Аймақтар • 09 Мамыр, 2024

Түркістан облысында 11 майдангер тұрады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысқа Түркіс­тан­ облысынан 140 мыңнан астам аза­­­мат аттанған екен. Сол сұрапыл со­ғыс­­тан елге аман оралған 70 мың сар­­­­баз­дың 51-і Кеңес Одағының Ба­ты­ры,­ біреуі Халық қаһарманы және 8-і III дәрежелі «Даңқ» орденінің кавалері атанған.

Түркістан облысында 11 майдангер тұрады

Фото: basnews.kz

Бүгінде қатары сиреген, соғысқа қатыс­қан қариялардың ең үлкені 102 жаста. Олардың бірі Исабай Жүзеев Қазығұрт ауданының Қарабау аулында, екіншісі Немат Абдурасилов Түркістан қаласында тұрады. Ордабасылық соғыс ардагері Қалмен Мұратов 100 жасқа толып отыр. Ал Сайрам ауданында тұратын Ахмеджан Анартаев пен Кентау қаласында тұратын Бадан Түребаев биыл 97-ге толады. Жалпы, өңірде Жеңіске үлес қосқан 3 654 ардагер бар. Оның 11-і майдангер болса, 121-і соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген. Соғысқа қатысушыл мен мүгедектеріне теңес­тірілгендердің екеуі қоршауда, екеуі кәмелет жасқа толмаған кезінде концлагерьде, басқа да мәжбүрлі түрде қамап ұстайтын жерлерде тұтқында болған. 117-сі қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері, ал 3 522-сі – тыл еңбеккері.

Биыл Жеңіс күні мерекесіне орай өңірдегі 3 654 ардагерге бірреттік материалдық көмек беру үшін аудандық және қалалық бюджет есебінен 176 млн 500 мың теңге бөлінді. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 11 қатысушысы мен мүгедегіне 1 млн 500 мың теңгеден, кәмелеттік жасқа толмай тұтқында болғандарға, соғысқа қатысушы мен мүгедегіне теңестірілген басқа да санаттағыларға 100 мың теңгеден беріледі. Ленинград қоршауында болғандарға – 60, тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңге көлемінде бір­реттік материалдық көмек тағайындалған.

 

Түркістан облысы