Талбесік • 18 Сәуір, 2024

Тарпаң тұқымы көбейсе игі

39 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аңызға арқау болған құланның қазақ сахарасында жөңкілген көштей еркін жайлағаны жөнінде мағлұмат мол. Бірақ кейінгі жылдары құла түз­де жосылған керқұландардың өлкемізден азайып бара жатқаны айтылып та, жазылып та келеді. Мамандардың шырылдауы бекер емес, Герма­ния­дан сыйға берілген керқұландар 20 жылдың ішінде үйірге де жетпеген.

Тарпаң тұқымы көбейсе игі

Фото: baq.kz

Пржевальский жылқысы деген атқа ие керқұ­ландарды елімізде жерсіндіретін бірден-бір орта­лық – «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. 2003 және 2008 жылдары Германия халқынан сый­лық есебінде Мюнхен хайуанат­тар бағынан екі үйір Пржевальский жылқысы (Gellabrunn «А» бағытындағы) әкелінді. Ұлттық парктің табиғаты Пржевальский жылқыларының еркін жайлап, үйірге құлын ілесуіне қолайлы болды. Ұлттық парктің ландшафттары Моңғолиядағы Жоңғар гобиінің табиғатына ұқсас. Содан да шығар, мұнда жабайы Пржевальский жылқылары өткен ғасырдың 50-жылдары үйір-үйірімен суатқа құлап, сай табанын толтырып көздің тоятын қандыратын. Бірақ екі аяқты пенденің ындыны кепкенде құланның да «құлағында құрбақа ойнап», жойылып кетті.

Одан кейін қазақ даласына керқұландарды жер­сіндіру ісі мемлекеттік деңгейде жүргізілгенімен де, Пржевальский жылқыларының тым аздығы бірден байқалады. Ұлттық паркте тоғыз бас жылқы болған, оның ішінде тек екі бие ғана құлындайтындықтан жабайы жылқы басының көбеюі тым баяу. Одан сырт үйірдегі жас биелер қаны бір айғырдан құлын­дайтындықтан да Gellabrunn «А» бағытындағы төл алу мүмкіндігі болмай тұр. Үйірдегі төрт бас жылқыны 2018 жылы келісімшарт негізінде Алматы қаласының зообағына жіберген. Қалған бес бас керқұлан – «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарасты Мыңбұлақ кордонында. Былтыр ұлттық паркке Чехиядан мамандар арнайы келіп, жердің жайын бағамдаған. Биыл осы мемлекеттен бірнеше бас Пржевальский жылқысын әкелу туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанға Еу­ропадан жеткізілетін керқұлан «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жіберілмеуі мүм­кін. Былтыр Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдігі мен Чехия делегациясы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Алтын Дала» табиғи резерватына Пржевальский жылқыларын жіберсек, жерсіне ме дегенді талқыға салған. Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев табиғи резерват пен ұлттық парктің климаты мен қоректену базасына үлкен мән беріп, зерттеу жұмыстары жүргізілгенін айтады.

«Еліміздің мамандары мен Чехиядан келген делегация «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің климатының қолайсыздығы мен қоректену базасын қарады. Жайылым өрісі онсыз да құлан (керқұлан емес) мен қарақұйрықтардан артылмай қалуы мүмкін деген тұжырымға келіп, Пржевальский жылқыларын «Алтын Дала» табиғи резерватына жіберетін болып шешті», деді Қ.Байтұрбаев.

Пржевальский жылқысын қолтума жергілікті қылқұйрықпен будандастырып, ортақ тұқым алу жөнінде «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тәжірибе жасалмаған екен. Алайда биологтер Пржевальский жылқылары мен үй жылқысын будандастырып, гибридті тұқым алуға болатынын айтады. Бірақ жабайы керқұлан мен жылқының буданынан туған құлын бедеу болуы мүмкін деп тұ­жырымдайды. Өйткені үй жылқысында 64 хромосома болса, керқұланда 66 хромосома бар, жабайы жыл­қының ерекшелігі де – осы хромосома санының көп­­тігінде. Қ.Байтұрбаевтың пайымдауынша, ке­рқұлан мен қолдағы жылқыны будандастырғанмен, одан туған құлын Gellabrunn «А» бағытындағы та­лапқа сай болмайды. Яғни таза керқұлан түспейтін көрінеді.

Керқұланды (Пржевальский жылқыларын) Жоң­ғар кереметі деп атауы тегін емес. Олардың болмысы күшті, тығыз денелі, сүйектері мен бұлшық­еттері жақсы дамыған, ықшам денелі, терісі қалың, бас сүйегі үлкен, мойыны кең, ақшыл сары және қоңыр болады, жақсы көру, иіс сезу және есту қабі­леттері күшті дамыған. Олар жыртқышты қалай тойтаруды білетіндіктен де итқұсқа алдыра бермейді. Кер­құланның тағы бір қасиеті – тағы мінезін адамзат баласына таптатпай, жалынан ұстатпай келеді. Содан да болар жуасытып, қолға үйретілген емес.