Кино • 18 Сәуір, 2024

Аралдағы ар азабы

31 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұл кім өзі? Қарақан басының қамы үшін Отанын сатқан опасыздың бірі ме? Жоқ. Ертелі-кеш құдайды ұлықтап, дімкастарға дем салатын монас­тырьдағы момын пірәдар ма әлде? Жоқ. Тепсініп тентектік көрсететін әумесер әулекі ме, қара қылды қақ жаратын дау шешер данышпан ба? Оған да жата қоймайды. Бұл кім болды сонда? Пенде? Періште? Сайтан? Ешқайсысы да емес. Бұл – рух. Бұл – толассыз күрестің арқасында қол жеткізген тап-таза рухтың иесі хақында баян.

Аралдағы ар азабы

2006 жылы жарыққа шыққан режиссер Павел Лунигиннің «Арал» фильмін киносыншылар күрмеуі күрделі катарсистік халдің көркем рәмізі деп баға берген. Онда ар жүгін арқалаған тарамыс тағдыр иесі­нің тауқыметі туралы баяндалады. Адам ал­дын­дағы кінәдан күңіренген күйзелісі, құдай алдындағы күнәдан уһілеген бейта­ғат жаны сипатталады. Мұнда рухтың жаңғыруы мен оның мәңгілігі сөз етіледі. Ақыры ұяттың суымен жүзін жуған ұждан­ды ердің ұлағаты ұлықталады.

Фильмнің желісі жеңіл болғанымен, айтар ойының салмағы табыттай ауыр. Жас солдат Анатолий Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жау қолына тұтқынға түседі. Маңдайына тапанша кезеніп тұрған ол өзінің командирін өлтіруге мәжбүр болады. Ол енді қалған ғұмырын айдаладағы аралда естанды жатқан жерінен та­уып алған монастырь қызметкерлерімен бірге өткізеді. Қатар құлшылық қылады, Жаратқаннан кешірім тілейді. Қартайған шағында командирінің де ажалдан аман қалғанын білген ол көп ұзамай фәниден бақиға үміт етеді. Бірақ тәңірлік әлемнің табалдырығын аттамас бұрын, ішіне жын кіріп кетіп, маза бермеген Тихон Петровичтің немесе Анатолийдің кезіндегі командирінің қызын дертінен айықтырады.

Ықылым заманнан бері адамзаттың ар кітабында сатқындық ең ауыр қылмыс болып есептелген. Туған бауыры Абылды өлтірген қаныпезер Қабылды еске түсіріңіз. Ал ұстазына сатқындық жасаған Иуда Искариоттің бейнесі аярлық пен жендеттіктің  рәмізіне айналған. Сол арқылы Иуда ғана емес, Иуда асылып қалған ағаш та мәңгілік анафемаға яки аластауға ұшырады. Сатқындық пен кісі өлтіру – бір күнәнің екі болмысы. Бірінсіз бірі жүрмейді. Бас кейіпкеріміз Анатолий де жүрегіндегі жігерсіздіктен үзеңгілес жолдасына қару кезейді. Кинобаянда адам зәузатының көресіні көрмей көрге түспейтінін, шын жыласа соқырдың да көзінен жас шығып, Жаратушының кеңшілік қылатыны көр­сетіледі.

Анатолий өмір бақи өкініп өтті. Адам­ның ар алдындағы мәртебелі халі де – осы болса керек. Еткен қиянатына өкінбесе, адамның адамшылығы жоғалады. Қашаған ақынның «жүз кісіні өлтірген, жанына қаза келтірген Нәсуханы да құдай оңдаған» деген жыр үзіндісі бар. Нәсуха – ғұмыр бойы кісі өлтірумен айналысқан нағыз бас­кесер еді. Қартайған шағында тәубесіне келеді. Қылған қиянатына қатты өкінеді. Жүз кісінің ақысын анық өтей алмайтынын білгенмен, басқа адамдарға сая болады-ау, әйтеуір пайдасы тиеді-ау деп баябан шөлге ағаш еге берген екен жарықтық. Ақыры ол да Тәңірінің рахметіне бөленеді. Аспаннан алпыс түрлі пәле жауса да, жаратқаннан үміт үзбеген құлдың міндетті түрде шапағат шапанын жамылары анық емес пе? 

Тағдыр оны талай сынады. Алайда Анатолий бірде-бір асылық сөйлеген емес. «Көп ішінде жалғыз болып, көп мұңайып жылап» жүрген шәкіртінен ұстазы осы жағдайының себебін сұрапты.  Көкірек көзі ашылып, тағдыр тақтасын оқитын халге жеткен шәкірті ұстазының баратын жері – мәңгілік өкініш мекенін көріп, егіле берген екен. Сондағы айтқан сөзі екен ұстазының: «Сен бұл жазуды енді көріп тұрсың. Ал менің көргеніме жиырма жылдан асты. Алайда азапқа салса да, ғажапқа шығарса да, у берсе де, су берсе де  одан басқа менің сыйынарым да, сүйенерім де жоқ емес пе?», деген екен... Біздің бас кейіпкеріміз де – осындай жан.

Анатолий қара жұмысқа өзін аямай салады. Жұпыны киінеді, қарапайым сөйлейді. Өзін күллі адамнан төмен сезініп, ақыры топырақ сипатқа айналады. Яғни оның үстінен ғалам басып өтсе де, қыңқ етпейді. Үстіне күл төксе де, гүл өсіріп шығады. Осылайша, оның бойына қасиет дарып, кісі емдейтін халге жетеді. Жан-жақтан дертіне дауа сұраған адамдар Анатолийдің батасымен құлан-таза айығып кететін болды. Расында, неғұрлым өзін төмен ұстаған адамның рухы соғұрлым биіктей береді екен-ау.

Мына қызыққа қарасаңызшы. Коман­дирінің алдында айыпты Анатолий ақыры аяғында оның қызына ем дарытады. Содан кейін көп ұзамай ана өмірге аттанып кетеді. Құдды ол өмір бақи күнәсіне кешу тілеп, Тихон Петровичтің келуін күткендей. Есіме марқұм журналист Бейсен Құранбектің әжесі түсті. Балалары немересінің қазасын кейуанаға айтпаған екен. Көтере алмай қалады деп іссапарда деген. Ақыры жүзді толтырған әзиз ананың өзі де жантәсілім етер шағында Бейсенін іздеп беймаза күй кешіпті. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде. Екі әлемнің ортасында қалып қойып біраз қиналған екен. Ана жаққа аттанып кетуге мына өмірдегі бір түйін жібермей тұрғандай. Анасының аянышты халін көріп отыруға шыдамаған баласының біреуі: «Апа-ау! Бейсеніңіз сол жақта. Енді артынан бара қойыңыз» дегені сол еді, асыл ананың жаны тыныштық тауып, мәңгілік сапарына күлімдеп аттанған екен. Иә, адамды бұл дүниеден жібермей ұстап тұратын нәрселер көп. Бәрінің алдында жүзің жарқын, арың таза болып аттанған жанда не қайғы бар? Анатолий де – сондай бақытты жан. Ол жүрегіндегі қап-қара мөрді көз жасымен жуып, аппақ дүниеге аппақ арымен аттанды.

Фильмнің басты рөлін сомдаған – Петр Мамонов. Сұхбаттарын тыңдасаңыз, Анатолийдің кеудесін кернеген өкініш азабы мұны да қатты қинаған. Айтуынша, әртіс қырық жасына дейін қыдырымпаз, маскүнем, нашақор, нәпсіқұмар адам болған. «Менде бәрі болды: ақша да, үй де, әйел де, бала да. Бір күні неліктен оянуым керектігін білмей қалдым. Себебі менде бәрі бар. Бірақ оның қандай мәні бар?» дейді ол. Осы сәттен бастап актердің өмірі түбегейлі өзгереді. Асау мінезін тізгіндеп, сынықтыққа бет бұрады. Қызыл-жасыл киімдерінен бас тартып, қарапайым киімге көшеді. Қымбат үйін сатып, қаланың сыртындағы жер үйінде бақша егеді. Тұп-тура Толстой ақсақал секілді. Кино көрерменге жол тартқаннан кейін, халықтың ықыласына бөленгені сонша, П.Мамоновтың поштасын өмірде жолы болмай дағдарған адамдардың немесе сұрағына жауап таппай жүрген жандардың хаты толтырып тастайды. Тіпті пірәдар Анатолийге келген емделушілер секілді кейбір дімкас адамдар «жақсыдан шарапат» деп, кеудесі хикмет актердің батасын алуға зәру болады.

Анатолий кім болды сонда? Әулекі ме, әулие ме? Жоқ, ондай емес.  Күнәкар ма, пірәдар ма? Тағы да жоқ. Ол – бар болғаны пенделіктің пердесін дар айырып, түп иесін көксеген үлкен арманы бар кішкентай адам, яки ар аралында азабын кешкен ақжүрек жан. Иә, бұл – толассыз күрестің арқасында қол жеткізген тап-таза рухтың иесі хақындағы баян.