларын да­мытпақ. Ал Ақкөл-Жайылма аты­рабына жылдағыдай су жетпесе, жергілікті фауна мен флораға адам айтқысыз экологиялық қауіп төнеді.

Әлгі шаруашылық өз дегеніне жетіп, былтыр көктемде мол судың ырыздығы Павлодар жаққа өтпей қалды. Салдарынан Екібастұздағы Ақкөл-Жайылма өңірі мен Ақтоғай ауда­нының қырдағы ауылдары жазда тіршілік нәрінсіз қалып, жайылымдар мен шабындықтар табиғи апатқа ұшырады. Айнала ақ тақырға айналып, шабындықтар қурап қал­ды. Былтыр қуаңшылық қос өкпе­ден қысқан уақытта мал азығы бұл өңірде қасқалдақтың қанындай қат болып, ал оның бағасы көз ілеспес жылдамдықпен қымбаттағанын көз көрді. Шаруашылықтар шөп шабатын жер таппай қиналды. Абырой бол­ғанда бұл өлкеде қыс жайлы өтіп, төрт түлік жұтқа іліккен жоқ. Теріс­кейден боран соғып, қар қа­лың түссе, аз ғана азық қамдаған отба­сылардың малы тұтасымен шығынға ұшырайтыны анық еді.

имть

Осы бір сүреңсіз жағдай биыл тағы қайталанатындай. Себебі Өлең­ті ауылдық округіндегі «Айдар» ШҚ бас­шысы «өлмесе, өмірем қапсын» деп ойлады ма екен, павлодарлық фермерлерді тағы да шөміштен қағып отыр. 2022 жылы тас қамалдай етіп салынған бөгет биыл да ашылмады. Ал Қарағанды жақтан Өлеңті өзенінің арнасымен мол су үсті-үстіне келіп жатыр. Бөгеттің бергі жағына қарасаңыз, кішкене ғана құбырдан жыламсырап ағып тұрған болмашы суды ғана көрер едіңіз. Жылдамдығы секундына небәрі 1-2 текше метр су өзеннің төменгі жағына кетпек түгілі, жолай жерге сіңіп жоғалып жатыр.

Социалистік Еңбек ері, Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Бөкен Қызғарин ақ­молалық кәсіпкердің бұл қы­лығына қатты қынжылып отыр.

– Қарағым, мынау Екібастұз ауылдық округі түгелдей Өлеңтінің суына тәуелдіміз. Аумақта Тай, Көк­­сиыр, Талдықамыс, Қаражар ауыл­­дарының өзінде 40-қа тарта ша­руа қожалығы бар. Солардың бар­­лығы жыл сайын осы Өлеңтінің та­сығанын күтіп, жазда жайылмаларынан шөп шауып келді. Бұл үрдіс, міне, екі жылдан үзілді. Оның үстіне Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл бас­­таған 9 көл де (Әулиекөл, Бәсен­тиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмір­зақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоқ­қылы) осы өзен арқылы көктемде ағып келетін мол суға тәуелді. Жер­гілікті тұрғындар ел-жұрттың күре­тамырына айналған Өлеңтінің суын бөгемеуді сұрап отыр. Сәуір айының ортасына таман Өлеңтінің арнасына сыймай аққан мол су сай-саланы толтырып, өзен бойын ен жайлаған ауылдардың берекесін кіргізеді. Айналаның бәрі жар­қыраған суға айналып, құстар қиқулап, жан-жануар асыр салып, абыр-сабыр бо­лып жатады. Ежелден жал­ғасқан осы бір табиғи үрдіс ғасырлар бойы қалпын бұзбай, өңірдің Ақ­көл-Жайылма аталуы да содан. Тасы­ған су атырапта бір-екі апта тұ­рақтаса жетіп жатыр, айнала жасыл шалғынға бөленіп, жайылымдар мен шабындықтар жеткілікті ылғал тартып үлгереді. Ен­ді, міне, бір ғана шаруа­шылықтың пайдасы үшін қаншама адам бейнет шекпекші. Бұ­лай жалғаса берсе, малына азық таппаған елдің жағдайы қиын­дайды, – деп мұңын шақты ақсақал.

Жуықта өңірдің азаматтары Өлеңті округіне топтанып барып, өзен­нің жоғары жағынан ағып келіп, бөгетке тірелетін мол судың қайда кетіп жатқанын анықтаған. Айтуынша, төменгі жаққа жібе­рілмеген тіршілік нәрі айдалаға ағып, сортаң жердегі Ойнақ көліне құйылып жатыр. Ол жер – жазда құр­ғап қалатын, берекесіз аумақ. Ал «Айдар» ШҚ көпжылдық шөп өсір­мекші болған 1 мың гектар жерге қажет су онсыз да жеткілікті деп есептейді тұрғындар.

«Халқымыздың «Қас екенін қа­бағынан таны, сараң екенін та­ба­ғынан таны» деген нақылы бар. Мы­нау көрші жатқан облыс кәсіп­керінің қылығы арқамызға аяздай батады. Тек біздің өңір емес, өз облысындағы Ажы, Қойтас ауылдарына су жеткізбей, зар қақсатып жатыр. Осы бөгеттің кесірінен кейінгі екі жылда Өлеңтінің төменгі ағысы мүлде құрғап қалды. Осыдан бірер күн бұрын бөгетке барып, елді аза­маттары дрон ұшырып, айналаны бейнежазбаға түсірді. Сонда бай­қағанымыз су тақыр далаға босқа ағып кетіп жатыр. Өлеңті өзені талай жылдар бойы Ерейментау ауданы мен біздің Ақкөл-Жайылманы жа­рылқап тұрған. 2017-2018 жылдары өзен қатты тасығанда арна арқылы 15-20 млрд текше метрдей су келді. Ол су Шідерті өзеніне дейін барып құйылғанына куә болғанбыз. Былтыр Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Екібастұзға келгенде бір топ шаруашылық басшылары проблеманы жайып салып, көмектесуді өтінген. Министр бұл жағдайды әділетсіз, тіпті заңға қай­шы әрекет санайтынын айтып, жауапты мекемелер айналысып, түпкілікті шешіп беретінін уәде еткен. Алайда ол министрлік кейін екіге бөлініп, ал З.Сүлейменованың өзі қызметінен кетті. Бізде министрлер ауысса, барлық мәселе соны­мен суға ағып кететіндей. Бұл аумақ­тағы шабындықтар болмаса, халық өмір сүре алмайтыны әмбеге аян. Осы төңіректе тұратын 3 мыңнан аса адам 15 мың қара малға, 10 мыңнан аса ұсақ малға шөпті сол жерлерден шауып алады. Сондықтан бөгет бұзылуы керек немесе ондағы шлюздер талапқа сай етіп қайта салынуы керек», деп өз ойымен бөлісті ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері Мырзағали Ерғалиев.

Айтпақшы, былтыр бұл мәселеге депутаттар мен қоғам белсенділері де араласып, мәселені шешуге тырысып көрген. Алайда «Айдар» ШҚ-ның барлық құжаты дұрыс болып шықты. Өлеңті ауылдық округінің әкімі Алмагүл Мұстафина әлгі жер­де бұрын ескі гидротехникалық құры­лыс болғанын, оны ауыл әкімдігі 2022 жылы аукцион арқылы аталған шаруашылыққа 8,9 млн теңгеге сатып жібергенін мәлімдеді. Әкімнің ойынша, бұл – стратегиялық нысан емес, Азаматтық кодекстің 242-бабын­да мұндай құрылыстар су сақтау орны ретінде көрсетілген. Ал бөгет 1976 жылы салынған. Кезінде шлюзі, 7-8 тармағы болған. Ауылдар оны жерді шалғындандыру мақсатында пайдаланған. Кейін тал­қандалып, жарамай қалған. Есе­сіне мол су еш бөгетсіз төменгі жаққа ағып отырған. «Айдар» ШҚ бөгетті қалпына келтірерде төменгі ағыста орналасқан ауылдардың хал­қымен мүлде келісімге де келмепті. Тіпті Ойнақ көліне судың текке ағып кетпеуі үшін дұрыс бөгет те тұрғызбаған.

Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраевтың сөзінше, жобада бетондалған шлюзі бар, құбырының ішіне жеңіл машина сыйып кететіндей бөгет болады деп көрсетілгенімен, сайып келген­де диаметрі 100 мм-лік құбыры ғана бар топырақ қабырға пайда бол­ған. Биіктігі 3-4 метр, ені бір­неше жүк көлігі қатар жүріп өтер­ліктей бө­геттен өзен суы қанша мол жиналса да өте алмайды дейді. Жер­гілікті әкім­­­діктің бұл шалыс қада­мы ағыс­тың тө­менгі жағында орналасқан Пав­ло­­дар өңірінің ауыл­­дарына және Ақ­мо­­ла облысында орналасқан елді ме­кенд­ердің дамуына экологиялық тұр­ғыдан апаттық жағдай тудырып тұр.

«Негізі Өлеңті өзені Қарағанды жақтан басталып, оның ұзындығы Ақмола облысында – 91, ал Павлодар облысында 170 километрден асады. Көктемде тасып аққанда Павлодар аумағында ол әуелі Әулиекөлді тол­­тырып, су мол болған жылдары Ші­дер­тімен қосылып 100 километр жердегі Шығанаққа дейін ағып ба­рады. Ал әр көктемде Шідерті өзені арқылы Сәтбаев арнасынан бо­сатылатын су бұл аумаққа мүл­де келмейді. Өлеңтіден өзге арте­риялық су көзі жоқ. Сондықтан кәсіп­кер реттелетін шлюз жасауы керек. Қазіргі қойған шлюздері мүлде жарамайды. Өзеннің негізгі арнасына қойылған шлюз тым биікте, қалғандарын шөп-шалаң басып қалған», дейді Ж.Ибраев.

Мәселенің ізімен Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясына хабарластық. Басшының орынбасары Елеусіз Қамбаровтың сөзінше, «Айдар» ШҚ-да барлық қажетті құ­жат, жер учаскесіне жекеменшік құқығына арналған акті, техникалық құжат, жергілікті жер пайдалану мекемелерінің рұқ­саты, аукционда әділ сатып алғаны туралы анық­тама қағазы бар. Яғни заң тұрғысынан бәрі дұрыс.

– Су саласын реттеу саласында 20 жылдай еңбек етіп келемін. Мұндай күр­делі мәселеге өмірімде бірінші рет ұшырасып отырмын. Бөгеттің жалпы ұзындығы бір шақырымдай, өзен­нің ағысы орналасқан жерде еш­бір шлюз жоқ. Тек өте жоғары деңгейде құбыр ғана орналасқан. Одан су өте алмайды. Ал шалғайда орналасқан шлюздан су аз көлемде ғана ағып келетін сияқты. Бір­ақ біз ол бөгетті бұ­зып тастай алмаймыз, бұл – жеке­меншіктің иелігінде тұрған нысан. Қолданыстағы заң оған мүмкіндік бермейді. Әрине, шы­рылдап отыр­ған шаруаларға көмек­тескіміз ке­леді. Бірақ бұл мәселені сот қана шеше алады. Яғни соттың күшімен Өлеңті ауылдық округі әкімінің әуел бастағы аукцион өткізу туралы шешімінің күшін жою керек. Сонда барып қана біз мә­селеге араласа аламыз, – деп мойын­дады маман.

Қазір бұл келеңсіздікке Мәжіліс депутаттарының да назар аудара бастағаны байқалады. Депутат Нұржан Әшімбетов шаруалардың шағымы бойынша Су ресурстары және ирригацция министрлігіне, сондай-ақ Ақмола облысының әкім­дігі мен прокуратураға депутаттық сұраныс жасағанын жеткізді. Алайда Павлодар облысы билігі тарапынан ешбір қозғалыс байқалмайтынына өкпе білдірді. Оның пікірінше, бұл істе оң шешім шығару үшін бірлескен іс-қимыл ауадай қажет.

Өлеңтінің арнасында бүгінде Ертіс өзенінің бойындағыдай гидробекеттер де жоқ. Соған орай төменгі ағысқа қанша шаршы шақырым су ағып өтетінін шамалау қиын дейді мамандар. Сондықтан ел-жұрты алаң­датқан түйткілдің түйінін тар­қату өте өзекті болып отыр.

 

Павлодар облысы,

Ақкөл-Жайылма алқабы