Қоғам • 18 Сәуір, 2024

Алыстағы ағайын көмек қолын созды

110 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһанда атамекенінен жырақта, жан-жаққа тарыдай шашылған халық көп. Олар дүниенің қай шетінде жүрсе де, қандастарына қашанда тілеуқор. Мұндай жосық біздің қазақта да бар. Жай күнде жүз шайысып жүргенімен, басына екіталай күн туғанда бірігіп, жұдырықтай жұмылып кетеді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді халқымыз. Соның куәсіндей еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен жұртқа алыс-жақын шетелдегі қандастар қолұшын беруге ұмтылып жатқаны қуантты.

Алыстағы ағайын көмек қолын созды

Ердің ерлігі, елдің елдігі сыналатын шақта ел ішіндегі азаматтар да аянып қалған жоқ. Қазір судан зардап шеккендерге ерікті азаматтардан 1 713 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Оның 1 320,4 тоннасы өңірлерге жеткізілді. Бұған қоса шетелдегі ағайындар да қор ашып, қолұшын беруге бекініп отыр. Тіпті гуманитарлық көмектің алғашқы легі жолға шығып та қойды. Мәселен, Ресей қазақтары Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдай­ға байланысты гуманитар­лық көмек жинап, алғашқы легін бес «ГАЗель» жүк көлігімен (ауызсу тиелген) Омбыдағы «Иман» мешітінен Петропавлға жөнелтті. Ал Астрахань қазақтары Атырау және Құлсары қалаларына сегіз «ГАЗель» жүк көлігімен гумани­тар­лық көмек жеткізді.

«Су тасқынының алдын алу шаралары үшін қажетті қап, күрек, қайық сияқты керек-жарақ­тар мен азық-түлік жеткі­зіл­­ді», деп хабарлады «Отандастар қорының» баспасөз қызметі.

Ал Өзбекстандағы «Дәстүр­ге жол» қазақ аналары ұйы­мы­ның төрағасы Клара Садыр­баева ханымның айтысына қарағанда, ондағы ағайындар да гуманитарлық көмек жинап жатқан көрінеді.

– Біз атамекенімізде болып жатқан осынау қиын жағдайда демеу болып, қандастарымызға қолдау білдіреміз. Мемлекет басшысы алапат күшке тойтарыс беруі үшін бар күшті салып, қарекет жасап жатқанынан хабардармыз. Сондай-ақ өте әсерлі сәті, мемлекеттік құрылымдар ғана емес, қарапайым азаматтар мен тұрғындар жұ­мы­­лып, су тасқынына тос­қа­уыл болып жатыр. Бұл – бір­лік пен ынтымақтың ажырамас бөлігінің айқын көрінісі. Ел­дің ірі кәсіпорындарымен қатар, Қазақстан азаматтары жылу жинап, миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Көрші елдер мен бауырлас мемлекеттер гуманитарлық һәм қаржылық қолдау білдіруге әзір. Біз осынау қиын-қыстауда моральдық һәм рухани демеу көрсетіп, осынау кезеңнен аман шығуына шын жүректен тілек­шіміз, – дейді К.Садырбаева.

АҚШ-тың Вашингтон, Мэри­ленд, Вирджиния штаттарын­да тұратын немесе уақыт­ша жұмыс істейтін отандастарымыз Қазақстан-Америка қауым­дас­тығына топтасқан. Олар аме­ри­калық банктен есепшот ашып, арнайы қор құрыпты. Соны­мен қатар қорға жергілікті тұрғындар да атсалысып жатқан көрінеді.

– Қайырымдылыққа ақшаны қалай аударуға болады деген сұрақ­тар көп болғандықтан, біз Қазақстан-Америка қауым­дас­ты­ғының атынан қор құрдық. Бір жағынан, бұл қаражаттың қайда кетіп жатқанын нақты білуге және алаяқтарға алданып қалмау үшін жасалды, – дейді қауым­дас­ты­қ төр­ағасы Расул Ешпаев.

Ал АҚШ-тың Чикаго қала­сын­да­ғы «Qazaq center» ұйымы да елге көмек ретінде «Gofundme»  платформасы арқылы қаржылай көмек жинайтынын хабарлады.

– Жиналған қаражат елі­міздегі тасқын судан зардап шеккен ай­мақ­тарында жұмыс істеп жат­қан ұйымдарға тіке­лей аударылады. Олар қиын жағдайда тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, – дейді белсенді отан­дастарымыз.

Сонымен қатар Оңтүстік Кореядағы Қазақ қауымдастығы да Пусан қаласындағы Қазақ­стан бас консульдығымен бір­лесіп, Кореядан елімізде су тасқы­нынан жапа шеккен өңір­лерге гуманитарлық көмек ұйым­дастырып жатыр. Оның ішін­де гигиеналық заттар, төсек жабдықтары, рәзіңке етік, балалар киім-кешектері мен балалар аяқкиімі бар. Ал Димаш Құдай­бер­геннің Ұлыбританиядағы жанкүйерлері Қазақстан халқына көмектесуге әзір. Бұған қоса Германия астанасы Берлиндегі отандастарымыз гуманитарлық көмек жинап жатыр. Өткенде Қызжібек Дәулетқызы есімді блогер «Тик-Ток» желісі арқылы Қытайдағы қандастардан қар­жы­лай көмек жинап, Ақтө­бе­дегі ағайынға жеткіз­ген еді. Оның айтуынша, көмек көр­сет­кендер тек Қытайдағы қазақтар екен.

Сондай-ақ Моңғолиядағы қан­дастардың атажұрттағы та­би­ғи апаттан зардап шеккен ағайын­дарға көмек көрсетуге өте бел­сенді жұмылып жатқанын айтады сонда сапармен жүрген әріптесіміз Бүркіт Нұрасыл.

– Моңғолияда бірнеше қоғам­дық ұйымдар қор ашып, қаржы жинап жатыр. Бай-Өлке, Қобда аймағындағы қазақтармен қатар Моңғолияның барлық жеріндегі ағайын көмегін аяп жатқан жоқ. Бір қызығы, Бай-Өлкедегі полицей қызметкерлері 1 млн төгрөг көлемінде қаржы аударса, бюжет­тік мекеме қызметкері де ай­­лықтарының бір бөлігін беріп жатыр екен. Барлық жиналған қаражат Моңғолиядағы Қазақ­стан елшілігі арқылы қар­жылай жібе­ріл­м­ек, – дейді ол.

Бай-Өлке аймағының Өлгей қаласындағы №1 мектебінің Жанар Ясымханқызы жетекшілік ететін 6-сыныбының оқушылары еліміздегі су тасқынына ұшыраған аймақтарындағы балаларға арнап 200 мың төгрөг жинапты. «Күнделікті кәмпит-тәтті алатын ақшамыздың артылғанын жинап, атажұрттағы достарымызға жіберуді ұйғардық. Біз сендермен біргеміз!» дейді оқушылар.

Қорыта айтқанда, «Қазақтың қазақтан өзге жанашыры жоқ» деген сөзге қалай иланбаймыз? Әр жерде жүрген ат төбеліндей ағайын атамекендегі апатты жағдайға бейжай қарап қалмай, қара шаңырақтың шай­қал­мауына қашанда тілекші екенін білдірді. Ол көмек көп­ші­лікке я жетер, я жетпес. Мәселе онда емес. Алыстағы отан­дас­та­ры­мыздың көңілі жетті. Алапат өртке қанатымен су сепкен қар­лығаштай қамқорлық қылған балдырғандардың да темірқазығы қайда екенін білдірсе керек.