Руханият • 18 Сәуір, 2024

Арыстар ұмытылмауы керек

59 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Келер жылы Қызылорда қаласының астана болғанына тұп-тура бір ғасыр толады. Сол жылдары ел байтағы болған шағын шаһар халқы 20 мыңның айналасында болған екен. Бірақ осы кезең ішінде ұлт қайраткерлері дария жағасындағы қалада қоғамдық-саяси һәм мәдени орта қалыптастыруға барын салды. Талай қабырғалы қаламгердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармаларының негізі осы Сыр бойында қаланды. Солардың арасында биыл туғанына 130 жыл толып отырған Сәкен, Ілияс, Бейімбет бар еді.

Арыстар ұмытылмауы керек

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Астана болған Ақме­шіт­тегі тұрғын үйлер мен мекемелер қазіргі Ескі базар мен теміржол вокзалы аумағында орын тепкен. Осы қалада 1926 жылы 13 қаң­тар­да ұлт театрының тұңғыш шы­мыл­дығы Қошке Кемеңгер­ұлы­ның «Алтын сақина» пьесасымен ашылды. Қазаққа театр­ өнерін танытқан табиғи таланттар уақыт өте келе ұлт руханиятының қа­бырғалы қайраткерлеріне ай­налды. Ұлттық сананы қалып­тас­тыруда төрт ғасырға бер­гісіз 4 жыл қисық көшелі шағын ша­һарға үлкен өзгеріс әкеліпті.

Тұңғыш театрмен қатар ірге­сі ХІХ ғасырда қаланып, әуелі қыз­дар приход училищесі, кейін­­нен Перовск училищесі, 1925–1929 жылдары баспахана орна­лас­қан ғимаратта отызға жуық газет-журнал басылып, елдің түк­пір-түкпіріне тарап жатты. Осы күні «Әл-Асад» атты сауда үйіне айналған бұл баспаханада талай тарландар еңбек еткен. Ақме­шіттің астана болған кезеңін еске салып тұратын жалғыз нысан да осы. «Бұл тағдырдың талай тар қысталаңынан тәкаппар ба­сын имей өткен Сәкеннің, жыр Құлагеріндей жарықтық Ілияс­тың, әңгіме жанры туралы әңгіме бола қалғанда өз заманының бейнесін қағаз бетіне түсіріп, классикалық шығарма өзегіне айналдырған Биағаңның табан ізі қалды-ау» деген ой еске түскенде бойы­ңыздан бір жып-жылы тол­қын жүгіріп өткендей болады.

Сері Сәкен «Көкшетау» поэ­ма­­­­­­сы­­­­­­ның соңғы тарауларын Сырда жа­­­зып, «Тар жол, тайғақ кешу», «Жер қазғандар» туындылары, «Тұр­­­­­мыс толқынында» өлеңдер жи­­на­­­­ғы осы қалада баспа жүзін көр­­­ді. Бұл топырақ ақынның шы­ғар­­­­­ма­­­­­шылығын шыңдауға шабыт бер­­­­ген мекен болды. Осында Гүл­баһ­­­­­рам сұлумен шаңырақ көтерді. Қы­зыл­­­­­ордадағы қазақтың ағар­ту инс­­­­­ти­­­­туты ректоры қыз­ме­­тінде жү­­­ріп­ «Жыл құсы» альма­на­ғын шы­ғар­­ды.

Мәскеудегі Мемлекеттік журналистика институтын тәмам­дап, астанаға келіп еңбек еткен Ілиястың да көптеген шығарма­сы, Бейімбеттің «Қадір түнгі керемет», «Күлпәш», «Талақ», «Құла ат», «Шариғат бұйрығы» әңгі­­мелері топтастырылған әңгі­мелер жинағы, «Қос қақпан» пьесасы мен «Бөліс» поэмасы Қызылордада басылып шықты. Ол аз десеңіз, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ә.Мәметова, Б.Май­­лин авторлығымен 5-сынып оқу­шыларына арналған «Әде­биеттану оқу құралы» осы қалада ба­сылды. Қазір облыстық тарихи-өлке­тану музейі қорындағы осындай жәді­герлерді зерттеп жүрген жергі­лікті өлкетанушы Жұмабай Бай­зақ­­ұлы біраз шығарма төте жазу­дан бүгінгі қаріпке түсіріпті.

Несібесі кем ұлтпыз деп айта алмаспыз-ау, бірақ қолда бардың қаді­рін кеш түсінетін ел екеніміз анық. Соңғы 20–25 жыл ішінде талай тарихи ғимарат қира­тыл­ды. Әуелі кезінде Үкімет үйі бол­ған, кейін­нен жүйке аурулары ауру­хана­­сына қарасты мекеме орын теп­кен үй жермен-жексен болды. «Естіген құлақта жазық жоқ», маң­дайы жарқыраған талай мар­ғасқа­лар­ға мекен бол­ған ғи­ма­рат­­­тарды ғасыр­лар өтсе де міні құры­ма­ған сапа­лы кір­піш­те­ріне қызы­ғып бұз­ды­ дейтіндер бар.

Содан кейінгі кезек қазақ жы­ры­­ның Құлагері – Ілияс Жан­­­сү­гіров тұрған үйге келді. Бастап­­қыда іргедегі базар сауда­гер­­ле­рі­нің қоймасына айнал­дырып қор қылдық. Оны да аз көр­ген­дей артынша қабыр­ға­сын­дағы тақ­тай­шасымен бірге тас-талқанын шы­ғардық. Сәкен мен Бейімбет тұр­ған баспаналар өткен ғасырдың орта шенінде бұзылған болуы керек. Олардың орнына көпқабатты үй­лер салынып кеткен. Оны енді қылт еткенді қиып түсетін сәбет­тік саясаттан көрелік. Ал Ілияс­тың үйінен өз қолымыз өз аузы­мызға жеткен тоқсаныншы жыл­дардың соңында айырылып қалып отырмыз ғой. Қалқайған қабыр­ғаны қиратып тастау екінің бірінің қолынан келеді. Соның кем-кетігін түгендеп, аймаңдай азаматтарға арнап ескерткіш тұрғызып, мұраларына адалдық танытсақ, бізге кім қой дер еді? Сол сәтте «мұнымыз асылдарымыздың рухына жасалған зорлық емес пе?» деген ешкім болмағаны таңғалтады. Осы күні кезінде облыс деңгейінде басшы болған партия-кеңес қызметкерлерінің біразы көше атын иеленіп, түрлі мекеме алдына мүсіндері тұр. Соларға жасаған көл-көсір құрметіміздің шире­гін ұлт руханиятында төңкеріс тудырған осы үш арысқа көрсетсек, артық болмас еді ғой. Кеше тәні азапталып – қорлық, бүгін рухы мазақталып зорлық көретіндей бұлар не жазды? Барымызды бағалай алмаған өзімізден басқа кімге өкпелейміз?

Жарайды, өткенге салауат. Бірақ бар өмірі арпалыспен өткен арыстардың биылғы 130 жылдық мерейтойлары да елеусіз өтіп кеткелі тұр. Облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттама бас­қар­масы жасаған мерейтойлар тізбе­сінде бұларға арналған бар іс-шара кітапханалармен түйінделіп тұр. Қалалық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөліміне хабар­ласқанымызда, қазірше үш арыстың ғасырлық тойына байланысты ештеңе жоспарланып отырмағанын білдік. «Тек күзге қарай ұйымдастырылуы мүмкін» деген жауап алдық.

Ілияс Жансүгірұлы «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алс­ын кемеңгерді?» дегендей, тарихи тұлғалардың елге, тарихи шаһарларға сіңірген еңбегін лайықты көрсетуіміз керек-ақ.

 

Қызылорда