Балалар • 15 Мамыр, 2024

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне жете мән берген жөн - депутат

84 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«AMANAT» Фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтарды қозғап, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне жете мән берген жөн - депутат

Фото: luxfm.kz

«Президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданды. Енді балаларға байланысты әрбір мәселе мемлекеттік деңгейде бақылауда болатыны хақ. Дегенмен, елімізде әлі де кездесетін кейбір келеңсіздіктер осыған қарсы жасалып жатқандай әсер қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар. Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айрылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады. Басқа басқа, балаға қатысты мұндай теріс қадамға бару – нағыз бассыздық, ақша үшін ардан аттау емес пе?», деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев тағы бір мысал келтірді: 2023 жылдың тамыз айында Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагері анықталған. Олардағы жағдай да ешбір сын көтермейді. Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес.

«Былтыр Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған. Сол секілді Шымкенттегі «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. Сондай-ақ 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Былайша мөлшерден тыс тығыз орналастыру балалардың демалуына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті», деп түсіндірді депутат.

Оның айтуынша, жоғары аталған заң енді мұндай орындарды ескертусіз тексеріп, талапты сақтамағандарға нақты шара қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан осындай олқылықтардың барлығын жойып, балалардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән берген жөн.

Бұл ретте, назар аударатын мәселе – елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейді. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды. Оның ішінде де сапалы демалысты қамтамасыз ете алатыны санаулы ғана. Оған қоса, пандемиядан кейін лагерлердің 30 пайызы жұмысын тоқтатты.

«Ашығын айту керек, балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикасы көкейге қонбайды. Өйткені, жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерлерді – жазғы лагерлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Тағы да қайталап айтамын, мектеп жанындағы лагерлер жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу. Тағы бір атап өтерлік мәселе – еліміздегі лагерлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр. Сондықтан салынуы оңай, шығынды аз талап ететін Глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет. Сондай-ақ елімізде педагогттерді дайындайтын оқу орындары көп болғанымен, әлі де лагерлерде жұмыс істейтін жетекші-тәрбиешілерді дайындау жүйесі жолға қойылмаған. Осы ретте, «AMANAT» партиясының Жол картасында 50 балалар сауықтыру лагерін салу  көзделген. Алайда оның биыл тек бесеуінің ғана құрылысы жүріп жатыр», деп қосты Елнұр Бейсенбаев.

Қорыта келе, балалардың жазғы демалысына қатысты келеңсіздіктердің алдын алу үшін бірқатар шараларды қолға алу ұсынылды.

«Су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерлеріне арнайы ұйымдастыру керек. Жазғы балалар сауықтыру орталықтары тиісті салалық мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуі тиіс. Бизнес өкілдері мен сала мамандарын қатыстыра отырып, Қазақстанда балалар демалысын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн», деп түйіндеді депутат.