Аймақтар • 26 Сәуір, 2024

Саланы цифрландырудың алғашқы қадамы

14 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырдария ауданында биылғы егілер күріштің алғашқы дәні себілді. Осыған байланысты аудандағы «Мағжан және К» ЖШС-ның Н.Ілиясов аулындағы егіс алқабында «Дала күні» семинар-кеңесі ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек ерлері Абзал Ерәлиев, Имамзада Шағыртаев, шаруа қожалықтары өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.

Саланы цифрландырудың алғашқы қадамы

Өңір басшысы ардагерлермен егіс алқабына дән сеуіп, ел байлығын еселеген диқан еңбегіне табыс тіледі. Биыл өңірде 187,5 мың гектарға егін, оның ішінде 78,3 мың гектарға күріш себу жоспарланған. Жылдан-жылға жалғасып келе жатқан су тапшылығы «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұза­ды­ның» керін келтіріп, шаруалардың қолын байлап отыр. Осыдан да кейінгі жылдары өңірде суды аз қажет ететін малазықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс көлемін арттыру қолға алынды.

рр

Күн жылып, жердің тоңы жіби сала, көктемгі дала жұмыстарына кіріс­кен шаруашылықтар 32,2 мың гектар жерге ерте егілетін дақыл септі. Осы күннен басталатын күріш егісіне қажетті тұқым қоры толық, тыңайтқыш та жоспарға сай жетіп тұр. Көктемгі дала жұмыстары үшін облысқа Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 12,9 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Ауыл шаруашылығындағы мәселелер айтылып, шаруа қожалығы иелерінің ұсыныс-пікірлері талқыланған семинар-кеңесте облыс әкімі аграрлық саладағы кейбір түйінді тұстардың тарқатылып жатқанын да айтып өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін алдағы 5 жылда екі есе арттыру жөнінде тапсырма бергенін білесіздер. Биыл Үкімет мақұлдаған егілетін егіс көлемі 187 мың гектар болып белгіленді. Су тапшылығына байланысты жыл басында Су ресурстары және ирригация министрлігі күріш көлемін едәуір азайту жөнінде ұсыныс берген. Екі жыл бұрын негізгі дақылды 64 мың гектарға дейін қысқарту жөнінде шешім қабылданған еді. Диқандардың жағдайын ескеріп, Мемлекет басшысына ұсыныстар д­а­йын­дадық. Президент пен Үкіметтің қол­дауының арқасында аймақта су тап­­шылығының алдын алу шаралары қабыл­данып, күріш алқабын 78 мың 600 гектарға жеткізуге мүмкіндік жасалды», деді аймақ басшысы.

дд

Биыл да егіске су жеткізу оңай болмайды. Осыдан да күрішті белгіленген көлемнен асырмай егу қажет. Жалпы, су тапшылығының жылдан-жылға жалғаса беретіні анық. Сондықтан да су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізіп, егісті әртараптандыруға көшкен жөн. Лазермен тегістелген атыз суды 20 пайызға дейін үнемдеп, өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріске жаңалық енгізгендер ұтылмайды. Мысалы, егістікке тыңайт­қыштар мен пестицидтер беруде дрон пайдалану экономикалық тұрғыда тиімді. Облыс әкімі біздің аймақта да осы тәжірибені енгізуді қолға алу қажет­тігін айтып өтті. «Дала күні» семинар-кеңесінде Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын цифрландырудағы алғашқы қадам жасалды. Қытай инвесторлары өкілдерінің қатысуымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай және «Сұңқар Эвижен Интернейшнл ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азат Бетекбаев өзара әріптестік орнатуды көздейтін құжатқа қол қойды.

Кейінгі жылдары аймақта жергілікті тұрғындар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен өз-өзін қамтамасыз етуі үшін егістік жер дайындап беру тәжірибесі пайда болған. Жергілікті жұрт үшін тиім­ді жоба биыл да жалғасын табады. Екі жыл бұрын осы мақсатта 1,8 мың гек­тар жер берілсе, былтыр 5 500 отба­сыға ауыл­дардан 3 300 гектар жер дайындалды.

«Бұл әр үйдің өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз ету, отбасы бюджетін еселеу мүмкіндігін арттырғанын байқадық. Қажет болса, тұрғындарға арнайы техни­ка­лармен атыздарды тазалап, жеке көкөніс сақтау қоймасын қазуға қолдан кел­генше көмектесу қажет. Үлескер­лердің жерін пайдаланатын шаруашы­лықтар бұл жұмыстарды қаперде ұстауы керек», деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс басшысы қала, аудан әкім­деріне жер дайындауға баса мән беріп, жұмысты ұтымды ұйымдастыруды тапсырды.

 

Қызылорда