Сұхбат • 23 Сәуір, 2024

Сауда сөресінде отандық өнім тұруы керек

49 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, елдің табиғи әлеуеті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу ісінде ірі орталықтардың бірі болуға мүмкіндік береді. Дегенмен аграрлық және азық-түлік өндірісіне мол қаражат, жеткілікті технология мен ресурс қажет. Отандық азық-түлік секторындағы сауда-саттық көлемінің 70%-ы ірі желілік супермаркеттерде шоғырланған. Ал олар негізінен шетелдік азық-түлік өнімдерін саудалайды.

Сауда сөресінде отандық өнім тұруы керек

– Көрші елдерден келетін өнімдер неліктен арзан, бағасы жағынан бәсекеге неліктен қабілетті?

– КСРО басшылығының жаһандық инфрақұрылымдық жоспарларына байланысты Ресей мен Беларусьте тамақ өнеркәсібі жақсы дамыды. 1960-1990 жылдары бұл елдерде шикізат базасы қалыптасты, егіс алқаптары жобаланып, өндіріс орындары аймақ пен шикізат ерекшелігін, логистиканы ескере отырып салынды. Бұл республикаларда әу бастан ірі және қуатты қайта өңдеу кәсіпорындары жұмыс істеді. Дәл осы мұраның арқасында екі елде дамыған және үнемді аграрлық азық-түлік секторы қалыптасты. Сонымен қатар ауқымды мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиенің берілуі кәсіпорын жұмысын алға бастырды.

Біздің елде өндіруші үшін эко­но­микалық ахуал айтар­лықтай күрделі, оған өнім­дерді өткізуге байланысты қордаланған мәселелерді қосы­ңыз. Сау­да желілерінің жергілікті жет­кізу­шілермен жасаған ынты­мақтастық шарттары тиімсіз. Көбі­не келісімшартта отандық өндірушілерге қолдан жасалған қолайсыз шарттар қойылады, қосымша төлем­дер алынады, мәселен, ретробонустар. Төлеуден бас тартқан жағдайда, өндіруші сауда желісіндегі сөресінен айырылады. Сауда желілері жүздеген шаршы метрін неге импорттық өнім­дерге береді? Себебі қарапайым: ритейл үшін импортпен жұмыс істеу тиімдірек. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің импорттық өнімі отандық өнімдерден анағұр­лым арзан. Сонымен бірге сатып алынатын партиялардың ірі көлемі есебінен ресейлік және белоруссиялық жеткізушілер отан­дық сауда желілеріне қосым­ша жеңілдіктер береді. Ал отандық кәсіпорындар ондай ірі тауар партияларын ұсынатындай әлеуетті емес. Нәтижесінде, отандық өндірушіге саудадағы басымдық түгілі, сауда сөресінде орын қалмайды – барлық орын­ды көрші елдердің үлкен бренд­тері жаулап алған. Шетелдік жеткізушілер сатылған тауар үшін төлемді бірне­ше ай күте алады. Жергілікті кәсіп­орындарда экономикалық тұрғыдан мұндай мүмкіндік бола бермейді. Жеткізілген тауарларға ақы төлеу мерзімі келісімшарт бойынша үш айға дейін созылуы мүмкін, бірақ тіпті үш ай да сақталмайтын жағдайлар бар. Мысалы, ірі желілердің бірі жергілікті өндірушіге өткізілген тауар үшін миллиард теңгеге жуық қарыз болса да, бір жылға жуық уақыт есептеспей келген. Ақырында жеткізуші өзінің барлық өнімін желінің бүкіл супермаркеттерінен алып тастауға мәжбүр болды.

– Ендеше, отандық өндіріс­ті қорғауға бағытталған заңнама­лық шешімдер қабылдайтын уақыт әбден келген сияқты?

– Жергілікті нарықта өнім­дерді сату үшін отандық эконо­микаға адал және тиімді шарттар қажет. Күн тәртібінен түспей келе жатқан осы мәселе бойынша біз заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі өз ұсыныстарын берген азық-түлік секторының салалық одақтарымен жұмыс істеп отырмыз. Ұсыныстар агроөнеркәсіп кешені (АӨК) жөніндегі партия­лық республикалық кеңесте тал­қы­ланып, Мәжілістің агро­өнер­кәсіптік кешен комитетімен, сондай-ақ бейінді министрлік өкілдерімен бірге пысықталды. Сөйтіп, жеке заң жобасын дайындау туралы шешім қабылданды. Біз заңнамалық деңгейде уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан сауда қызметін реттеуді күшейтуді ұсынып отырмыз. Осы арқылы отандық өндірушілерге басымдық беруді көздейміз.

– Сапасы күмән тудыратын, арзан импорттық азық-түлік өнімдерін үлкен көлемде бақылаусыз жеткізу де – уақыт өте келе ұлт денсаулығынан көрінеді деген үлкен қауіпті жоққа шығаруға болмас?

– Бұл – үлкен мәселе. Ресей­лік­тер Қазақстан өнімдерін жеткізу барысында өз нарығын «Ростех­надзор» сияқты бақылаушы ұйым­дардың көмегімен өте қатал қорғайды. Қытайлық көр­ші­­леріміз де солай. Алайда өз басым өнімдерінің сапасы төмен бол­ғандықтан, яки карантин шектеуіне байланысты көрші елдердің кейбір өндірушісіне өз нарығымызды жаптық дегенді естімеппін.

Сауда министрлігінің нарық­ты қорғау мәселесіндегі уәжі – им­порттық азық-түлікпен қам­тамасыз ету жағдайын бақылайтын ведомствоаралық ахуалдық орталық құрдық дейді. Жақында біз оларға «Неліктен сіздер импорттық сапасыз тауарлардың партиясы анықталған кезде халықты хабардар етпейсіздер? Неліктен бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы жақ ашпайды?» деген сауалдар қойдық. Ресейде мұн­дай жағдайлар ескерусіз қал­­майды. Ал біз неден қорқа­мыз? Біздің ойымызша, мұн­да сыбайлас жемқорлық ықти­малдығы да жоғары: мемлекеттік қыз­меткерлер ірі сауда желі­лерінің мүддесі үшін тиісті мемлекеттік органдарға хабарламай немесе көпшілікке жарияламай, проблемаларды «жылы жауып» қоя салады.

– Елдің азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге тіке­лей қатысты  нарықтағы бұл тақы­рып нақты қалай бақыланады?

– Әрине, ішкі азық-түлік нарығын қорғау – ең алдымен ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Кез келген супермаркетке кіріңізші – сөрелерден көбіне импорттық өнімдерді көресіз. Қандай да бір геосаяси дағдарыс болса, көршілерімізде бір мәселе туындаса, салдары бізде дереу байқа­лады. Олар кез келген уақытта өз нарығын басты назарға алып, бізге азық-түлік жеткізуді тоқтата алады – сол кезде біз халықты немен тамақтандырамыз? Сала­лық одақтардың мәлімет­теріне сенсек, азық-түліктің жекеле­ген санаты бойынша дүкендердегі импорттың үлесі 80%-ды құрайды. Сондықтан ішкі нарықты барлық мүм­кін құралдармен қорғау, өнімдері­міздің импортпен әділ бәсекесі үшін жағдай жасау, отандық өндірушілерді мықты ету үшін, олар елді толығымен қамтамасыз етіп, содан кейін халықаралық нарыққа белсенді шыға алуы үшін жан-жақты қолдау қажет. Дұрыс әрекет етсек, алдағы 3-5 жылда ілгерілеу болады деп сенеміз.

– Ақиқатында бізде сапалы, бәсекеге қабілетті өнім­дер шығаратын отандық компанияларды санамалап бере аласыз ба?

– Оларды көптеп айтуға болады. Отандық кәсіпорындар респуб­ликалық және халықара­лық көр­мелерге қатысып, тауар­дың тамаша сапасы үшін ма­рапаттарға да ие болып жүр. Бәсекеге қабілетті кәсіпорын­дарды дамыту, кеңейту қажет. Ірі компаниялар заманауи сүт-тауар фермалары мен қайта өңдеу кешендерін салған кезде Солт­үстік Қазақстанның тәжіри­бесін жиі пайдаланады. Бұл – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы өте төмен мөлшерлемемен, жеңілдікпен несие берудің табысты тәжірибесі. Сол сияқты жабдыққа және мал сатып алуға салынған қаражаттың 50%-ының республикалық бюджет есебінен өтелуі де – үлкен қолдау. Былтыр республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 100 миллиард теңге бөлінсе, биыл 800 миллиард теңге бөлінеді.

Президент жоғары өнім­ділікті қамтамасыз ететін тамшылатып суару технологияларын, көкөніс сақтау жүйелерін, өң­деу кәсіпорындарын және бас­қа да бағыттарды қоса алған­да, аграрлық және тамақ өнер­кәсібін белсенді дамытуды тап­сырғанымен, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі әзірге 2-3 бағытпен шектеліп отыр. Қалай десек те, отандық экономика өзіне тиесілі пайда табуы үшін жергілікті өндірушілер мен сауда-саттық мүдделерін теңес­тіру қажет. Бұл –  кезек күттір­мейтін, аса көкейкесті мәселе.

 

Әңгімелескен –

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»