Туризм • 19 Сәуір, 2024

Көкшедегі жұмақ жер

35 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Көкмұнар сағымға оранған ерке Көкшенің бар сұлулығы, ғажайып сымбаты, қайталанбас көркем көрінісі «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аймағына самал желдің желпуімен көшіп келіп, бауырлай қонып, біріге тұтасып жатқандай көрініс береді.

Көкшедегі жұмақ жер

Зеренді, Шалқар, Имантау, Айыртау атырабының тұңғыш көрген жан таңға­ларлық сұлулығы таулы-орманды ландшафтары мен Зеренді, Шалқар, Имантау, Саумалкөл көлдерінің акваториясы әдемі де ажарлы ансамбль құрап жатыр. Көзі көріп, көңілі сүйсінген жалпақ жұрт осы бір алтын жіппен әдіптеп зерленген ажарлы аймақты Швейцариямен салыстыратыны бар. Бәлкім, шебер суретшінің бар талантын тауысып салған көркем суреті тәрізді ландшафтары егіз қозыдай ұқсас болар. Далалық аймақтарында ұйыса біт­кен бетегелі, ақселеулі өсімдіктер дү­ниесі алма-кезек қайталанып отырады.

Көркем сұлулық қана емес, қойнауы толған қазына. Саябақ аумағында рес­публикалық маңызы бар 13 табиғат ескерткіші бар. Парк ұжымы олардың әрқайсысына туристік бағыттар ашып отыр. Көркем табиғаттың қойнауына келг­ен жан сұлулығына сұқтанып қана қоймай, рухани нәр алмақ, көкірегіндегі қыздар тіккен кестедей кестеленіп жатқан байлықты еселей түспек. Бәлкім, содан ба екен, алыстан ат арытып жететін ойлы да ізденімпаз меймандардың әдейілеп келіп, иен байлыққа шөлін қандыратын жері. Әне, анау көз ұшында көкторғын сағымды сәл ғана сілкісеңіз, ғажайып бей­несі жарқ ете түсетін Айыртау шо­қысы қозыкөш жерден менмұндалап, қойнауына шақыратындай. Айыртау ауы­лынан батысқа қарай беттесеңіз, он екі шақырым қашықтықта орналасқан екі жота табиғат тамашасына тояттар еді. Жалғыз сұлулығымен ғана емес, есті жанды елітетін естелігімен. Мына бір ғажапты қараңызшы, екі жота шамамен үш жүз метрге дейін қойындаса құшақтасып барады да, қақ айырылады. Ал түпкі етек, әлде тамыр дейік пе, қос жотаның қо­йындасқан тұсы жұмырлана бітіп, кірігіп кеткен. Ел есінде қалған әдемі аңыз былайша сыр шертеді. Есте жоқ ескі кезең. Қазақ даласының қазынасына кімдер қызықпаған? Жау-жарағын асынып жаман ойлы басқыншы жау тап бермей ме? Міне, сол кезде ағайынды екі батыр ат жалына қонады. Ақ сауыттары жарқылдап, ажал аңсаған сұр жебелер сәуірдің сұрапыл жаңбырындай жауды дейді. Қарасы қалың, мұздай құрсанған басқыншы жау қазір-ақ тізе бүктіреміз деп ойлағанымен, ел үшін еңіреп туған ерлердің тұла бойында таусылып бітпес қажыр-қайрат пайда болып, ат үстінен түспей, апталап соғысады. Басқыншы жауды баудай түсіреді. Әйтсе де бірінің артынан бірі ерген, құмырсқадай қаптаған жау таусылып бітер емес. Күн қанталап атып, ай қызарып батып, тұл­пардың дүбірінен сайын даланың жауырыны бүлкілдейді. Қаныңды қыздырып, жүрегіңдегі отты жалын аттырған есті естеліктің шарықтау шегі осы жерге жеткенде еріксіз бармағыңды тістетеді. Әлгі ағайынды қос батыр жебе оғынан метр болыпты. Ел үшін опат болған есіл ерлер-ай десеңізші. Мына ғажапты қараңыз, жер үстінен мүлдем жоғалып кетпеген үлкенді-кішілі төбелерге айналыпты. Бір-бірінен мәңгілік айырылмастай құшақтары айқасып, қос шоқыға айналған. Осы бейнесімен кейінгіге ой салып тұрғандай. Ой болғанда қандай, арғы астарында туған елі, ыстық топырағы, сүйікті Отаны үшін опат болған ерлердің сүйкімді де сүйікті бейнесі ел есінен ешқашан өшпейді, дәл осылай биіктен қарап байтақ елге ерлік пен өрлікті үлгі етіп тұрады дейтіндей. Алаштан асып туған ардақты ағалары ажалға қияр жандар ма еді? Қапылыста болған қазаны қарындасы да аһ ұрып, аза тұтады. Күні-түні жылау. Сол көз жасынан оймақтай ойпаңда тұзды көл пайда болыпты. Дәмін татсаңыз, тіліңізді қуырып, шерге бөккен шежіре дәл құлағыңның түбінде сөйлеп қоя беретіндей.

мси

Аңыз да ақиқаттан құралған. Құдды әлгі қос шоқы іспетті. Бірін-бірі құшақтап, мағына үстеп, мазмұнын байытып тұра­тындай. Осы өлкенің көне тарихын көкі­регіне қаптаған ақсақалдардың айтуынша, батырлардың білегінен аққан, жүрегінен аққан қаннан жеміс-жидектер пайда болыпты. Көптігі сондай қырық күн шілдеде орман аралаған салт атты жолаушының көлігінің тұяғы қып-қызыл болып жеміс сөліне боялып қалады екен.

Ел назарын өзіне аударатын айдай ажарлы, көркем мүйістің бірі – Көкарал. Ел жайын екшеген есті әңгімеде шамамен VІІІ ғасырда көл суының тартылуы се­бепті пайда болса керек. ІХ ғасырда зерлі Зеренді өңіріндегі күміс тостағанға құйған зәмзәм суындай толықсып жат­қан Зеренді көліндегі түбекке айналған. Кіндігіне байланған керемет аңыз да бар. Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көл­дер мен қолдың саласындай ақ қа­йыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкер­ген жер жәннатының бауырында пайда болған әдемі аңыз лүп еткен самал желмен Бурабайдың биігіне көтеріліп, Оқ­жетпестің шыңына байланып қалғандай. Жадыраған жазда ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ішіндегі мың сан құс осы аңызды шертіп, Алаш даласына таратып жатқандай. Аңыз былай дейді: осы өлкеде ай десе аузы, күн десе көзі бар хас сұлуға жас қайыңдай сол­қылдаған жігіт есі кете ғашық болады. Қай заманда да шын ғашықтардың жолы ауыр. Ара­ларында әлдебір түсінбестік болды ма екен, екі жастың ата-аналары ғашық­тардың жолына кесе-көлденең түссе керек. Ма­хаббаттың алаулаған маз­дағы жан­дарына жай тап­тыр­маған екі жас ел ішінен қашып шы­ғып, қойнауы құстың ұясындай жылы Көкаралды паналамай ма? Намыстанған ата-анасы ат жалын тар­тып мініп, қолына шоқпар ұстай алатын тәмам жігітті атқа қондырады. Ата сөзін елемегеннің сыбағасы дайын. Үкімді орындағандарға ат басындай алтын сыйға берілмек. Әйтсе де қос мұңлықты қойнына алған Көкарал атан түйені жасыратын шалғынымен қымтап, ақ қайыңның жүрекше жапырағымен көлегейлеп, таптыра қоймайды. Міне, сол кезден бастап бұл жер – ғашықтардың мекені. Бірін-бірі өліп-өшіп ұнатқан ғашықтардың табаны осы жерге тисе, төтеннен келер қырсықтан пышақ кескендей құтылады дейтін ұғым бар. Осы әдемі аңызды сүйегіне сіңірген қазіргі жастар табиғаты тамылжыған таң­ға­жайып түбекке келуге, күміс толқын­дары жағалауға асыққан Зеренді көліне шомылуға құмар. Көл жағасындағы Қыр­қабау шоқысына көтерілсеңіз, зергер зерлеген Зерендінің бар сұлулығы тұп-тура алақаныңыздағыдай көрінер еді.

сми

Иә, бұл шоқыдан әйгілі Айыртау аты­ра­бы да, алтынмен зерлеп, күміспен күп­теген көркем келбеті де көрінеді. Тек көре білетін көз керек. Әне, аттанар жа­ғыңдағы Аяқ көлдің жағасымен көктей өтіп, Жеке көлдің толықси толқыған сыл­дырына құлақ түріп, асықпай-ақ аяң­дасаңыз, жақсылар ұшқан жасыл тау – Сырымбеттің бауырына ілігесіз. Онда әйгілі Айғаным ханшаның қонысы бар.

Асқары көк тіреп, құзар шыңдары қазбауыр бұлттың желкенін жұлмаламаса да, атақ-даңқы әлемге мәшһүр тау. Біле­тіндердің айтуына қарағанда, геогра­фиялық өлшем есебімен тау санатына да жатпауы мүмкін. Әйтсе де бауырынан жақсылар түлеп ұшқан, ұл-қызы даңқын төрткүл дүниеге мәлім еткен тау бауыры көздің жауын алатын ғажайып табиғатымен ғана емес, сол Алашқа ардақты ұл-қыздарының кіндік қаны тамып, ержеткен өлкесі, аялар ақ бесігі болғандықтан да сүйікті. Тура тау етегін бөктерлеп Айғаным ханша қыстауына апаратын жолға іліктік. Кешегі кеңес заманында оқтай түзу, тақтайдай тегіс жол еді, күтімсіздіктен ойдым-ойдым қазан шұңқырлар пайда болыпты. Аттанар жақ қапталда атақты Құмдыкөл. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, әнебір заманда күмістей суы толқып жататын ғажап таза, суы бал, жағасы шүйгін көл болса керек-ті. Қазір жағалауын ре­пейсіз өскен қа­лың қамыс жауып кеткен екен. Ұшса көктің жүзін жабатын, қонса жердің жүзін жабатын қаз-үйрек жыртылып айырылатын, күміс көлдің ажарына қ­амыстан кіреуке түскен көрінеді.

Айғаным – Абылай хан­ның тұңғыш ұлы Уәлидің кіші әйелі. Яғни ол атақ-даңқы әлемге тараған, ал­ты Алаштың басын қосып ел еткен, ақыл-парасатына тең келер жан жара­тыл­маған ұлы Абы­лайдың келіні. Жа­­ратылысынан айрықша дарынға, ерекше бітімге ие болған, артына өлмес-өш­пес мұ­ра қалдырған, мынау ж­арық дү­ниеден құй­рықты жұлдыздай жарқ етіп ағып өткен ғұлама ғалым Шоқанның әжесі. Оның әкесі – Шыңғыс сұлтанның туған анасы. Негізінде әуелі ел арасында өзінің айрықша ақы­лы­мен, көріктілігімен, білімділігімен, пара­саттылығымен ханша атанған. Жалпақ жұрттың қошеметі мен құрметіне ие болған. Тегі – Құдайберлі Бәйімбет, руы – Атығай. Өз әкесі – Сарғал­дақтың арғы жағы әйгілі Мәлім Қожа. Шынтуайтын айтқанда, Айғаным төре тұқымына жатпайды. Әйтсе де «қарадан шығып хан болған» демекші, дархан табиғат сыйлаған, Жаратқан ием маң­дайына тарту еткен тағдыр-талайы ханшаны шырқау биікке көтерген. Сөйтіп, сол тұстағы қазақ әйел­дері арасында ірі қоғам қайраткері дәре­жесіне көтеріліп, жалпақ елді басқару тіз­гініне ие болуы осы сөзімізді тірілте тү­сер еді. Және бір ерек­ше сипаты – ұла­ғат­­ты ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген әйел-ана. Өзінің ұлы Шың­ғыстан бастап балала­рына орыс тілінде білім алуға ықпал етіп, тәлімді тәрбие берген. Білім мен өнер­ді қасиет тұтқан ханшаның өзі де қазақ және орыс тілдерін өте жетік білген көріне­ді. Оған қызмет бабындағы әртүрлі жазбаша құжаттардың тәртібі дәлел бола алады.

мит

Негізінде Уәлиханның екі қыстауы болған деседі. Оның бірі Бурабай ма­ңындағы Ханның Қызылағашы деп аталатын қыстау да, екіншісі кіші әйелі Айғанымнан тарайтын ұрпақтардың ен­шісіне тиген. Дәл осы арада анау тау бауырынан басталып Жарқынның жалпақ даласына ұласатын қайыңды, қарағайлы, құйқалы өңірді мал-жанына өріс еткен Айғаным ханша Әбден, Мәмке, Шепе, Ханқожа, Әлжан есімді ұлдар мен Рақия, Нүрилә атты екі қыз тәрбиелеп өсірген.

Тарих айтады: 1920-1930 жылдары Қа­зан төңкерісінен кейінгі дәуірде әлдебір содырлар осы қонысты қиратқан, әбден бүлдірген. Ал қалған бөренелерінен 1930 жылы Саумалкөл селосында клуб үйін салыпты. Сөйтіп, төңірегіне ай нұ­рындай сырбаз сәуле себезгілеген Айғаным хан­шаның мекенжайы 1993 жылға дейін қаңырап бос жатты. Көне жұрты ғана. 1985 жылы Шо­қан Уәлихановтың рес­публикалық тарихи-этногра­фиялық мұ­ражайы ашылды. Сол тойдың қар­саңында Сы­рымбет селосы бір жасарып қалды. Қазақтың «Жақсы әкенің аты – балаға қырық жыл азық» дейтіні рас. Қырық жыл ғана емес, жүз жыл өт­кесін де, жүз елу жыл өткесін де жақ­сылық шара­паты тиіп жатыр. Сол тойдың тұ­­­сында Сырымбет бау­райындағы аңыз-ертегіге ай­нал­ған Уә­лиха­нов­тар қонысын қай­тадан қалпына кел­тіру жұмыстары жүр­гізілді. Негізінен Шо­­қанның ата қо­нысы туралы салған су­реттері басшылыққа алынды. Сөйтіп, ел игі­лігіне жаратылған қара қоныс сырлы

Сырымбеттің баурайында өзінің қай­таланбас ғажайып кейпімен сыр шертіп тұр. Қазір мұнда Шоқанның тарихи-этнографиялық мұражайы мен Ай­ғаным мекенжайы біріктіріліп, Сырым­беттегі мұражай кешенін құрап отыр. Мұ­ражай қызметкерлерінің айтуына қара­ғанда, тоғыз мыңға таяу экспонат бар екен.

см

Сырымбеттің баурайынан аттансаңыз, етпісірім уақытта Имантау қылаң берер еді. Имантау ауылынан шамамен төрт шақырым жерде Тасарал деп аталатын әдемі бір мүйіс бар. Құс қанаты жететін биіктен тамсана көз салсаңыз, құтты жүрек пішіндес. Жапан даланың төсіне ғайыптан тайып түсіп қалған бір шөкім жақұттай жарқыраған аралда қазақ даласында өте сирек өсетін арша өсіп тұр. Семіз тоқтының жүніндей тұтаса біткен қазақ аршасының бұйығы бұталары жағалауды құрақ көрпедей көмкеріп, керемет сән бе­реді. Шөкімдей аралда сан алуан өсімдік өседі. Кәдімгі қарағай, сақалды қайың, шие, таңқурай дейсіз бе, толып жатыр. Әне, бауырын жерден көтермей сұр жылан жорғалап барады. Жағалаудың тайыздау жерінен су жыланның сұлбасы көрінеді. Осы бір табиғаттың тамаша үйлесімі көңіліңді көтергені сондай, жаңағы дендропарктен көргенің ойыңа қайта оралады. Таратып айта кетейінші, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізі 1904 жылы қаланған.

– Бұл – ұлттық парктің Айыртау филиа­лы, – дейді парктің бас директоры Ербол Сағдиев. – Жалпы аумағы 28,9 гектарды алып жатыр. Жүз жылдан астам тарихы бар екпе ағаштарына байқау жүргізіп отырамыз. Мұнда қарағай, шырша, балқарағай, қайың, көктерек, ұсақ жапырақты жөке, татар үйеңкісі, ұшқыр жапырақты үйеңкі, бұта тұқымдастардан сары акация, жұ­паргүл, күнжара, таңқурай, қара және алтын түстес қарақат, аюбадан, тошала өседі. 1962 жылдары отырғызылған жеміс бағы – жалпақ жұрттың сүйікті орны.

Былайғы жұрт біле бермейтін тағы бір тарихи ескерткіш – орман күзет­шісінің қонысы. 1898 жылы әскери жұмыс­­шылардың типтік жобасы бо­йынша салыныпты. Қазақстан аума­ғында осындай ғимараттың қырыққа жуығы тұрғызылған екен. Қазір екеуі ғана сақталыпты. Бірі «Көкшетау» паркінің Зеренді филиалының қойнауында болса, екіншісі Қарқаралы ұлттық паркінде. Орманшылық қоныстары 1882 жылдан кейін жер және мүлік министрілігі ұйымдастырған қазынашылық орман­шылықтарда болғанға ұқсайды. Қоныспен бірге қызметшілерге арналған үй, ат қора, құдық және жертөле болған екен. Осы қоныстардың жанында кішігірім дендропарктер орналастырылған. Орман күзетіне арналып үй салынған. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін қаймағы бұзылмай тұрған деседі.

Жұмақ жердің жылнамасы бір ма­қаланың шеңберіне қайдан сыйсын? Бетінен қалқып алғанымыз осы.

 

Ақмола облысы