Тұлға • 03 Сәуір, 2025

Айтулы ағартушы

44 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қайраткер Әуезхан Қанафин ұзақ жылдар бойы ағарту саласын жүйелеу, жаңарту жолында табанды еңбек етті.

Айтулы ағартушы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ол үшін мектеп – білім ордасы ғана емес, тәрбие мен руханияттың тұғыры еді. Оның еңбектері мұғалімдер мен оқушыларға ғана емес, жалпы қоғамға бағыт­талған. Білім жүйесін жаң­ғыр­тудың, қазақ әдебиетін оқытудың әдіс­темелік негіздерін салудың жолдарын ұсынды. «Қазақ әдебиеті», «Түркі халықтары әде­биеті» сияқты оқу-құрал­дары бүгінде де өз маңызын жойған жоқ. «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» еңбегі арқылы ұлттың ұлы ойшылын жастарға жақындатып, оның мұрасын жаңа қырынан ашты.

Әуезхан бала күнінен білімге құш­тар болып өседі. Қарқаралыдағы Абай атын­дағы педагогика училищесін тәмам­да­ғаннан кейін, Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің табалдырығын аттайды. Осылайша, білімге деген махаббаты мен тала­пшыл мінезі оны ұстаздық жолға жете­лейді. Ауыл мектебінде мұғалім болып бастаған жас жігіт аз уақыт ішін­де басшылық қызметке көтеріледі. Ақтоғай орта мектебін басқарған жылдары ол елдің болашағы саналатын жас­тарды тәрбиелеуде бар күш-жігерін жұм­сады. Кейін Балқаш қаласына ауы­сып, білім беру ісінде тың серпіліс әкел­ген ұйымдастырушылардың бірі болды. Уақыт өте келе Қазақ КСР Оқу ми­нис­трінің орынбасары лауазымына таға­йын­далып, ел көлемінде білім саясатын қалып­тастыруға атсалысты.

Ұстаздық жолмен басталған еңбек кейін мемлекеттік қызметте жалғасып, оның халық ағарту ісінің дамуына қосқан үлесін еселей түсті. Қарапайым ауыл мұғалімінен министрдің орынбасарына дейінгі жолында ол білім мен тәжірибенің ғана емес, адамгершілік пен ұлтжандылықтың биік үлгісін көрсетті. Әсіресе оның Дінмұхамед Қонаевпен кездесуі тағдырлы шешімдерге толы қызмет жолының бірегей сәті болды. Осы кездесу турасында ол өзінің «Ауыл азаматының соқтықпалы соқпақтары» кітабында үлкен тебіреніспен жазады.

1972 жылдың көктемі. Наурыздың он сегізінде Әуезхан Қанафин Алматыға шақырылып, небәрі үш күннен кейін ел газеттерінде: «Әуезхан Қанафин Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары болып бекітілді», деген хабар тарайды. Оның үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған қызметке тағайындалуына Дінмұхамед Қонаев пен Саттар Имашевтың ықпалы ерекше. Алматыға келген бетте Саттар Имашев оны бірнеше партияның жетек­шілерімен таныстырып, соңында Д.Қонаевтың өзіне алып барады.

«Жұма күні кешке қарай Имашев: «Ал, Әуезхан, оқу-тәрбие идеология майданы ғой, ертең (күн сенбі) Димекеңе (Қонаев) баруымыз мүмкін. Қонақүйіңе бар, ешкіммен хабарласпа, менің телефонымды күт, – деді. Айтқандарын мүлтіксіз орындап, ертерек тұрып, да­йын отырдым. Сағат 10:30-да: «Машина барады, шыға бер», – деді. Кабинетіне кіріп сәлемдестім. Телефонын көтеріп: «Димекеңе сәлем бердік» – деді де, «жүр» деп асығыс, шапшаң жүре жөнелді. Келе жатып: «Амандас, қолын ұсынса, қолыңды бер. Ол кісі қай тілде сөйлесе, сол тілде сөйле», деді. Алдындағы көмекшісі келгенімізді хабарлап, «кіріңіздер» деген ишарат білдірді. Димекең есік алдында күле қарсы алды. Ұзын столдың ар жағына шықты да, Саттар екеуміз қарсы отырдық. Менің Балқаш қаласынан келіп отырғанымды білгеннен кейін әңгімеміз тіпті жылы бір жағдайға көшті. Халықты, комбинаттың жайын сұрады. Мен комбинат директорының атын атай, Ломакомен бірге аралағанымды айтқанда риза болып қалды. Жаңа ашылып жатқан Саяқ руднигін сұрай келе, «қалдары қалай, магазиніне кірдің бе?» деді. Мен барғанымды, мектеп, интернат, балабақша жақсы жұмыс істеп жатқанын, рудник директоры Гудименкомен, Грп начальнигі Остапенкомен жолығып тұратынымды, жағдайлары жақсы, қалада жоқ тауарлар соларда екенін баяндадым. Қоңырат руднигі сөз болғанда «Бойы менен де ұзын Сүндетов деген экскаваторшы бар еді, бар ма?» деп күлдіріп алды. Мен сөзім дәлелді болуы үшін қалалық кеңеске депутат болып, сол Қоңыраттан сайланғанымды айта келіп, сұрауларына толық жауап бердім. Әңгімеміздің соңында: «Саттар, дұрыс кадр тапқансың, мен толық қолдаймын», дей келе, Оқу-ағарту министрінің, жалпы республикадағы жағдайларын сөз етіп: «Қарғам, қашық аудандарға бар, жағдайларына жете талдау жасаңдар, біз барсақ, күн бұрын дайындап қойған жерлерінен қайтамыз, – деп, кең, терең толғаныс білдірді», деп жазады естелігінде Әуезхан Қанафин. Бұл кездесу өмірінің маңызды бір белесі еді.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары қызметін атқарған жылдары Әуез­хан Қанафинге еліміздің білім жүйе­сінің түрлі саласын басқару міндеті жүк­телді. Мектеп басқармасының қоғам­дық-гуманитарлық, жаратылыстану ғы­лым­дары, кешкі мектептер, мектеп-интернаттар, балалар үйлері, оқу-әдістемелік және кәсіби бағдар бөлімдері, педагог кадр­ларды даярлау, дене тәрбиесі, музыка мектептері мен республикалық әдіс­темелік кабинеттердің жұмыстары тіке­лей бақылауында болды. Сонымен қатар «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мек­теп», «Русский язык и литература в школе» сияқты педагогикалық басылымдар мен «Мектеп» баспасының қызметі де тап­сы­рыл­ған еді.

Оқу-ағарту министрлігінде қызмет еткен жылдары Ә.Қанафин шалғай ауыл­дарға дейін барып, білім сапасын арт­тыруға тырысады. Бір естелігінде ол «Тар­бағатай ауданының шекаралас ауы­лындағы мектепке барғанымда, директор Қ.Ақынов оны «Колхоз болғалы тірі министрді көріп отырғаным осы», деп қарсы алғанын айтады. Мұндай сапарлар ба­рысында ол мектеп ұжымының жағ­дайын бағалап, үздік мұғалімдерді рес­пуб­­­лика көлемінде танымал етуге ерекше мән берген.

Әуезхан Қанафин білім жүйесін жаңарту мақсатында 10-сыныпқа арнал­ған қазақ әдебиеті оқулығының маз­мұнын қайта қарауға бастама жасаған. Жабық конкурс ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарға негізделген материалдар енгізген. Жаратылыстану-математика ғылымдары оқулықтарына да еліміздің өз мысалдарын қосқызған. Сонымен қатар қызметтегі кезінде музыка, спорт мектептерін аудан орталықтары мен ірі совхоздарда ашу мәселесінің шешілуіне де мұрындық болған. Бұл жастардың талантын ашуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.

Жас мұғалімдерді даярлауда да ерекше істер атқарды. Бастауыш сыныптарды жоғары білімді мамандар емес, өз ісіне берілген тәжірибелі ұстаздар оқытуы керек деген қағиданы ұстанды. Осы мақсатта Балқаш, Ақтау, Теміртау сияқты қала­лар­да педа­гогика училищелері ашылып, түлек­тер жергілікті сұранысқа сай бөлін­ді. Жыл сайын 17–20 мыңға дейін жас маманға жолдама беріліп, оларды жұ­мысқа орна­лас­тыруға ерекше назар ауда­рылды.

Әуезхан Қанафиннің білім беру ісіндегі ізденістері тек басшылық қызметпен шек­тел­мейді. Ол бірнеше оқулық пен оқу бағ­­дар­­ламасын жазуға атсалысты. «Түркі ха­лық­­тары әдебиеті» сияқты бірегей ең­бегі де ұлт мұрасына қосылған құнды дүние болды. Ұстаздық пен басшылықты ұш­­тас­­тыра білген тұлғаның өмір жолы – нағыз үлгі.

Айта кетейік, Әуезхан Қанафиннің артында қалған мұрасын түгендеп, ұрпаққа аманаттауға белсене кіріскен – оның жиені, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Майра Хасенқызы. Ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған қайраткердің жазбаларын, жарық көрген еңбектерін, сирек фотосуреттерін іздеп, архивтерді ақтарып жүрген де сол кісі. Бұл игі іске түрткі болған – Ақтоғай музейінің директоры Индира Дәулетбекқызы. Музейде Ә.Қанафиннің өмірі мен еңбегіне арналған арнайы бұрыш ашу идеясы көтерілген сәттен бастап, Майра Хасенқызы оның өміршең мұрасын жинақтауға бар күшін салып жүр. Майра Хасенқызы үшін бұл – отбасы тарихын жаңғырту ғана емес, қазақ білімінің даму жолындағы бірегей тұлғаның есімін ұмыттырмау міндеті.