Экономика • 17 Мамыр, 2024

Шенділер дамудың шешімін таба ала ма?

57 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ел экономикасының жыл сайынғы өсімі 6 пайыздан кем болмауы керектігі туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған орай Үкімет экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бірінші кезектегі істердің жоспарын өзінің қаулысымен бекіткен. Қаулыда жоспардың орындалуын бақылау бойынша бірінші басшының жеке жауапкершілігі нақтыланған.

Шенділер дамудың шешімін таба ала ма?

Солтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің бірінші тоқсанның әлеумет­тік-эконо­микалық дамуының қорытын­дыларын қараған отырысында экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов қала мен аудан әкімдіктеріне осы мәселе бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру және сауда нарығын жаңғырту, құрылыс инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғын-үй құрылысы көлемін арттыру бойынша міндеттер бекітілгенін айтты. Алайда осы міндеттерге әкімдер салғырт қарайтын секілді. Сондықтан болар, Қуанышбек Қалижанов облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметовке: «Үкіметтің тапсырмасын сапалы орындауға тиісті басқармалар мен әкімдерге жұмысты жандандыру туралы тапсырма беруіңізді сұраймын. Сонымен бірге әкімдерге экономиканың өсімін қамтамасыз ететін қосалқы әдістер табуды тапсыру керек», деді. Қ.Қалижановтың барлық жұрттың көзінше жұмсартып айтқандағы өтініші осындай болса, басшылардың болбыр әрекеті білініп тұр.

Одан әрі Қуанышбек Қалижанов экономика салалары бойынша бірінші тоқсанның қорытындыларына тоқталды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша облыс былтырмен салыстырғанда 3,4% өсімге қол жеткізген. Республика бойынша осы көрсеткіш 1,6% болыпты. Дегенмен бұл өсім былтырмен салыстырғанда төмен, аталған мерзімде былтырғы өсім 4,6% болған екен. Соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі де өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға төмен болған. Ет өндірудің өзі 4,4%-ға төмендеп кеткен. Ал сүт пен жұмыртқаның өсімі жақсы, алғашқысы 12,6%, соңғысы 7,8%-ға артқан.

Үш айда өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 177,1 млрд теңгеге жетіп, 112,1%-ға орындалған. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсімі 14,7% болған. Яғни өткен жылдың сәйкес мерзімінде 112,2 млрд теңгенің өнімі шығарылса, биыл ол 143,9 млрд теңгеге жеткен.

Өнеркәсіп өнімдерінің негізгі бөлігі Петропавл қаласында жасалады (барлық өнімнің 71,7% пайызы). Өнеркәсіпті өрге сүйреп тұрған кәсіпорындар қатарында «ЗИКСТО» АҚ, «Масло дел» ЖШС, «Евразиан Милк» ЖШС, «Радуга» ЖШС, «Зеленый Север» ЖШС, «СТ Assembly» ЖШС, «Петропавлдың электротехникалық зауыты» ЖШС бар. 

Осы тоқсанда экономикаға тартылған инвестиция көлемі 94,6 млрд теңге болған. Бұл былтырғыдан 48,8%-ға артық. Құрылыс саласындағы өсім де қарқынды. Істелген жұмыс көлемі былтырмен салыстырғанда 4,8%-ға жоғары.

Солтүстік Қазақстан облысының биыл әдепкі тоқсанындағы жалпы экономикалық жағдайы тұрақты болып, жергілікті бюджетке түскен табыс 110,5%-ға орындалып, 31,8 млрд теңгеге жеткен. Жоспардан тыс алынған табыс 3,8 млрд теңге болып отыр. Бұл туралы облыстың қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант жариялады. Осынау қаражаттың 17,8 млрд теңгесі облыстық бюджеттің кіріс бөлігіне алынған. Қалған 13,9 млрд теңгесі қала және аудандар бюджетіне құйылған. Дышканттың айтуынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы шығыс жоспары 100%-ға орындалған. Алайда ол өзінің сөзіне өзі қарсы келіп, 34,5 млн теңгенің игерілмегенін айтты. Соның 8 млн теңгесі республикалық бюджеттен берілген мақсатты трансферт екен. Қаржыгер баяндамасын: «Осы жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бо­йынша біздің облыс бюджеттің орындалуы республика бойынша ең алдыңғы қатарда», деп аяқтады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Күзгі қомырған

Мирас • Кеше

Иткөйлек

Оқиға • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Жастар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан» • Кеше