Құқық • 27 Сәуір, 2024

Жақсы үлгіміз қандай болмақ?

158 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Біздің жаман үлгіміз жастар үшін жақсы болып көрініп жүрсе, бізге бұдан ауыр күнә болмауы керек». Бұл – қазақ әдебиетінің көр­некті суреткері, ел тарихының талайғы куәгері Ғабит Мүсірепов­тің қария жасында замандастарына, қаламдас бауырларына ар­наған сөзі.

Жақсы үлгіміз қандай болмақ?

Коллаждарды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Дүние дидарында жақсы мен жаманды, аласа мен биікті, көлгірсу мен көпсінуді адам­дық тұрғыда талдап, көркем шығарма­ларындағы кейіпкерлерімен сырласатын классик жазушының бұл ойы сан тараулы өмірдің түйіні болса керек.

Бұрынғылар «Ең сұйық сиямен жазыл­ған сөздің өзі басында жүрген тамаша ойлардан әлдеқайда артық» деген екен. Жазған дүниең – асыл мұраң. Оны жинастырып, көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – сөз жоқ, абыройлы іс.

Қоғам сізді қай қырынан ойландырады?

Тап бүгіндері қоғамда болмай қой­майтын оң өзгерісті қалың бұқара Әділетті Қазақстан құру идеясымен байланыстырып, зор сеніммен қарайды. Әлемде болып жатқан, оның ішінде байтақ еліміздегі жаңашылдық пен жаңғыру саясатына қазақ халқының көзімен ғана емес, парасат пен әділеттіліктің көзімен қараудың ілгерілетушілік пен өркениеттілікке негізделгенін көріп, сезініп отыр.

Жайшылықта еркіндік пен жариялы­лықтың бағасы мен құнын білуді тез естен шығаратындар қоғамның дамуына орай «неге өйтпейді, неге бүйтпейді?» деген артық-ауыс сөз айтып қалатыны рас. Әркімнің өз пікірі бар. Оған шектеу қоя алмайсың. Ондай кісілер қажетті өзгерістерді неден, қайдан күтеді сонда? Жалпы, қоғамдағы әділеттілікті неден байқауға болады?

Сыбайлас жемқорлық пен парақор­лыққа қарсы күрес бір сәт те бәсеңдеген емес. Енді жылдар бойы жабысқан бұл жаман, қауіпті құбылыс өздігінен бола қалмағаны белгілі. Мемлекеттің қаза­нынан қақпақ кеткені соншалықты, егер бір аудандық оқу бөлімінің бухгалтері 1 млрд теңге қаржыны жымқырып жатса, несін айтасың? Әйгілі алпауыттар тұқымы жапырып жемегенде неғылсын? Осының бәрінің тамыры тереңде, санаға сіңіп кеткен. Әділетті Қазақстан етек-жеңіне дейін жайлаған бұл қылмыс түрінің былық-шылығын ашып, заң тәртібі алдына шығарып жатыр. Бірақ оның бәрі оңай соғып жатқан жоқ. Қисапсыз қылмысына сай небір «жақсы, жайсаңдар» заң алдында жауап береді. Ондай шектен шыққандар ар алдында да міндетті түрде жауап беруге тиіс.

Таяуда бір депутат әлеуметтік желі­дегі парақшасында «Елімізді түрлі ауыр жағдайларды алға тартып па, іш­тей бүлдіруге иек артқандай, соған қарай оқталып жүргендердің көлеңкесі көрінер-көрінбес көлбеңдейді» дегендей сипатта бір сақтық сөзін айтып қалды. Ептеп болса да, бұрынғы, ескі жүйенің кезінде әбден байып, шалқып өмір сүріп, қарапайым жұртқа шекесінен қараған пенделердің аярлық, арамдық пиғылдарын есептен шығарып тастауға болмайды, оны абай болу мақсатында назарға алу қажет деп санайды. Бұрынғы өмірлерін көксейтіндер жоқ емес, әлі де бар, әрине. Олар үнсіз отыра алмай ма, әлде тыныш өмірдің мәнін дұрыс бағалай алатын дәрежеде шығар деп те ойлау артық емес. Дегенмен қауіп еткеннен айтамыз демекші, бізде бай-бағландардың дені қоғамда болып жатқан оқиғаларды сырттай бақылап, қарап отырғаны, қа­жетті кезеңде жанашырлық таныта бер­меуі жасырып-жабары жоқ, жаны сергек, көзі ашық қалың елге ұнамайды. Жақсы көріп те отырған жоқ.

Әлемдік тәжірибеде, елім деп емірен­ген дәулетті де алпауыт кісілер дәйім елдік тірлікке даяр болып тұратынын естіп, оқып жүрміз. Ал бізде әзірге онша емес, ортақ құлшынысы ырза етер емес. Ырыс-құтты тек сыбайластық жолмен табу деп сыңаржақ ұққан мырзалар ар-ұятты қайда қояды сонда? Әлбетте, ірі бизнес өкілдерінің бәрі бірдей емес, мемлекет пен қоғам алдындағы парызы мен қарызын түсінген саналы серкелері де бар. Алайда олар сол өздері жасап алған оқшау ортадан алысқа ұзап шы­ғып жатқанын немен дәлелдер екен? Ескі Қазақстанның жаппай етек алып, сірестіріп қалған ашкөздік, сыбайлас жемқорлық, тойымсыздық секілді жат құбылыстарынан жиреніп, содан енді арылу үшін де қоғамға, мемлекеттің дамуына аянбай, ашық үлес қосу тірліктері жария болуы керек-ақ. Жасандылықтан жариялыққа, нақтылыққа бет бұруын қоғам айқын сезінбейінше, олар туралы көзқарастар мен пікірдің өзгеруі қиын-ақ. Бес саусағы бүгіліп, жұдырығы жұмылуы деп жүргендердікі рас па, ашылса алақаны аялайтындары аз ба? Тек «Қазақстан халқына» қорына қомақ­ты үлес қосу өз алдына бір төбе, өзін өсірген, қамқорлығына алған, осындай табысты жетістіктер жағдайына мүм­кіндік туғызған қоғам алдында қарыздар екенін терең түсініп, бағалай ала ма екен?

Мемлекет басшысының қоғамда зор сілкініс туғызып, жүйелі жүргізіп отырған саяси бағыт-бағдары, түбегейлі реформалық өзгерістері бүгінгі қоғам­ның сұранысы мен қолдауына толық ие болып отыр. Жаңа тұрпаттағы заманды орнату жолында батыл әрекеттер мен іс-қимылдар жасалып жатыр. Ең бастысы, бұрын-соңды саясатта бүр­ке­меленіп келген қоғам шындығы мен ақиқаты ашық айтылды. Біздің халық демократиялық ашықтыққа бой үй­ретті, биліктің жоғары сатысына дейін сын сөзін жеткізе алды.

Әділетті Қазақстанның даму бағыты біздіңше, мынадай әсер-сезімге ұйытады: қоғамдық үйдің шынысы мен әйнегін сындырмай, бірақ лас іші-сыртын бірдей тазалап, жаңа шаңырақтың әрбір тасы мен заты барынша сапалы, қабырғасы берік, босағасы құт, ырыс-несібесі құнарлы болып, адал қолмен тұрғызылып, адал табыспен игілікке беруді көздеп, мақсат етеді. Сәулетті үй ішінде кісілер болса, қажет кезінде қабағынан қаталдық танытып, қара қылды қақ жарып, шынайылық пен ыстық пейілде, өзара сенімді, жанашыр жағдайында биік-биік мақсатқа жұмылып, бірлікті болуы ант бергенмен бірдей қауымдасқандай жүрер еді.

Қоғам – қатал.

Халық – әділ төреші.

Аласаны қанша жерден байлық-дәулетіне бола үлкейтіп айтсаң да, үлкей­мейді. Міне, бұл – өмір заңы.

Біздің жақсы үлгі – жақсы адамдар. Маңайына әділетті сүйетіндерді топтас­тырып жүретін адамдар.

Ал жалғанды жалпағынан басып жүр­ге­нін міндетсінетін әлгі олигарх дейміз бе, шіріген бай дейміз бе, егер қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін шөптің басын сындырмайтындай қу-пәлекет болса, онда не үміт, не қайыр? Бірақ бұған ұдайы төзімділік танытқаннан гөрі ұлттық ар-ұятын ояту керек. Жалпы, қо­ғамды алға жетелейтін жаңашыл зиялы қауымның талапшылдығы мен еңбекшіл адамдардың жарқын ауызбірлігі біз айтып отырған аса дәулетті адамдардың әр­­дайым қоғам алдында есеп беруге тиіс­ті мін­деті сұралатынын анық аңғар­туы қажет.

Кадрларды таңдап, іріктеуде Прези­денттік кадр резерві бастамасы өз нәтижесін нақ осы көптен күткен тазалық, ар-ождан тазалығынан, мемлекетшілдік адалдықты жоғары және ашық қойған тірліктерінен көретін боламыз. Жақында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып отызында орда бұзған Әбілқайыр Тамабек деген жас жігіт тағайындалды. Бұған дейін өзі туып-өскен Жамбылда, облыс әкімдігінде басқарма басшысы, Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып қызмет атқарған. Шындықты айта білетін, көзқарасын ашық қорғай алатын қырларымен танылып үлгерген ол өзі жетекшілік ететін салаға «адалына көшейік» деген талап қоя бастады. Өңірде «Қанша жерге егін егеміз?» деп аудан әкімдерінен сұрамай ма? Бұл әңгімеге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген ақпаратта «об­лыс­та егістік аумағы 700 мың 700 га» деп көрсетіледі. Бұған жас басшы келіспейді, тағы да бір күн ойланып айтыңыздар дейді. Бір күннен кейін әлгі көрсеткіш бірден 1 мың 700 гектарға азаяды. Бұл нені білдіреді? Статистика жалған, жыл­да өсіріп жазады, қоңыр күзде егін шық­пай қалды, күйіп кетті де­лінеді, ал әлгі пайдаланылмаған, жалған «егістік жерлерге» мемлекет қаржысы мен субсидия да артығымен жұмсалады немесе жеке қалтаға кетеді.

Бұл бір мемлекетшіл жас тұлғаның Әділетті Қазақстан құру идеясымен қаруланып, жаңаша талап етуі үлкен сенім ұялатады. Бұрын дәл осылай ашық айта алар ма еді?

Мұндай әділетті қадамға басқалар да бара ала ма? Алпауыттар мен мемлекет қолдауымен ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген мол қаржысын талай жылдан бері үйіп-төгіп алып отырғандар (олардың арасында ықпалды тұлғалар аз емес) неше түрлі пәлені ойлап, әлде кедергілер жасай ма?

Үкімет, міне, осындай қатаң бақылау­ды түбегейлі орнатуы аса қажет.

Талантты ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ – ме­­нің жал­ғызым!» деген өршіл де өмір­шең қағидаты қоғамға ұлтсүйер, отан­­­­­­сүйер рух әкелгені есімізде. Ұлттық иде­о­­­­­­логияның ажырамас бөлігіндей сезілді.

Өкінішке қарай, өмірлік тәжірибесі аз, үлкен, қазыналы адамдармен ақылдасу­ды артық санап, мансапқа малданып кер­гитін шенеуніктердің іс барысында орға жығылмаса да, опық жейтінін өмір көрсетіп келеді. Бұл сынақты кезеңде жауап­кершілік отырған креслосында ғана емес, бірінші кезекте халықпен қоян-қолтық араласып, іс жүзінде нәтижелі жұмыс көрсеткіштерімен өлшенеді.

Ірі бизнес өкілдері болса, қоғам өркендеуі үшін үлгілі істерімен, инвес­тор­лық игіліктерімен көзге көрініп тұруы керек. Оған шамалары жетеді. Өйткені олардың қолында үлкен байлық бар, зауыт, фабрикалары жұмыс істеп тұр, мол қаржылары бар, жеке бизнесі де дамып, жүріп жатыр.

Мемлекет оларға барлық қолайлы жағ­дайды қолдау тұрғысында жасап келе­ді. Адал болса, қоғамның да алақа­нын­да болады. Бұрынғы көз таныс кәсіп­кер­­лер мен бизнесмендер қағанағы қарқ, са­ғанағы сарқ, аман-есен жүріп, шал­қып өмір сүріп жатыр. Енді олардың қата­ры да өрімдей жас толқынмен толы­ға­ды. Өзгереді. Ұлтқа адал қызмет ету­дің қасиеттерін бойына сіңіре білген, на­мыс­қой, қазақтың рухын көтере алатын жаңашыл жастар келуін қалаймыз. Үмітіміз мол.

Қым-қуыт тірлікте керектіні кімдер айтып, қажетті дүниені кімдер реттейді? Осы елдің беткеұстар азаматтары емей, кімдер енді?

Қоғам зиялыларының жеке тұлғалық қарекеттері мен жол бастайтын адалды­ғына сын тағу емес, ұлттық санаға сілкі­ніс әкелетін қайраткерліктерінен танба­уын баса айтар едік. Ер Ғабеңнің ғибрат­ты бір ауыз сөзі өткен мен бүгінгіні құрметтеудің үлгісі болары сөзсіз.

Бұл ретте ел Президенті қоғамдағы жақсы үлгінің тірегі – адал адам, адал еңбек және адал табыс деп талай мәрте қайталап айтуы да ұлттық идеологияның түпқазығын тереңдете түседі.

Нақ осы сенім бәрінен де қымбат.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері