Президент • 25 Сәуір, 2024

Ешкім елеусіз қалмайды, мемлекет шығынды түгел өтейді - Қ.Тоқаев

72 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ешкім елеусіз қалмайды, мемлекет шығынды түгел өтейді - Қ.Тоқаев

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының айтуынша, жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі.

«Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент: «Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанына бүкіл ел куә екенін атап өтті.

«Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды», деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылған. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты.

«Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі. Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді», деді Мемлекет басшысы.