
Заң талабына сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі өнімдерін сатуға тыйым салынады. Бұл үшін жеке тұлғаларға 15 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Өткен жылы қалада заңға пысқырмаған 160 кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 423-1-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылыпты. Жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес вейптер мен басқа да никотин өнімдерінің заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік белгілеу – азаматтардың денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам.
«Мемлекет жастарды никотин өнімдерінің зиянды әсерінен қорғау саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік едәуір күшейтілді, сондықтан кәсіпкерлерді белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Алматыда кәмелетке толмағандарға темекі және темекі өнімдерін заңсыз сату фактілеріне қарсы күрес жалғасып жатыр. 2025 жылдың басынан бері осыған ұқсас 27 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полиция жастарды темекі өнімдерінің зиянды әсерінен қорғау мақсатында бақылауды күшейтті. Азаматтардың денсаулығын қорғау шаралары аясында темекі өнімдерінің, соның ішінде электрондық тұтыну жүйелері мен хош иістендіргіштердің және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымына қарсы қатаң шаралар қабылданып отыр. Вейптерді заңсыз сатқандар 200 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады», дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қолда бар дерекке сенсек, электрондық темекі саудасы 2020 жылдан бері 300 есеге дейін ұлғайған. Құрамы толық зерттелмеген зиянды заттар санатына кіретін кальян (қорқор) тұтынушылардың үлес салмағы басым. Жыл басында аталған мәселе Мәжіліс мінберінде көтеріліп, қоғамдық орындарда кальян тұтынғандар мен оны саудалағандар айыппұл арқалаумен шектелмеуі қажеттігі, жастар жиі әуестенетін зиянды затқа түбегейлі тыйым салу керектігі айтылған еді.
2024 жылы Алматыда қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 5 514 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құзырлы орындар мекеме иелеріне заң талаптарын сақтау туралы 458 ұйғарым жолдаған.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қоғамды кальяннан арылту қажет деп есептейді. Ол осыған қатысты депутаттық сауалында жауапты орындарға тиісті ұсыныстар айтқан еді.
«Ең алдымен Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуге тиіс. Үшіншіден, Үкімет елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет», деді Д.Тұрлыханов.
Дәрігер Маржан Болатқызы электрондық темекінің құрамындағы сұйықтық онкологиялық концарогендерге толы екенін, ол миды зақымдау арқылы рак клеткаларын тудыратынын айтады. Елдегі 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электрондық темекі тұтыну төрт жылда 3 есеге дейін өскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуіне сенсек, ұл балалардың 15, қыздардың 6 пайызы электрондық темекіні бір рет болса да қолданып көрген. Әлемнің 30-дан аса елінде вейптерді сатуға тыйым салынған. Өкінішке қарай, бізде зиянды заттар дүкендердің көрнекі жеріне қойылып, жарнамасы жер жарып тұр.
АЛМАТЫ