Тарих • 25 Сәуір, 2024

Екі фотосуреттің тарихы

101 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының бұл ісі кеңес дәуірінде Б(б)кП Орталық қадағалау комиссиясының мұрағатында тізбек бойынша № 458 іс № 1278 жинағында сақталған. Бұл істің «аса құпия» немесе жай «құпия» деген белгісі (грифі) болмаса да, кеңес дәуірінде ол іске кез келген адамның қолы жете бермейтін. Қазір оның құпиялық күші қайтып, Ресейдің мемлекеттік мұрағатының 7511-қоры, 5-тізбегі, 458-ісінде сақталып жатыр.

Екі фотосуреттің тарихы

Іс қолға тигенде көзге бірінші ілінгені Сұлтанбектің бұрын ешқашан кездес­пеген екі фотосуреті болды. Ол фотосуреттер Бүкілресейлік (бәлшебектік) коммунистік партиясының ((Б/б/КП) Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) жұмысшы-шаруа инспек­циясы халық комиссариатына (ЖШИХК) қарайтын Орталық бақылау комис­сиясындағы (ОБК) Сұлтанбек Қожан­ұлының № 115 ісінен шықты (№ 1 сурет).

см

№ 1 фото. Сұлтанбек Қожанұлының кеңестік бақылау комиссиясындағы ісі

 

21 парақтан тұратын бұл іс С.Қожан­ұлының өз қолымен толтырған 2 анкетасынан (1-4-парақтар мен олардың артқы беттері, бас-аяғы 7 бет), Қадағалау комиссиясы қызметкерінің тіркелу картасынан (учётная карта, 6 парақ), мамандарды тіркеу бойынша жеке парағы (личный листок по учёту кадров, 7 парақ) және өмірбаянынан тұрады. Сол анкеталар мен өмірбаянынан оның дүниеге келген жылынан 1935 жылға дейінгі өмір жолы – қай жылдары қандай елді ­мекенде тұрғаны, қайда оқығаны, қан­дай жұмыс не қызмет атқарғаны жөнін­де айтарлықтай толық мәлімет аламыз. 

Осы құжаттарға сәйкес Сұлтанбек «1894 жылдың қыркүйегінде Қазақстан­ның Түркістан ауданы даласында жартылай кедей көшпелі малшының отбасында дүниеге келеді. 11 жасына дейін шаруа жұмысында әкесіне көмектесіп, әкесінің көмегімен хат танып, қырда өседі». Одан кейінгі жолында ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының көпшілігі сияқты бас­та­уыш, кәсіби білім алады. 1906-1908 жыл­дары Түркістандағы орыс-қазақ мектебінде, 1908-1913 жылдары көшпелілердің балаларына арналған интернатта жатып, Түркістандағы 3-сыныпты қалалық училищеде, 1913-1917 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында оқиды. Әрі қарай еңбек жолы жалғасады.

1917 жылдың ақпан-тамыз айларында ауыл мектебінің мұғалімі;

1917 жылғы тамыз – 1918 жылғы мамыр аралығында Ташкентте Мұстафа Шоқай ұйымдастырған «Бірлік туы» газетінің редакторы;

1918 жылдың мамыр-қарашасы – Түр­кістандағы 1 қазақ мектебінде оқытушы;

1918 жылдың қарашасы – 1919 жыл­дың қыркүйегі – Ташкенттегі қазақ педа­гогикалық училищесінің оқыту­шысы;

1919 жылдың қыркүйегі – 1920 жыл­дың наурызы – Түркістанда халық ағарту қалалық басқармасының нұсқаушысы;

1920 жылдың наурыз-қазан айлары – Түркістанда халық ағарту қалалық басқармасы төрағасының орынбасары, төрағасы;

1920 жылдың қазаны – 1924 жылдың желтоқсаны – Түркістан АКСР Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары. Бұл – Сұлтанбектің кеңес өкіметі тұсында ең ұзақ атқарған қызметі;

1924 жылдың желтоқсаны – 1925 жылдың қарашасы – Б(б)КП Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы;

1925 жылдың қарашасы – 1926 жылдың ақпаны – Б(б)КП жауапты нұсқаушы;

1926 жылдың ақпаны – 1927 жылдың желтоқсаны – Мәскеудегі марксизм курсының тыңдаушысы.

Ерекше назар аударатын мәселе: 1924 жылдың желтоқсанында Түркістан АКСР ОАК төрағасы қызметінен босатылып, Б(б)КОП Қазақ өлкелік комитетінің хатшысына дейін қызмет бабымен сатылап өсіп келген С.Қожанұлы Мәскеудегі марк­сизм курсын бітірген сәтінен бері қызмет бабымен әрі қарай өспей, кері­сінше тек төмен құлдыраумен болғанын байқаймыз. 1927 жылға қарай кеңес одағындағы бар билікті өз қолына шо­ғыр­ландырып, Кремльдің жападан-жал­ғыз «қожайыны» болып алған И.Ста­лин өзінен еш тайсалмай, ойын ашық айтатын ұлтшыл С.Қожанұлын осылай мұқатып, намысын қорлап құртуды көздегенге ұқсайды. Мысалға, 1928 жыл­дың қаңтар – 1929 жылдың қыркүйегі аралығында ол Б(б)КП Орталық Комите­тінің Ортаазиялық бюросы аппаратында қызмет істесе, 1929 жылдың күзінен 1931 жылдың көктемі аралығында Орта­азиялық мақта ирригациялық поли­техникалық институтының директо­ры, 1931-1932 жылдарда Орта Азиялық мақта кооперациясы өлкелік орталығында басқарма төрағасы, 1932 жылдың көкте­мінен 1933 жылдың тамызына дейін Ортаазиялық мақта дайындау басқар­масы бастығының орынбасары, одан 1933 жылдың 1 қыркүйегінен кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілетті өкілінің орынбасары қызметіне тағайындалған.

ап

Сұлтанбектің көпшілік білмейтін бірінші суреті  КСРО Халық комиссарлары кеңесі жанындағы кеңестік бақылау ко­миссиясы бюросының (КБК бюросы) хат­шысы жолдас Назарентянға 1935 жыл­­дың 21 желтоқсанында жолдаған өтіні­шіне жіппен тігіліпті (қара: № 2-3 фото).

см

№ 2-3 фото. С. Қожанұлының кеңестік бақылау комиссиясына жазған өтініші. Ташкент, 1935 жыл, 21 желтоқсан

С.Қожанұлының ісіндегі тағы бір құ­жатқа көз салсақ, жападан жал­ғыз бәл­шебектік коммунистік партокра­тиялық (Б/б/КП) диктатура үстем­дік еткен кеңес одағындағы қағазбасты­лықтың, тіпті патшалық Ресей бюрокра­тиз­мінен де асып түскеніне көз жеткіземіз. Атап айтқанда, Сұлтекеңді КСРО Халық комиссарлар кеңесінің жанындағы КБК-ның Өзбекстан бойынша өкілетті өкілінің орынбасары қызметіне бекіту туралы қаулы 1934 жылдың 9 қазанында қабылданса да (№4 фото), Алаш арысы ол қызметіне сол жылдың тек ... 1 желтоқсанында, яғни 2 айға жуық уақыт өткенде ғана кіріскен.  Оған қоса арызында ол 1934 жылдың 1 желтоқ­санынан бері, яғни 1 жыл 20 күн бойы Өзбекстан бойынша өкілетті өкілдің орынбасары қызметін атқарса да, КБК бюросы беруге тиісті жеке қызметтік құжатының жоқтығын атап өтіп, жолдас Назаретяннан КБК бюросына өзіне жеке қызметтік құжатын жіберуге нұсқау беруін сұрайды. Сұлтанбектің орынды атап көрсетуінше, КБК жүйесі бойынша өкілетті өкілдің барлық орынбасары мен Партия алқасы төрағасының орынбасарлары түгел жеке қызметтік құжаттарын тікелей КБК бюросынан алатын болған. Солай бола тұра С. Қожанұлына жеке қызметтік құжатын бермей бір апта, тіпті бір ай да емес, бақандай 1 жыл 20 күн созып келгені жұмбақ.

им

№ 4-5 фото. С. Қожанұлын кеңестік бақылау комиссиясы Өзбекстан бойынша өкілетті өкілінің орынбасары қызметіне бекіткен қаулы. Мәскеу, 1934 жыл, 9 қазан

Сұлтанбектің осы арызына жеке қызметтік құжатына жапсырылатын фотосуретінің 2 данасын қосып жіберіп­ті. Міне, бұл – көрнекті Алаш және кеңес қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының көпшілік білмейтін екінші суреті (№5 фото).

сми

Кеңестік билік С. Қожанұлын білімі мен бай тәжірибесіне қарамай мұқатып төменгі қызметке тағайындаумен қатар, оның айлық жалақасын да қасақана қысқартқаны байқалады. Мысалға, кеңес­тік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілетті өкілінің орынбасары қызметіне тағайындалғанда, оның айлық жалақысын 500 сом көлемінде белгілеген. Алайда оған қыркүйек-қазан айларында 450 сом айлық төлейді. Оған наразы болған С. Қожанұлы КСРО жұмысшы-шаруа инспекциясы (ЖШИ) халық комиссариатының іс басқарушысы Запрудскийге жазған арызында: «ЖШИ қызметкерлері алдыңғы шаруашылық ұйым­дарындағы қызметінен кем айлық алмай­ды деген принципті ескере отырып, маған 500 сом айлық тағайындалған. Мен КСРО ЖШИ халық комиссариатына қызметке биылғы 7 қыркүйекте ауысып келдім. Бірақ неге екені беймәлім, маған 500 сом айлықты тек 1 қарашада ғана та­ғайын­дапты. Көпжанды отбасын асырай­тын жалғыз қызметкер ретінде мен лайық­ты жалақыға мұтажбын. Сол себепті қыркүйек пен қазан айлары үшін 500 сом көлемінде төлесін деп нұсқау беруіңізді өтінемін. С.Қожанұлы. 27.11.1933 ж.», деп талап етеді.

Бұл арызда заңды талап қойылғанын мойындаған КСРО ЖШИ басшылығы Запрудскийге С. Қожанұлының айлық жалақысы қайтып төмендетілмесін деген нұсқау береді (№6 фото).

ап

Міне, зұлымдық империясы ыдырап, коммунистік диктатура келмеске кетуі себепті құпиялығы жойылған бір ғана іс халқының мұң-мүддесі жолында арпалысып өткен Алаш арысы, кеңес қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының қамшының сабындай қысқа, бірақ жұлдыздай жарқ еткен өмірі мен сан қырлы қызметін көзімізге елестеткендей.

 

Сұлтан Хан Аққұлы,

PhD