Сұхбат • 18 Сәуір, 2024

Айман Омарова: Зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама – Президенттің саяси шешімі

157 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамаға әйелдердің құқық­тары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды. Бұл заң­на­ма­лық өзгерістер қоғамға не береді? Ушығып тұрған зорлық-зомбы­лық ахуа­лына қандай серпіліс әкеледі? Біз белгілі құқықтанушы, адвокат Айман ОМАРОВАНЫ әңгімеге тартып, осы сұрақтардың жауабын білуге тырыстық.

Айман Омарова: Зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама –  Президенттің саяси шешімі

– Күні кеше Президент қол қойған заңдарды қоғам көптен күтті. Заңгер ретінде бұл өзгерістердің негізгі пай­да­лы тұстары жайында не айтар едіңіз?

– Бұл заңнамалық құжаттар қоғам­дағы отбасылық-тұрмыстық құқық бұзу­шылықтардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді деп үміттенеміз. Өзіңіз айтқандай, оның ішінде қоғам көптен күткен игі өзгерістер бар. Мәселен, бұрын денсаулыққа жеңіл зақым келті­ру мен ұрып-соғу әкімшілік құқық бұ­зушылық саналатын. Түсінікті болу үшін айта кетейін, ұрып-соғу дегеніміз – денсаулыққа зиян келтірілмеген, бірақ орын алған әлімжеттік әрекет. Енді бұдан былай бұлар қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауыстырылды. Алдымен айыппұл салынады, кейін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Бұл заңдарда абьюзерлерге пси­хологиялық көмек көрсету мәселесі қарастырылған. Заң жобаларын талқы­лаған жұмыс тобында депутаттармен бірге мен де болдым. Сонда бір депу­тат: «Біз әйеліне қол жұмсайтын қыл­мыскерлерге неге көмек көрсетеміз?» деген еді. Мен оған: «Заң бойынша жаза­лаудың мақсаты – оны өлтіру не қорлау емес, адам қатарына қосу, тәрбиелеу. Соның бір жолы – психологиялық көмек. Абьюзер де осы қоғамның бір мүшесі, өз арамыздан шыққан адам. Біз оларды түрмеге тоғыта бермей, қайта тәрбиелеуге де назар аударуымыз керек», деп жауап бердім.

Ал заңнамаға енгізілген өзгерістердің ең бастысы – жасөспірімдерге қарсы жыныстық зорлық-зомбылық көрсеті­летін болса, бірден өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайын­далады. Бұған дейін мұндай жазалар қолданыла бермейтін. Сізге бір-екі мысал айтайын. Өткен жылы Қарағанды облысында екі өгей қызына сексуал­ды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсет­кен ер адам өмір бо­йына сотталды. Оның мұндай жаза алуы­на бұған дейін де сотталғаны себепші болған еді. Яғни ол рецидивист ретінде ең жоғары жазаға лайық деп танылды. Ал шығысқазақстандық З. есімді азамат өгей қызын зорлағаны үшін 17 жылға ғана бас бостандығынан айырылды. Егер бұл істер кешегі заң қабылданғаннан кейін орын алғанда екеуіне де бірден өмір бо­йына бас бостандығынан айы­ру жазасы тағайындалар еді. Заң күшіне енгеннен кейін бұдан былай осындай қылмыстар жасалса, адамның бұған дейін сотталған-сотталмағанына қарамастан, бірден ең ауыр жазаға кесілетін болады.

– Егер бір адам осы сипаттағы қылмысын кешегі заң қабылданғанға дейін жасап, алайда қылмысы заң қабылданғаннан кейін анықталса, оған қандай жаза қолданылады?

– Жаза қылмыстың белгілі болған уақыты емес, жасалған уақытындағы заң бойынша қаралып, тағайындалады.

– Сіз осындай қылмыстық істермен тікелей айналысып жүрген адамсыз. Қазіргі таңда елімізде педофилдік оқиғалар қаншалықты жиі болып жатыр?

– Өкінішке қарай, ел ішінде айтуға ауыз бармайтын небір оқиғалар болды. Мен сізге жоғарыда екі адамның оқиғасын айттым. Олар – өзде­рінің өгей қыздарын зорлағандар. Соны­мен бірге туған қыздарына сексуалды сипаттағы зорлық көрсеткен адамдардың істері де бар. Оларға әлі соттың үкімі шықпағандықтан, аты-жөндерін айтуға болмайды. Мысалы, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында өзінің туған екі қызын, бірін 10 жасынан, екіншісін 16 жасынан бері зорлап келген ер адамның ісі қаралып жатыр. Осындай оқиғалар көп. Бірақ қоғамда ондай құбылыстардың орын алып жатуы бәрімізден жайбарақат отырмауды талап етеді.

Жалпы, мұндай жантүршігерлік қыл­мыстар бізде ғана емес, басқа да елдерде бар, бұрын да болған. Бірақ бұған дейін оны көпшілікке айтуға ұялып, елдің сөзінен қорқып жасырып келген. Енді мына қабылданып жатқан заңдардың пайдалы тұсы, бізге осындай аса ауыр қылмыстарды жасырмай, ашық айтып, қылмыскерге тиісті жазасын беруге мүмкіндік ашып отыр.

– Біздің білуімізше, тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне әйелі күйеуі­не материалдық тұрғыда бағы­нышты отбасыларда болады. Яғни оның баратын жері жоқ, жұмысы жоқ, сон­дықтан абьюзер әйелінің осы жағ­дайын пайдаланып, ойына келгенін істейді. Енді заң қатаңдатылғаннан кейін күйеуі ұсталып кетіп, отбасы та­быссыз қалмауы үшін әйелдері қыл­мыс­ты жасырмай ма?

– Негізі зорлық-зомбылық әйелі күйеуіне бағынышты болсын-болма­сын, кез келген отбасында жасала бере­ді. Алайда өзінің жұмысы, табысы бар әйелдер бір-екі рет ұрғаннан кейін күйеуінен кетіп қала алады. Ал баратын жері жоқ әйелдер үшін отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленіп отыр. Негізі, айтылып жататын түрлі статистикаға сенім жоқ. Осы заңдар қабылданғаннан кейін зорлық-зомбылық оқиғаларының саны артуы да, кемуі де мүмкін. Алайда ең бастысы – сан емес, адамдардың осы қылмыстарға қатысты санасының өзгертуі. Біреулер жазаның ауырлығын көріп қорқады, енді біреулері тәубе­сіне келер. Бір сөзбен айтқанда, Прези­дент пәрменімен қабылданып отырған заңдар ел ішіндегі келеңсіздіктердің жүгенделуіне мүмкіндік береді деп үміт­тенеміз.

– Зорлық-зомбылық пен педофилия дегенде біз көбіне ер адамдардың қылмыстарын еске аламыз. Ал әйелдер арасында да абьюзерлер мен жас жеткіншектерге сексуалды сипатта тиісетіндер бар ма?

– Ондайлар бар. Қабылданған заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың құрбаны ретінде тек әйел адамдар қарастырылады деп түсінбеуіміз керек. Олардың арасында ер адамдар да болуы мүмкін. Шын мәнінде, ондай оқиғалар кездеседі. Біз АҚШ-қа тәжірибе жинақтау мақ­сатында барғанда сол жақтың дағдарыс орталықтарындағы ер адамдарды да көрдік. Әйелі тарапынан қысым көріп, осы жерге келген. Біздің елімізде ер адамдардың зорлыққа ұшырауына қатыс­ты көзқарас басқаша екенін білесіз. Әйелінен жапа шеккен, түрлі қысымға ұшырайтын ер адамдар жоқ емес. Алай­да оны айтуға ұялады, намыстанады. Қоғамның сөзінен қорқады. Соның салдарынан кейбір ер адамдар өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін.

Ал педофилияға келсек, елімізде әйел педофилдер де бар. Бірақ олардың қылмыстарын көбіне тіркемейді. Мен өзім куә болған оқиғаны айтайын. Семейде күйеуі қайтыс болған әйел өзінің екі қызына жыныстық тұрғыда тиіскені белгілі болып отыр. Үлкен қызы 18 жасқа толғаннан кейін ғана сол жағдайдың бәрін айтып берді. Бірақ ол істі басқа баппен тіркеп, кейін жауып тастады. Дегенмен педофил ерлерге қарағанда әйелдер арасында мұндай ауытқулар аз.

– Жоғарыда сіз абьюзерлерге пси­хо­логиялық ықпал ету жайында айт­тыңыз. Жалпы, осы тұрғыда діни бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс істеп, рухани тұрғыда насихат айтып, тәрбиелесе бола ма?

– Әрине, болады. Мұндай жұмыстың отбасына ойран салатындарға әсері жақсы болады деп ойлаймын. Алайда діни бірлестіктердің өкілдерімен жұмыс істегенде олардың өз ұстанымдарына да қарау керек.

Тағы бір айта кетер мәселе, мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесімін. Осы комиссия тарапынан «Samruk-Kazna Trust» қорының қолдауымен One Stop  service – «Бір қадам» орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Осы орталықта да отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек көрсетіледі.

Нильс Кристи деген норвегиялық криминолог-жазушының айтуынша, қылмыс деген тұрақты бір ұғым жоқ. Қылмыс – белгілі бір әрекет, олар қоғамның бағалауымен ғана қылмыс санатына кіреді. Сол айтқандай, біз қазақ қоғамында құқыққа қайшы көп әрекетті осыған дейін қылмыс санамай келдік. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай, денсаулыққа жеңіл жарақат келтіру, ұрып-соғу, т.б. Бірақ соңғы жылдары жағдайдың күрделенуіне байланыс­ты қоғам оларға дұрыс бағасын берді, Президент заңдарға өзгерістер енгізіп, қол қойды. Саяси шешім шығарылды. Бұл – еліміздің заманауи әділ қоғам болып қалыптасуы бағытында алға жасалған келесі бір үлкен қадам.

– Иә, өзгерістер енгізілді. Енді ол қалай жұмыс істейді деп ойлайсыз?

– Бүкіл жұмыстың бәрі енді басталады. Біздің құқық қорғау органдарымыздың қызметкерлеріне алғашқыда оңай болмайтыны белгілі. Өйткені көпшілігі жаңа өзгерістерге дайын емес. Дегенмен көш жүре түзеледі.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»