Пікір • 17 Сәуір, 2024

Қылмысқа төзбеушіліктің тегеуріні

28 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Бұл заңдар бір топ Парламент депутат­тарының бастамашылығымен әзірленді.

Қылмысқа төзбеушіліктің тегеуріні

Заңның негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиімділігін арттыру. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық және тұрмыстық құқық бұзушылықтар толастамай тұр. Оның ішінде, абьюзерлер тарапынан әйелдері мен балаларын аса қатыгездікпен ұрып-соғып жатқан фактілерді жиі байқаймыз.

Қалыптасқан жағдайлар өскелең ұрпақтың психикасына кері әсер ететіндігі және олардың дамуын тежейтіндігі сөзсіз. Сондықтан бұл мәселелерді рет-ретімен шешу мақсатында елімізде әлеуметтік бағыттағы құқық бұзушылықтарды қатаңдату үшін бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр. Ашып айтсақ, Ішкі істер министрлігі құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылды. 2021 жылы олардың штат саны 256 бірлікке дейін ұлғайтылған еді. Мұндай лауазымдар қазір әрбір қалалық және аудандық полиция органында бар. Сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу бойынша әйел тергеушілердің мамандануы енгізілді.

Қабылданған негізгі заңмен 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Заңдармен кәмелетке толмағандарды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүр­леп түсіру және басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауап­кершілік белгіленеді. Мұның барлығы мемлекеттік дең­гейінде заң мен тәртіптің қатаң сақталу қағидаты дәріп­телуіне, ал қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілікті орнатуға бағытталған. Бұл – құқықтық қоғам құру жолын­дағы тегеурінді қадам.

 

Бекбол ОРЫНБАСАРОВ,

Сенат депутаты