Білім • 25 Сәуір, 2024

Білім мазмұнының жаңаруы – қалыпты үрдіс

568 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі оқушы – ақпараттық-коммуникативтік технологияны жетік меңгерген, ақпараттық кеңістікте еркін жүзе алатын тұлға. Сондықтан да заман талабына сай білім беру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «Баланы ата-анасының үміті мен мемлекет көздеген мақсаттағы адам қылып шығару» – мектептің міндеті.

Білім мазмұнының жаңаруы – қалыпты үрдіс

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сапалы білім бе­ру­ мақ­­­са­тында бағ­дар­­­­ла­ма­ны түр­лі­ ба­­­ғыт­та жа­ңар­туға болады. Про­фес­сор М.Жад­рина және К.Шам­ши­ди­но­ва бастаған ғалым-педагогтер әлемдік және отандық озық тәжі­ри­белерді зерделеп, балаға «жанды білім» беру бағытын таңдады. Яғни оқу­шыларды оқытудың нәтижесі оларды сыни тұрғыдан ойлау, топпен және жеке жұмыс істей білу, түрлі коммуникациялық тәсілді қарым-қатынаста қолдану, зерттеу және ақпаратты өз бетінше іздеу, терең талдау дағдыларын игерген білімді функционалды және шығармашылықпен қолдана алатын, заман ағымының кез келген бағытында жүзе білетін, сауатты тұлға етіп шығару. Сауатты дегенде, тек оқи-жаза білу емес, өмір сүруге қажетті ең ауқымды дағдыларды меңгеруді айтып отырмыз. Атап айтсақ, бұрынғыдай мұғалімнің өз айтқанын өзіне қайталап берумен шектелмей, ақпаратты ой елегінен өткізіп қабылдау және сол бойынша өздігінен шешім қабылдап, тұжырым жасауына мүмкіндік беру. Бұл ұлттық мектеп моделін көксеген А.Байтұрсынұлының «Мектепке бала бергенде, ата-анасы баланы тұрмыс ісіне қайым болып, өмірдің азабын көрмей, рахатын көргендей адам болып шықсын деген үмітпен береді. Мемлекет жұрттың баласын үйреткенде, о да сөз үйренген балалар тұрмыс ісіне шебер болып, өзіне де, мемлекетке де пайдалы адам болып шықсын деген мақсатпен үйретеді» деген тұжырымына сәйкес келеді. Жалпы, 2016 жылы қолданысқа «жаңартылған білім мазмұны» атауымен енген оқу бағдарламалары мұғалімнің көп дайындалуын, көп ізденуін талап ететін бағдарлама болды. Баланың өз тәжірибесіне сүйеніп, өзі ой қорытып, шешімін табуы үшін мұғалім жан-жақты қолдау көрсетуі қажет.

Кеңес дәуірінде ереже жаттатып үйреніп қалған мұғалімнің бастапқыда «Зат есімнің түрлері», «Сөй­лемнің тұрлаулы мүшелері» және сол сияқты теориялық тақы­рыптарды іздеп абдырап қалғаны анық. Бұл бағдарлама Ахмет Байтұрсынұлының ең сүйікті сөзі «дағдыландыруға» және «сынауға» бағытталды. Мысалы, қазақ тілі бойынша «жатыс септік жалғауы» деген тақырып оқытылмайды. Тиісінше, аутентті материалдардан қажетті ақпаратты алу деген «оқу мақсаты» бар. Онда билборд немесе кез келген иллюстрация көрсетіледі де, оқушыға «Бұл шара қайда болады? Нешеде болады?» деген сұрақтарға жауап алған кезде жатыс септігін ауызша және жазбаша түрде кеңінен қолданады.

Жаңартылған бағдарламада грамматика жоқ емес, бар. Бірақ ол жеке тақырып болып тұрмайды. Ол лексикалық тақырыптың аясында қамтылады. Түсіндіріп өтейін: Мысалы, бұрынғыдай «Дара және күрделі сын есімдер» деген тақырып жоқ. Оның орнына «Су – тіршілік көзі» деген ортақ тақырып аясында Балхаш көлі туралы ақпарат беріледі. Осы жерде оқушы ащы, тұщы, үлкен, кіші, тұнық, жалпақ, те­рең және т.б. сын есім түр­ле­рін жан-жақты қолданады. Бағ­дар­ламада оқу мақсаты «3.5.1.1 заттың сынын білдіретін сөздерді ауызша/жазбаша тілде қолдану» деп ұсынылады. Осы оқу мақсаты арқылы баланың сын есімді қолдану дағдысы қалыптасады. Оның қандай сын есім екенін білу маңызды емес. Тағы да қайталап айтам, оқушының бәрі бірдей тіл маманы немесе биолог болып шықпайды. Олардың қазақ тілінде сауатты сөйлеуі, сөздік қорының мол болуы және сол сөздік қорды шырайын шығарып пайдалана білуі, яғни ойын толық жеткізе алуы мен тілді таным құралы ретінде қолдана білуі маңызды.

Сондықтан да әр сыныпқа оқытылатын барлық пән мазмұны кіріктіріліп, өзара сабақтастыра, кешенді түрде білім беруі үшін «ортақ тақырыптар» беріледі. 1929 жылы көрнекті қоғам қай­раткері, Алаш өкілі Жүсіпбек Аймауытұлының «Комплекспен оқы­ту» деген әдістемелік құ­ра­лы жарық көрген болатын, бұл еңбек­пен таныс адам ор­тақ тақырыптың маңызын бір­ден түсінеді. Сонымен қатар «Жаңар­тыл­ған бағдарламада ұлттық құн­­­ды­лықтарымыз назардан тыс қал­ған» деген пікірлер әр жерден көрініс беріп қалып жүр. Бірақ осындай пікір білдірушілер тә­уелсіз еліміздің тарихында мем­лекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында оқу мен тәр­бие үдерісін құндылықтарға негіз­деп ұйымдастыру мақса­тын­да бірінші рет білім беру құнды­лық­тары белгіленгенін ескермейді де.

Құндылықтарды оқыту-тәрбие үдерісінде қалай жүзеге асырылатынына тоқтала кетер болсам, ұлттық құндылықтар біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміз сияқты білім жүйесінің өн бойын сүйемелдеп, нәрлендіріп тұрады. Оны бадырайтып, «ұлттық құн­дылық» деп көрсетудің қажеті жоқ. Мәселен, «Менің отбасым» деген ортақ тақырыпта «нағашы, жиен, ағайын-туыс» деген ұлттық ұғымдардың мәні мен маңызын еркін беруге болады. Атап айт­сақ, біз жазған 2-сыныптың «Дүние­тану» оқулығында отбасы тақы­ры­бы аясында Қаныш Сәтбаев туралы да ақпарат беріп кеттік. «Менің атым – Нұрлан. Менің нағашы атам – Қаныш Сәтбаев. Мен ол кісінің жиенімін. Нағашы атам Баянауыл жерінде дүниеге келген. Ол – үлкен ғалым. Біздің үйдегі құнды отбасылық мұрағат – нағашы атамның суреттері. Нағашы атам өте білімді әрі өнерлі кісі болған. Бойы ұзын, шашы бұйра, жүзі жылы жан болатын. Менің түрім нағашы атама тартқан. Мен де нағашы атам сияқты ғалым болып, еліме қызмет етемін». Бұл мәтінді оқу арқылы оқушы, туыс атауларымен танысады, ғалым туралы ақпарат алады, адамның бет әлпетін, тұлғасын сипаттауға үйренеді. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге дағдыланады. Яғни бір мәтін арқылы бірнеше мақсатты жүзеге асыруға болады. Әрине, бұдан басқа да сыйластық «Төрге кімді отырғызар едің? Неге?» деген қарапайым сұрақтардың астарында қаншама ұлттық құндылық жатыр? Әрине, «бесікке салу», «алтыбақан тебу» деген сияқты айғайлап тұрған жоқ. Жақында ғана әлеуметтік желіде «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықтағы тапсырма төңірегінде қаншама дау туды. Оқулықтағы «Ғаламтор туралы» Е.Ашықбаевтың өлеңі түкке алғысыз болып қалды. Ал сын тұрғысынан ойлауды дамыту бойынша, бұл – өте ұтымды берілген өлең. Кеңес дәуіріндегі оқулық болса, «Ғаламторға кірме, денсаулыққа зиян!» деп, үгіт-насихат түрінде берер еді. Ал жаңартылған бағдарлама бо­йынша баланың өлеңді оқып, ой елегінен өткізіп, жақсы-жаманды ажыратып, өзі шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Яғни педагогикадан хабары бар адам бұл тапсырманың мәні мен мазмұнын бірден түсінеді. Оқу бағдарламасы, оқулық мәселесін көпшілік бұқараның талқысына салып, сынай салатын қолжаулыққа айналдыруға болмайды. Арнайы маманданған педагогтер мен тәжірибелі мұғалімдер болмаса, тіпті ғалым-академиктердің өзі оның қыр-сырын түсіне бермейді. Тек біздің елде ғана «Салалас құрмалас сөйлемдер» тақырыбынан док­тор­лық диссертация қорға­ған ғалым педагогика, дидактика, психо­логия, физиология, әдіснама, әдістеме және т.б. ғылым салаларынан хабары болмаса да, оқу бағдарламасына сын айтып, оқулықтың тағдырын шешеді. Осыны көпшілік қауым түсіне бермейді. Ал кейбір әріптестер түсінсе де, өз мүдделерін қорғау мақсатында шу көтереді. Осы орайда да, ұлт ұстазының: «Білімді үйретуге керек кітаптар қазақ тілінде жоқ. Осыларды дүнияға шығару керек. Біз бұларды уақыт жетуінше қолға алып істеп жатырмыз. Шыға бастағандарына өкпесі бар кейбіреулер сын тақпақ болып жатыр. Сынағанда біреулері тіпті қолына алып қарамай, екіншілері қараса да танымай сынап жатқан көрінеді. Әркім сынау керек өзінің жақсы білетін нәрсесін. Білмейтін нәрсені сынаймын деп, құр өзінің білмейтінін көрсетеді. Біздікі жаман болса, жақсысын шығарыңдар. Жақсысы шықса, жаманы қалатын» («Мек­теп керек­­тері». «Қазақ» газеті, 17.05.1914 жыл) деген пікірі әлі өзек­­тілігін жоймағанын көре­міз. Оқулықтардың оқу бағдар­ла­масына сәйкес болмауы да – үлкен кедергі. Оқулықты табыс көзіне айналдырып алғандар бар. Көпшілік авторлар – ғалымдар, кейбірі оқу бағдарламасына қарсы екенін ашық жазып та жүр. Бірақ сол өздері айтқан «түкке алғысыз» бағдарлама бойынша оқулық жазудан бас тартпайды. Парадокс: дәл сол авторлардың оқулықтары сараптамадан өтіп, елге таратылып жүр. Сондықтан да оқулықтарда жаңартылған білім мазмұны толық жүзеге асты деп айта алмаймын. Қазір жаңа стандарт, жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Білім мазмұнының жаңарып тұрғаны – қалыпты үрдіс. Жаңа бағдарламаны әзірлеп жатқан авторларға сәттілік болсын.

 

Жанат ҚАЖЫҒАЛИЕВА,

Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкері