Қоғам • 19 Сәуір, 2024

Табиғаттың тосын құбылысы талқыланды

39 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Назарбаев университетінде өткен семинарда су тасқыны төңірегінде ізденіп жүрген отандық жас ғалымдар, шетелдік сарапшылар, университет студенттері табиғи апаттың алдын алу, одан қорғану жолдарын талқылады.

Табиғаттың тосын құбылысы талқыланды

Дәл қазір еліміз ғана емес, дүние­жү­зілік деңгейде өзекті болып отырған мәселені жан-жақты талқылаған жиын­ды Назарбаев университетінде, Қызыл Ай қоғамы мен БҰҰ Тұрақты даму шешімдері желісінің жаһандық жастар бастамасы – Sustainable Development Solutions Network Youth (SDSN Youth) бірлесіп ұйымдастырды. Семинарда қарғын судан қорғану ғана емес, таби­ғат­тың одан өзге де, айтып та, айтпай да келетін жер сілкінісі, өрт, құрғақшылық сынды апаттарының алдын алу, қорғану, салдарымен күресу жайттарын және апаттан кейін туындауы мүмкін эпидемиялар жөнінде де сарапшылар өз тәжірибесін, көзқарастарын онлайн және офлайн пікірталас алаңында бөлісті.

Алдымен талқылаудың негізгі спикері ретінде отандық жас ғалым, «Аза­маттық құрылыс» мамандығы бо­йынша Nazarbayev University-ден түлеп ұшқан су тасқыны қаупі жөніндегі инженер Рената Садритдинованың баяндамасы тыңдалды. Алған білімі бойынша елден жұмыс таппай, сонау Ирландиядан бір-ақ шыққан жас ғалым еліміздегі су тасқынына себеп болған негізгі екі факторды атап өтті.

«Бұл қарғын судың көп мөлшерде қалып­тасуына қыстағы қардың жыл­дағы­дан қалыңырақ жаууы бірінші себеп болса, одан кейін наурыздағы күн райының былтырғыға қарағанда 1-2 градусқа жылы болуы әсер етті. Өкінішке қарай, еліміздегі жылыну үдерісі ғаламдық жылынудың ажырамас бөлігі болып отыр және зерттеулер көрсеткендей, көктемгі жылыну­дың жылда қайталану ықтималдығы жоғары. Сондықтан еліміздегі су тасқынының алдын алу, одан қорғану жүйелерін қайта пысықтап, саладағы саясатты, апатқа деген Үкіметтік дең­гей­дегі көзқарастарды өзгерту қажет», дейді Р.Садритдинова.

Сонымен қатар су шаруашы­лы­ғын­дағы инфрақұ­ры­лым­ды жөндеу және мониторингтеу мәселелерін заманауи стандарттармен реттемейінше, тасқын судан келетін тәуекелдерді азайту қиынға соғатынын айтқан маман презентациялық таныстырылымында қала ішіндегі өзен немесе каналдың жағалауын реттеу ережесін ғылыми тұрғыдан түсіндірді. Спикер қалаішілік су арналарының жағасындағы әрбір детальдың декорациялық қызметінен бөлек, олардың апат кезінде атқарар қауіпсіздік функциясы да қарастырылуы керегін және бұған Еуропа елдерінде аса үлкен мән берілетінін атап өтті.

Еліміздің басым аймағында болып жатқан төтенше жағдайдың өршу сценарийінің және алда болуы мүмкін апаттардың жо­лын кесу іс-шараларын әзірлеу, олардың салдарымен күрес жайында дәрі­гер-ғалым, профессор Антонио Саррия-Сантамера жан-жақты әңгі­ме­леді. Ғалым негізінен денсау­лық сақтау жүйесінің тиімділігін зерттеп жүргендіктен, санитарлық мәселелерге баса назар аударды. Ол алдымен жер сілкінісіне төтеп берер ғимараттардың құрылысындағы иілгіш технологияларға тоқталды. Оның айтуынша, апат кезінде бірден қирап қалмас үшін үйлер мен ғимараттар тербетіліп тұруға тиіс.

«Табиғи апаттарда мәдениет пен та­за­лық та үлкен рөл атқарады. Мәсе­­­лен, Кариб теңізі аймағындағы Доми­никан Республикасы мен Гаити мемлекеті бір аралда орналасқан. Бірақ мәдениет, тазалық мәселесінде айырмашылық көп. 2010 жылы 200 мыңнан аса адам опат болған Гаитидегі алапат зілзаладан кейін адамдар іле холерамен ауырып, көптеп қаза тапты. Өйткені онда таза ауызсу мәселесі өте күрделі жағдай қалыптастырды. Сондықтан Қазақстан жағдайында да тұрғындар апаттардан кейінгі тазалық, мәдениет мәселесіне үлкен мән беруі керек. Кез келген апат кезінде ауызсу, оның сапасының маңыздылығы азық-түліктен де жоғары тұрады. Сол себепті бұл ұлттық қауіпсіздік дең­гейіндегі мәселе ретінде Үкімет тарапынан мұқият қадағалануы керек және осы бағыттағы бақылау жұмыстарын күшейткен жөн. Қазақстан жер аумағы үлкен болғандықтан, бір жағын қар басып, су алып жатса, оңтүстікте күннің күрт ысуы қуаңшылықпен қысады, ал өзге өңірлердегі орманды алқаптарды өрт шалып жатады. Сол себепті осындай төтенше жағдай тәуекелдерін барынша төмендетіп, коммуникацияны жетілдіріп отыру керек», дейді профессор Антонио Саррия-Сантамера.

Кездесуге қатысқан Қазақстанның Ұлттық волонтерлік желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк қазір ерікті жастардың су тасқыны салдарын жою, гуманитарлық көмек жеткізу, волонтерлік бағыттағы өзге де жұмыс­тарды үйлестіру аясында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.