Айбын • 07 Мамыр, 2024

Құрыштан құйылған қуатты техника

269 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қауіпсіздіктің тірегі – айбынды әскер мен қуатты техника. Геосаяси ахуал күн сайын құбылып тұрған алмағайып заманда әлем елдері әскерінің әлеуетін арттырып, заманауи технологияға көңіл бөле бастады. Бұл ретте халықаралық сұранысқа сай әскери бронды техникалар шығаратын кешеннің жұмысы жан-жақты қолға алынды. Жақында елордадағы индустриалдық аймақта орналасқан «Kazakhstan Paramount Engineering» зауытында болып, отандық әскери техникалардың жай-күйімен танысып, қатары толықтырылған бронды көліктердің мүмкіндігін көзбен көріп қайттық.

Құрыштан құйылған қуатты техника

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

70 пайызы – отандық өнім

Былтыр Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан халқына Жолдауында да­мы­­ған мемлекеттерде ұлттық қауіп­­сіздікті қамтамасыз етуде ше­шуші рөл атқаратын қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту қажеттігін жеткізді. Ең маңызды міндет – импорттық жеткізілімдерге тәуелділікті тө­мен­детуге мүмкіндік беретін лока­лизацияның жоғары үлесі бар өндіріс циклін құру. Бұл ретте оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар екенін еске сал­ған Президент тапсырманың тиянақ­тылығы құзырлы мекеме­лердің тапсырысына келіп тіре­летінін де ерекше қадап айтты. Бұл сөздің жаны бар. Себебі зауыттағы өнді­рістің өміршеңдігі күштік құры­лымдардың тапсырысына тікелей байланысты.

Зауытқа шетелден оқ өткізбеуге арналған болат парақ, доңғалақ, қозғалтқыш мен беріліс қорабы келеді. Ал жергілікті өнімнің үлесі 70 пайыздан жоғары. Әрі қарай металдан мықты техника жасап шығару зауыт қызметкерлерінің кәсібилігіне байланысты. Зауыт жұмысын таныстырған бас инженер Төленді Жұртыбаевтың айтуынша, болат парақты кесу, пішу, ою, жою, иіп, бұрғылау, балқыту, жабындыларын бояу, құ­растыру, дәнекерлеу, қажетті бөл­шектерін жасау секілді қыруар жұ­мыстың бәрі зауытта істеледі. Осындай техникаға қажетті негізгі және дайын бөлшектерден басқа, электр қондырғылары мен сымдар, панельдеріне дейін осы жерде монтаждалады. Жергілікті өнімнің көрсеткішін көбейтуге жұмыс істеп жатқан зауытта қазір де ұсақ бұрандалар мен оқ өткізбейтін шыны терезелер, оптикалық жарақтар, экипаждардың өзара байланыс құралына дейін отандық өнімнен құралған.

ва

Шикізат ретінде пайдалана­тын болат металл НАТО-ның талаптарына сәйкес таңдалған. Оның құрамында химиялық тіз­бек­­тің 18 түрлі құрылымы бар. Яғни оқ өткізбейтін, кез кел­ген тем­ператураға төзімді, иілгіш қасиетке бай элементтер жинақ­талған. Осын­дай мықты құрыш­талған болат парақ лазермен және сумен ке­сетін арнайы станоктардың көме­гімен кесіледі. Тағы бір айта кететіні, жұмыстың көбі қолдың күшімен емес, ақыл-ойдың көмегімен жүзеге асады. Өйткені металдың пішіні арнайы бағдарлама арқылы сызылып, автоматтандырылған лазер кесіп беріп жатыр. Оператор техниканың жұмысына бақылау жүргізсе бол­ғаны. Ең маңыздысы – осындай заманауи бағдарламаларды тілін меңгеріп, автоматтандырылған техниканы басқарудың арқасында болат металдан мықты техника құрастырып жатқандардың барлығы жергілікті мамандар.

Бір техника екі апта ішінде құрастырылады. Сондай-ақ көлікті қайтадан жөндеу де осы зауытта жүргізіледі. Қызмет көрсету депар­таменті тек жөндеу емес, оқыту, үйре­туді де өз мойындарына алады. Де­мек зауыт өз өнімін басынан ая­ғына дейін қадағалайды деген сөз.

 

Сынақтан сәтті өткені өндіріске қойылады

Заманға сай қорғаныс қабілеті жоғары құрышталған әскери көлік­тердің қолданыста жүрген ескі техникалардан айырмашылығы жер мен көктей. Байқағанымыздай, техникалардың астыңғы формасы ағылшын тілінің V әрпі пішіндес. Бұл мина жарылған кезде жарылыс толқыны техниканың бойымен кетіп қалу үшін арнайы ойлас­тырылған. Ал кеңестік дәуірдегі төртбұрышты форма толқынды өзіне алатындықтан адамдардың өмірін толық сақтап қалу қаупі жоғары болады екен. Екіншіден, ескі техникалардың дені оқ өткізуге бейім келеді. Үшіншіден, зауытта шығарылатын бронды көліктердің бәрі электронды бағдарламамен қамтамасыз етілген. Тіпті жылдам­дығы, қауіпті бақылауы, экипажға жасалған ыңғайлылық та жан-жақты қарастырылады. Мысалы, көліктің ішіндегі орындықтар адамдардың отыруына ыңғайлы ғана емес, тікелей толқын әсер етпеу үшін аспалы етіп істеледі. Мина жарылған кезде ілініп тұр­ған орындық жоғары көтеріліп-түсе­ді. Корпусқа байланған болса, мина­ның соққысы адамды өлтіріп жібереді. Ал ескі техникаларда қи­мыл-қозға­лыс жасаудың өзі қиын. Корпусқа байланған орындықта экипаж мү­ше­лері бүктеліп отыруға мәжбүр.

«Біз қорғаныс қабілеті жоғары техника шығаруды ғана мақсат тұтпаймыз. Көлік ішіндегі экипаж мүшелерінің өмірін сақтап қалу одан да маңызды. Техника өндіріске қойылмай тұрып конс­т­рук­торлық бюро көліктің 3D моде­лін сызып, әртүрлі талапқа сәйкес­тігін тексереді. Мәселен, жүру қабілетінен бастап табиғат жағ­дай­ларына бейімділігіне дейін қарастырылады. Одан кейін бір данасын шығарып, өмірлік жағдайда түрлі қару-жараққа қауқарын көру үшін бірнеше жыл сынақтан өткізіледі. Оны біздің мамандармен бірге тапсырыс берушілер бірге атқарады. Сынақтан сәтті өткен техника ғана өндіріске қойылады», дейді Т.Жұртыбаев.

вава

Бұл зауыт бүгінде Орталық Азияда ғана емес, алыс-жақын мем­лекеттердің ішінде әскери доңға­лақты техника шығаратын жалғыз зауыт десе болады. Ұжымдағы 260 маманның қолынан шыға­тын «Арлан», «Алан», «Барыс» деп ата­­ла­тын бронды көліктерге қазір ел­­дегі барлық күштік құрылым тапсы­рыс беріп отыр. Техниканың барлығы -50⁰С ден +50⁰С температурасына дейінгі қатаң климат жағдайында пайдалануға то­лығымен бейімделген. Сондай-ақ тапсырыс берушінің қалауынша қару-жарақтың барлық түрі, қажет десе, минометті қондырғы және танкке қарсы басқарылатын ракета жүйесін орнатуға болады. Бұл міндетті зауыттың конструкторлық бюросы атқарады. Олар жаңа үлгі­лерді әзірлеуге, тапсырыс беруші­лердің талаптарымен техникаларды жаңғыртып береді.

 

Әлемдегі ең ұтқыр көлік

Зауыттың алғашқы қарлығашы – минаға қарсы күшейтілген қорға­нысы бар «Арлан 4*4» көп­мақ­сатты брондалған машинасы «Top Gear» халықаралық журна­лының «әлемдегі ең ұтқыр көлік» деген жоғары бағасын алған. Баллис­тикалық шабуылдан сақтап, мина­ға төтеп беру үшін екі рет құ­рыш­пен қапталған «Арланның» жарық­шақтарға төзімді әрі жарылыс күшін бейтараптандыратын қабілеті бар. Әрі биологиялық және химиялық қаруға қарсы қорғаныс жүйесі орнатылған. Кинетикалық әрекетті жарылғыштарға, майдан артиллериясының жарқыншақты-фугастық снарядтарына, қолдан жасалған әртүрлі жарылғыш заттарға да төтеп береді. Оның корпу­сындағы екіқабатты брон кез келген бронтесер оқ-дәрілердің жойқын соққысына шыдайды екен. Бас инженердің айтуынша, көлік жылу беретін, күндізгі көру камераларымен, лазерлік алысты өлшеуші құралы кез келген климаттық жағдайда, түнгі және күндізгі уақытта бақылауға, барлауға және көздеп атуға мүмкін­дік береді. 280 аттың күші бар көлікке 11 адамға дейін отырады. Көліктің жоғары жағындағы мұнара да отандық өнім. Көліктің көзі ретінде қызмет атқаратын құрылғысына автоматтандырылған көру, бақылау, анықтау аппараттары қойылған.

Бір сөзбен айтқанда, төтенше жағдайда, құқықтық тәртіпті сақтау, арнайы жасақ және айрық­ша әре­кет ету тобының операциясы, іш­кі қауіпсіздікке, шекараны шол­ғындауға және қарулы қақтығысты жоюда сенімді серіктес.

Революциялық аласа профильді бронды дөңгелекті «Барыс 6х6» көлік тамаша қорғанысты, мобиль­ділікті және атыс қуатын қамта­масыз ететін қасиетімен ерекше­ленеді. Жердегі минадан, қолдан жасалған жарылғыш заттардан, бүйірдегі жарылыстан қорғанысты озық түрде қамтамасыз етеді. Ма­ши­наның түбін қорғайтын тегіс кор­пусы сұлбаны 2.4 метрге дейін азайтуға мүмкіндік беретінін айтқан Т.Жұртыбаев, бұл техникаға бүгіннің өзінде Иордания, Таяу Шығыс елдерінен тапсырыс беруге тілек білдіріп жатқандар барын жеткізді. Сағатына 110 км-ге жүйткитін бұл көлікте 450 аттың күші бар. «Тағы бір ерек­шелігі, тек түзу жолда емес, құмды, батпақты, тасты жерлерде оңай қозғалады. Бұлардың да жоғары жағына түнде ату, көру, бақылау құралдары орнатылған мұнара қойылады», дейді бас инженер.

Көлік өндіріске екі жылдан бері шығарылса, қазір сынақтан өтіп жатқан габариті үлкен «Барыс 8*8» машинасының жүріс қоры – 500 км. Баллистикалық шабуылдарға оңай төтеп береді. 7,62х54 RP калибрлі бронбұзғыш оққа, эквиваленті 14 килотротильге тең жарылысқа шыдамды. Қазір бұл машина түрлі климаттық жағдайларда, кез келген тәулік мезгілінде, жолсыз жерлерде тапсырмаларды орындауға сыналып жатыр. Көліктердің корпусы мен терезелері де 7,62 калибрлі винтовканың оғын өткізбейтіні зертханада тексеріліп, тиісті стандарттар берілген.

 

Бейбітшілік миссиясындағы міндет

«Барыс 6х6» техникасымен түйдей құрдас, өндіріске шығарыл­ғалы екі жыл болған «Алан 4*4» көлігінде 300 аттың күші бар. 9-10 адам­дық экипажға арналған техни­каның жүру жылдамдығы – 160 км. Оның да миналық ату құралдарына арналған қорға­ныс қабілеті мығым. «Арланға» қараған­да шағын болғанымен, жоғары жылдамдықпен жүйткитін бұл көліктер қазір Таяу Шығыстағы бейбітшілік миссиясында міндетін атқарып жатыр. Айта кету керек, базалық көліктер бейбіт мақсатта ғана емес, соғыс жағдайында да өзін дәлелдей білген. Бас инженердің сөзінше, Әзербайжан елі Оңтүстік Африкада жасалған осындай техниканы ұрыс кезінде қолданған. Соғыста көлік жанған, жарылған, доңғалағы ұшып, сынып кеткен жағдайлар болғанымен, ішіндегі әскерлер жүз пайыз тірі қалған екен.

Кейінгі жылдарда отандық тех­никаларға деген тапсырысқа қатысты түрлі сын айтылып жүр­гені де жасырын емес. Осыдан 4 жыл бұрын зауыт дағдарыстың аз-ақ алдында қалған. Өйткені зауыт­тың негізгі тұтынушысы – Қорға­ныс министрлігі мемлекеттік тапсырысты 30-дан 11 техникаға дейін қысқартып тастаса, 2021 жылға ешқандай тапсырыс бермеген. Кейінгі жылдары күштік құрылымдар өзгенің қаңсығына таңсық болып, әскерімізді ескірген техникаларға толтырып жатқаны да ауық-ауық айтылып жатты. Дегенмен қазір отандық өндірістен шығарылып жатқан техникаға тапсырыс көбейіп келеді. Соған сәйкес жаңа әскери бронды көліктердің қатары көбейіп, техникалардың түрлендіру ісі де қолға алына бас­тады. Бас инженердің айтуынша, бұған Президент берген пәрменнің де пайдасы тиіп отыр. Кейінгі бір жарым жыл ішінде Мемлекет басшысы зауытқа екі рет ат басын тіреп, өндіріс көлемін әрі қарай жандандыру қажеттігі туралы тапсырма берген. Бүгінде мемлекеттен жылына 120 көлікке тапсырыс түссе, зауыттың өндіріс қуаты одан да көп.