
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Отырысқа «Самұрық-Қазына констракшн» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, облыс әкімінің орынбасарлары, Семей қаласының әкімі, тиісті басқарма басшылары мен мердігер компания өкілдері қатысты.
«Бүгінде облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданында 1 200 орындық, Водный кентінде 600 орындық, Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында 300 орындық мектептің құрылысы толық аяқталған», дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Олардың мәліметіне сүйенсек, Қарағайлы шағын ауданы мен Бесқарағай ауылындағы мектептерді интернет және электр желісіне қосу бойынша туындаған мәселелер шешілді. Аягөз қаласындағы 600 орындық мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек аталған жоба аясында Семей қаласының Шығыс кентінде жаңа мектеп салу жоспарда бар.
Жиында «Самұрық-Қазына констракшн» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов өңір басшысына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша өңірде салынып жатқан мектептер туралы баяндады.
Ал облыс әкімі жоғарыда аталған мектептердің тапсырыс берушісі «Самұрық-Қазына констракшн» басшылығына нысандардың құрылысын мейлінше тездетуді әрі жұмыстың сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.
«Еліміздің басқа өңірлерінде осы жоба аясында ондаған мектеп пайдалануға берілді. Ал біз айналдырған 5 мектепті әлі аяқтай алмай отырмыз. Қаншама ата-ана, қаншама оқушы бұл білім ордаларының тезірек ашылуын күтіп жүр. «Жайлы мектеп» жобасын Президенттің өзі бақылауында ұстап отыр. Сондықтан тапсырыс беруші мердігерлермен бірлесе жұмыс істеп, мектептерді тезірек қолданысқа беріңіздер. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетеміз», деді өңір басшысы.