Қоғам • 22 Сәуір, 2024

Алатау айналған поэзия үйлесімі

13 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы Достық үйінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет пен Қырғыз Республикасының Халық ақыны, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткері Акбар Рысқұлдың «Егіз елдің екі ақыны» атты бірлескен шығармашылық кеші өтті.

Алатау айналған поэзия үйлесімі

Ұлықбек Есдәулеттің кезінде айтқан «Бүкіл әлемнің ақын-жазушылары – бір ұлттың адамдары секілді» деген қанатты сөзі бар. Әлемнің талай елінде болып, ақын-жазушыларымен кезіккен, олармен достық қарым-қатынас ұстап келе жатқан, та­лай халықаралық әдеби басқо­суларға қатысқан, өзі Түркі елде­рінің халықаралық жазушылар ұйымының төрағасы болып қызмет ететін ағамыздың бұл сөзінің шындығы Астана тө­рінде өткен осы бірлескен шы­ғармашылық кеште тағы бір қы­рынан жарқырап көрінгендей болды. Шығармашылық кешке Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Батыр Реджепов, Ресей Феде­ра­циясы Саха Респуб­ликасы Жазушылар ұйымының төрағасы Гаврил Андросов бас­таған делегация және өз еліміздің зиялы қауым өкіл­дері қатысып, халықтар достығын тағы бір әй­гілеп қана қоймай, орынды ой­дың өрісін ұшқындата отырып, осы басқосуға интеллектуалдық сипат берді.

Дөңгелек үстел басындағы үл­кен басқосуды жүргізген Қ­а­зақ­стан жазушылары Ас­тана бөлімшесінің басшысы, бел­гілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қыр­ғызстан президенті Садыр Жа­паровтың Қазақстанға келген сапары аясында қазақ-қырғыз халықтары арасындағы рухани-мәдени байланыстардың одан әрі беки түскендігін, кеше ғана елор­дамызда есімі ғасырдан-ға­с­ырға жалғасқан қырғыздың әйгілі эпостық батыры Айкөл Ма­нас ескерткішінің бой кө­тер­генін айта келе, екі ел жазушылары арасындағы Әуезов пен Айтматов әйгілеп кеткен жарқын достықтың бүгінгі таңда жаңа қырынан жалғасқандығын, соның ерекше бір белгісі «Егіз елдің екі ақыны» аталып отырған Ұлықбек Есдәулет пен Акбар Рысқұлдың бүгінгі бірлескен шығармашылық кеші екенін атап көрсетті.

Басқосуда бірнеше елден келген қайраткерлер мен қалам иелері сөйлеп, өздерінің халықтар достығы, түрік халықтарының бауырластығы туралы келелі ой-пікірлерін ортаға салды.

Түрікменстан елшісі Ба­тыр Ред­жепов Ұлықбек Есдәу­лет пен Акбар Рысқұл шығарма­шы­лы­ғына ерекше ықылас танытатынын айта келе түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлының шығар­машылығы қазақ елінде қандай құрметке ие болса, қазақ­тың ұлы ақыны, ойшылы Абай есімі де түрікмендер арасында соншама құрметтелетінін жет­кізді.

Парламент Сенаты Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп бауырлас екі елдің әйгілі ақындары арасындағы мұндай үндестіктің халықтар достығына өлшеусіз үлес қосатындығын ай­та келе, бұл басқосуды ерекше шы­ғармашылық кеш деп бағалады.

Сондай-ақ басқосуда сөз алған Саха Республикасы Жазушылар ұйымы төрағасының орынбасары, халық жазушысы, Якутия Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Наталья Харлампьева, Ре­сейге белгілі жазушы-роман­шы Николай Лугинов, «Яку­тия» кітап баспасының дирек­торы, ақын, аудармашы Зинаи­да Архипова өз сөздерінде қа­зақ-саха ақын-жазушылары ара­­сындағы шығармашылық байланыстың соңғы кездері жақсы дами бастағандығын, соның белгісіндей Ұлықбек Есдәулеттің саха тілінде «Балбал тастар тілі» кітабының, белгілі жазуы Әлі­бек Асқаров шығармасының жарық көріп, Астанада өтіп жат­қан Халықаралық кітап көрме-жәр­меңкесі аясында олардың таныс­тырылымы та­быс­ты өткен­дігін айтты. Сол секілді Николай Лугиновтің саха тіліндегі бір мың беттік «Шыңғыс хан» романы осыдан біраз бұрын қазақ тіліне аударылып жарық көрген болатын.

Белгілі манасшы, ақын Баян­ғали Әлімжанов Ұлықбек Ес­дәу­­лет пен Акбар Рысқұлмен ал­­ғаш танысқан кездері туралы әдемі ес­теліктерін айта келе қыр­ғыз тіліндегі «Манас» эпосынан үзін­ді­лерді жатқа соқса, қазақтың әнші қызы Бағдат Сәмединова Ак­бар Рысқұлдың сөзіне жазылған қыр­ғыз әнін сызылта шырқады.

Белгілі қаламгер Айгүл Кемел­баева екі ақынның шығарма­шылығы туралы ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел басында сөз сөйлеген егіз елдің екі ақыны Ұлық­бек пен Акбар өздерінің осыдан ширек ғасыр бұрын ал­ғаш қалай танысқандықтарын еске алып, содан бері ізі суымай келе жатқан достықтары туралы қазіргі қазақ, қырғыз, жалпы түрік әдебиеті арасындағы туыс­қандық байланыстар туралы әңгіме қозғады. Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып, Астанада біраз жыл тұрған Акбар Рысқұл бұл қаланың өзіне өте ыстық екендігін жеткізді. Екі ақын да жылы-жылы естелік айтып, өлеңдерін оқыды.

Екі ақын мен шетелден келген қонақтарға Достық үйінің тарапынан құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

Бірлескен шығармашылық кеш Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған «Әй, Перизат!» әнінің орындалуымен аяқталды.

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ