Қоғам • 17 Сәуір, 2024

«Жырыммен жұбатқым келеді»

38 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұжы­мы­ның­ ұйымдастыруымен ақын Әбілда Аймақтың туға­нына 70 жыл толуына орай «Жырыммен жұбатқым келеді» поэ­зия­ апталығы өтті.

«Жырыммен жұбатқым келеді»

Белгілі ғалым Мекемтас Мыр­­захметов «Ақындық сүйе­гіне біткен арқалы ақын» деп баға­лаған Әбілда Аймақты еске алуға арналған апталық туған жері Ордабасы ауданында баста­лып, оқушылар арасында өлең оқу­дан сайыс өтті. Сондай-ақ кі­тап­­хананың жылжымалы пункт­­­­терінде поэзиялық керуен ұйым­­дас­тырылып, кітап көрмесі және оқырмандар мен кітап­ха­на­­­шылар арасында автор­дың өлеңін оқудан арнайы флешмоб бас­тау алды. Ал Қ.Бектаев жалпы орта мектебінде ауданның Құрметті азаматы, Мәдениет қай­­раткері, «Құрмет» орденінің ие­гері, Халықаралық Физули атын­­дағы сыйлықтың лауреаты Әбіл­да Аймақтың туғанына 70 жыл толуы­на орай «Өлең ма­ған ғашық-ау, мен өлеңге» атты ес­ке алу кеші өтті. Іс-шара барысында әуезді ән шырқалып, мектеп оқу­­шы­­лары ақынның өлеңдерін оқыды.

итмтмтмтмт

Ақынның өміршең жыр шумақтары жұртшылық жүре­гінде жатталып қалған, 70-ке жуық өлеңіне ән жазылған. Ақынның жанын ұғып, әрдайым қасынан табылып, қолғанат болған жандар бас қосқан кеште Әбілда Аймақтың талғамы биік шығармашылығы мен өмір жолынан естелік айтылды. Ал шәкірттері ақын туралы тың деректермен бөлісті. 18 жасынан өлеңге қалам тартқан Әбілда Аймақ 22 жыл бойы Жазушылар одағының облыстық филиалын басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Оқыр­мандарына 20-ға жуық кітап сыйлаған ақын 60 жасында өмірден озды. Қаламгердің кітап қазынасы мен қолтаңбасын жалғаушы жас толқын ақын­ның өзі іргетасын қалаған «Темір­қазық» әдеби клубының жұмы­сын жандандырып келеді. Еске сала кетейік, Әбілда Аймақ респуб­ли­калық, облыс ақындары арасында өткен жабық конкурс, мүшәйраларда бас жүлде алды. Ал 2003 жылы Францияда өткен бүкіл Түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. Түркияда 2004 жылы өткен Түркі халық­та­ры ақын­дарының жабық конкурсында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Апталық қорытындыланған әдеби жиынды облыстық мәде­ниет және туризм басқарма бас­шы­­сы­ның орынбасары Ержан Иса­­таев ашып, кешке арнайы кел­ген ақынның жары Ақмарал Саты­­­бал­дықызына сый-сияпат көр­сетті. Өлеңдерінің бірінде:

«Мен өлген соң  бірдеңе болар ма екен,

Әлде дүние көркейіп оңар ма екен?

Баяғыдай байларың құдай­сынып,

Панасы жоқ кедейлер тоңар ма екен?», деген ақынның жары есте­ліктерімен бөліссе, неме­ре­ле­рі өлеңдерінен үзінді оқыды. Кеш қонақтары апталық жайлы ой­ла­рымен бөлісті. Сонымен қатар мектеп оқушылары ақын­ өлеңдерінен композиция ұсынды. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова жыл бойы Әбіл­да Аймақ оқулары облыс көле­­мінде жалғасатындығын жет­­кізді. Шараға белсене қатыс­қан­ оқу­шыларға алғысхат табыс етті.

 

Түркістан облысы