Қоғам • 04 Мамыр, 2024

Қос аудан Марқакөлге көмек берді

38 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы қыс Марқакөл өңірі үшін оңайға соқпады. Көктем лебі енді-енді ғана сезілген Төсқайың ауылдық округіне жуықта Зайсан мен Тарбағатай аудандарының әкімдері бастаған делегация көмек апарып, ауыл-аймақтың ахуалын көріп қайтты.

Қос аудан Марқакөлге көмек берді

Жаңадан құрылған Марқакөл ауданы­на Тарбағатай ауда­ны­ның әкімі Дархан Жөр­гек­паев, мәсли­хат төраға­сы Өмір­хан Қанағатов тарбағатай­лық­тардың ыстық сә­лемін жеткі­зіп, елдің атынан оқу­­шылар­ға тәтті сыйлықтар, бала­лар­ға ар­налған кітаптар мен ойын­­­­­шық­тар табыс етті. Сон­дай-ақ көк­­темі кеш келетін өңірге қа­жет-ау деп мотопомпа тарту етті.

– ШҚО әкімі Ермек Беделбай­ұлының тапсырмасы бойынша Марқакөлді көріп, жаңа ауданға қандай көмек бере ала­мыз деген оймен келдік. Жер­гі­лікті тұрғындармен танысып, әлеу­меттік нысандарды ара­­лап көрдік. Біз әрқашан қолұшын беруге дайынбыз. Төсқайың ауылындағы мектептің материал­дық-техникалық базасын жақ­сартуға әзірміз. Сондай-ақ бі­лім ошағының алдына воркаут алаңын орнатып бермекпіз, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекпаев.

Өздері де жаңа құрылып жатқан Тар­бағатай ауданының халқына марқа­көлдіктер риза­шылығын білдірді.

– Тарбағатай ауданының халқына көп рахмет. Қар қалың, жол алыс болса да, бізге келіп, кө­мектерін көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта бізге воркаут алаңын орнатып береміз деп қуантты, – деді Төсқайың орта мектебінің оқушысы Айлин Ақылбекова.

Президент Жарлығымен құ­рылған Марқакөл ауданының әлеуметтік-эконо­микалық дамуына көршілес аудан­дардың көмек қолын созып жатқандары қуантады. Сондай-ақ Зайсан ауда­нының әкімі Аэлита Ахмет­сәлімқызы Төсқайың ауыл­дық округіндегі мектептің оқушы­­ларына тәттілер, киім-кешек­тер, резеңке етіктер, ауыл тұрғын­дарына қажетті дәрі-дәрмектерді апарып берді.

– Зайсан ауданы Марқакөл өңірін қолдауға әрқашан да­йын. Бүгін, міне, жаңа құ­ры­лып жатқан ауданға ке­ліп, жағ­дайымен та­нысып қайт­тық. Кішігірім көме­гімізді ала келдік. Болашақта балалар ойнайтын заманауи алаң са­лып берсек деген ойдамыз. Мар­қакөлдік кіш­кен­тай достарымды Зайсан ауданына келіп, өңірдің тарихымен, әлеуметтік нысандармен танысуға шақырып отырмын. Табиғаты әсем Марқа өңірінің бо­ла­ша­ғы зор, – дейді Зайсан ауданының әкімі.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары да әрқашан достық құшағын жаятын Зайсан халқына алғыс білдірді. Айта кетейік, Зайсан ауданы Марқакөл өңіріне қыстай көмек көрсетіп келеді.

– Биыл біраз ел жемшөптен қиналып қалды. Сол кезде Зайсан халқы бізге қолұшын беріп, 500 түк шөп жіберген еді. Осы жолы да жаңа ауданға көмегін беріп жатыр. Алғыстан басқа айтар жоқ. Бірлігіміз арта берсін! – деді Төсқайың ауылының тұрғыны Бақытбек Тұратауов.

Марқакөл аймағына арнайы келген Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Ерке­бұлан Зағыпаров та ізгі тілегін білдірді.

– Облыс басшылығының Марқакөл өңірінің жағдайымен танысып қайту ұсынысын Зай­сан және Тарбағатай аудандары құп алып, бүгін киелі жерге келіп, тұрғындармен кездестік. Зайсан ауданы мәслихатының депутаттарының ыстық ықыласын жеткізіп, Төсқайыңға маңайдағы ауылдардан келіп, интернатта жатып оқитын оқушыларға спорттық киімдерді табыс еттік. Еңсесін енді тіктеп жатқан Марқакөлді демеуге әрқашан әзірміз, – деді Е.Зағыпаров.

Иә, қашанда бір-бірімізге демеу болған елміз. Бұл жолы да Зайсан мен Тарбағатайдың азаматтары мықтылығын, тектілігін көрсетті.

 

Шығыс Қазақстан облысы