
Суреттерді түсірген – автор
Өскеменнен небәрі 100 километр қашықтықтағы Қайыңды ауылын көп ешкім біле де бермейді. Жаздың күні ат басын бұра кеткен ауылға қыс ішінде арнайы барғанбыз. Тамылжыған табиғат аясындағы ауылдың тыныс-тіршілігін көргіміз келген. Қырқадан аса бере жайқалған орман бел-белесті асып, кете береді. Иектің астындағы ойпаңда ауыл отыр. Жолдың қос қапталында көкке қадала өскен қарағай. Ауылдың атауы Қайыңды болғанымен, қайың ағашы селдір. Тұрғындардың дені орман шаруашылығында жұмыс істейді. Мектеп жоқ. Оқушылар Шұбарқайыңның мектебіне қатынап оқиды. Мектеп дейміз, шағын ауылдан дүкен де таппайсыз. Ауылдықтар азық-түліктерін орталықтан жеткізеді.
Біз түскенше Қайыңдының іші тым-тырыс еді. Қалай көліктен шықтық, ауыл иттері абалап, айнала азан-қазан болды да кетті. Соған қарағанда, мұнда бөтен ел кірмейтін секілді. Кіргенді қойып, мұндай ауылдың барын білмейді де. Үйлердің көбі қарағайдан қиылған. Мұржалардан шыққан түтін сыздықтай бастапты. Ерте жаққан от қызыл шоқтанып, сөнуге айналған шығар. Абалаған иттердің дауысы бәсеңдей бергенде шелегін салдырлатып, қоңырқай күрте киінген әйел шыққан. Іргесіндегі құдықтан су алуға бара жатыр екен. Ауылдың ау-жайын сұрап, әңгімеге тартқан болдық.
– Туып-өскен ауылымнан табан аудармаймын. Қаланың шуынан туған жердің нуы артық. Азын-аулақ мал ұстаймыз. Жайылым мен шабындықтан тарлық көріп отырған жоқпыз. Өзім орман шаруашылығында жұмыс істеймін, – деген Альмира Қаржаубайқызы қозы-лағын жамыратып, қой-ешкісі маңыратып, төмендегі суатқа түсірді.
Қора-жайын тазалап жүріп орманшылықтың жұмысы төңірегінде әңгіме өрбітті. Көктем шыға көшет егіп, соны күтіп баптайтынын айтты. Ормандағы өрттің алдын алу мақсатында күні-түні иненің ұшында жүргендей күй кешетінін де жасырмады. Айтса, айтқандай. Жаздың күні майы шылқып тұрған қалың қарағайға жылт еткен от тисе, сыр ете түсердей. Қорғауды күшейте түсу керек-ақ.
Ауылды айналшықтап жүрміз. Ауыл емес, бейне бір орман ішінде жүргендейсің. Әншейін туристік маршрут сызып қоятындай жер. Қаланың қым-қуыт тіршілігінен мезі болғандарды бірер күнге алып келіп, ауылдың ауасын бір жұтқызса, сергіп шыға келер еді. Атпен серуендеуге де қолайлы. Аяққа шаңғы байлап жүгіруге де болардай. Қар шананың ізіне түсіп, шынтақты айнала бергенімізде, алдымыздан еңселі үй көрінген. Қырау шалған жыныстың арасындағы үй ертегі әлеміне жетелей жөнелгендей әсер береді екен. Қияқ мұртты ер адам ауласында отын жарып жүр. Жөн сұрасып едік, ол да орманшылықта жұмыс істейтінін айтты. Ертеректе Зайсан өңірінен көшіп келген екен.
– Ауылда жүзге жақын тұрғын бар. Дені малмен айналысады. Мен аң шаруашылығы жағында жұмыс істеймін. Ауылдың айналасы толған аң. Аң болғанда, тұяқтылар. Қар қалыңдағанда бұғы-марал ауылға дейін түседі, – дейді Ғалым Маранұлы.
Ол ауылдың ең негізгі мәселесін де бүгіп қалмады. Әуелде айтқандай, Қайыңдыға ауыл мәртебесі қажет.
– Ауыл мәртебесі болмаған соң, жол да жөнделмейді, электр бағаналары да тозып тұр. Халықта дұрыс тіркелім де жоқ. Туған балаларды қайда тіркейміз деп алашапқын болады. Құжаттары орталыққа кетті деген. Оң нәтиже берсе жөн. Жоғарыдағы басшылар құжатты тездетіп шешіп, ауыл дәрежесіне жетсек екен, – дейді Ғалым Маранұлы.
Тұрғындар көтеріп жүрген бұл мәселе сан мәрте мерзімді басылымдарда жазылғанымен, тиянақталмай тұр. Самар ауданы басшылығы тиісті құжаттар қатталып, Шығыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасына жіберілгенін айтады.
– Ауыл аумағын Қайыңды орман қоры жерінен шығарып, Самар ауылдық округінің құрамына енгізуге қатысты «Орман кодексінің» талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта барлық материалдар облыстық жер қатынастары басқармасына жіберілді, – дейді Самар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Құмарбекұлы.
Оның айтуынша, облыстың жер қатынастары басқармасы мемлекеттік орман қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мәселесі жөніндегі материалдар негізінде орман қорының жерлерін ауыстыруды мақұлдау туралы қаулы қабылдап, қажетті құжаттармен қоса, келісу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне 2025 жылғы 6 ақпанда жолдаған екен.
Ендігі кезекте мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынған жағдайда, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен Үкімет шешімінің жобасын әзірлейді, мемлекеттік орман қоры жерлерін ауыстыру мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін Үкіметтің қарауына енгізеді.
Осы секілді бірқатар жұмыс атқарылып, Қайыңды ауыл мәртебесіне ие болса, Самар ауданының, аумақтағы туризм саласының дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Самар өңірінде жағалауда жатып демалу ғана емес, қысы-жазы тау-таста серуендеу мүмкіндігі де туады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы