
– Мен аралас жекпе-жекке 2015 жылы келдім, – деп бастады өз әңгімесін Қаршыға. – Оған дейін бокспен шұғылданып, 2009–2013 жылдар аралығында еліміздің жасөспірімдер мен жастар құрамасы сапында болдым. Бүгінде ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандарды жаттықтырып жүрген Оралбек Ілиясов сынды білікті бапкердің төл шәкірттерінің бірімін. Бокстан ел чемпионы атандым, әлем біріншілігінде қола медальды иелендім. Содан кейін түрлі жағдайға байланысты спорттан қол үздім. Бір жылдан аса уақытқа созылған үзілістен кейін октагонда бақ сынауға бел будым. Алғашқы күннен бүгінге дейін Шымкент қаласында танымал бапкер Мұрат Естановтың қол астында жаттығамын.
– Тұсаукесер кездесуіңізді «Алаш Прайд» промоушенінде өткізіп, қырғыз спортшысы Сыймық Қапарды бірінші раундта-ақ жеңгеніңізді білеміз.
– Иә, дәл солай. Одан кейін тағы бірнеше жекпе-жегімді осы ұйымда өткіздім. Олардың дені селекшн, яғни іріктеу сайыстары еді. Сөз орайы келгенде, кезінде «Алаш Прайдтың» іргетасын қалаған, қазіргі кезде Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов ағамызға зор алғысымды білдіремін. Сол кісінің тікелей қамқорлығының арқасында көптеген дарынды жастың үлкен аренаға шығуына даңғыл жол ашылды.
– «Алаш Прайд» турнирлерінің алғашқы үшеуінде жеңіске жеткеннен кейін төртіншісінде жеңілістің кермек дәмін таттыңыз. Бұл жағдай психологиялық тұрғыдан қиын болған жоқ па?
– Иә, Гран-при турнирінің финалында ұтылғаным рас. Бір кеште бірнеше қарсыласымды қапы қалдырып, шешуші тұста Қырғызстанның ең танымал спортшыларының бірі Тілек Батыровқа есе жібердім. Ол кезде дайындығым керемет болды деп айта алмаймын. Аралас жекпе-жекке келгеніме небәрі үш-төрт ай болған. Маған бұл жақсы сабақ болды. Сол сәтсіздіктен кейін күреске, грэпплингке, джиу-джитсуға айрықша көңіл бөле бастадым. Өзімнің осал тұстарымды түзеп, шеберлігімді шыңдай түстім. Есесіне, одан кейін қатарынан бес жекпе-жекте жеңіске жетіп, еңсем бір көтеріліп қалды.
– Қазіргі рекордыңыз қандай?
– 20 жекпе-жектің 17-cінде жеңіске жеттім. Үш рет ұтылдым.
– Сол жеңістеріңіздің арасында ең есте қалғаны қайсы?
– 2015 жылғы қарашада Қаскелең қаласында Шыңғыс Қуанышбековпен күш сынастым. Бәсекенің басталғанына небәрі 15 секунд өткенде қарсыласымды нокаутқа жібердім. Оны сол жерден дереу жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кетті. Сол кезде «Баланың обалына қалдым-ау» деп қатты уайымдадым. Шамамен төрт-бес сағаттан соң «Қырғыз спортшысы есін жиды. Еліне қайтуға қамданып жатыр» деген хабар жетті. Соны естігенде көңілім орнына түсті. Міне, біздің спортта осындай жағдай да болып тұрады.
– Өзіңіздің осындай қиын жағдайға түскен кезіңіз болды ма?
– «Rizin» промоушеніндегі тұсаукесер кездесуімді 2018 жылы Жапонияның Сайтама қаласында Микуру Асакураға қарсы өткіздім. Ол өте мықты спортшы, күншығыс елінің жұлдызы. Әлеуметтік желіде де Микуру ерекше белсенді. Осыдан екі жыл бұрын жапон жігіті даңқы жер жарған АҚШ боксшысы Флойд Мейвезермен күш сынасты. Осының өзі-ақ Асакураның деңгейі қандай дәрежеде екенін аңғартып тұр. Екеуіміз әбден тірестік. Бәсеке аяқталған соң төрешілер Асакураның қолын көтерді. Оның менен басым түскенін мойындаймын. Бұл ретте тактикалық тұрғыдан қателікке бой алдырдым. Міне, жадымда ерекше сақталып қалған – дәл осы жекпе-жек.
– Келесі кездесуде Игорь Жирковтан жеңілген екенсіз...
– Таиланд елінің Пхукет аралында әйгілі «Тайгер муай-тай» деп аталатын ғаламат зал бар. Сол жерде жаттығып жүргенімде бұғанамды шығарып алдым. Жарақатыммен әлек болып жүргенімде жоғарыдағыдай ұсыныс түсті. Бапкерлерім қарсылық білдіргеніне қарамастан, келісім бердім. Сол кезде бірге жаттығып жүрген атақты Жалғас Жұмағұлов та «Жарақатыңнан толықтай айыққанша жекпе-жекке шықпай-ақ қой» деп тоқтау айтты. Бірақ райымнан қайтпадым. Бәсеке барысында жарақатым асқынып, кеңінен көсіле алмадым.
– Есесіне, содан бергі бес жылда тоғыз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттіңіз. Соның жетеуінде жекпе-жек бірінші раундта тоқтаған екен...
– Сол аралықта түрлі промоушендерде өнер көрсетіп, қырғыздық Тұрғанали Абдоллаев, ресейлік Володя Айвазян, бразилиялық Гильерме Нерес пен Диего Брандао, ирандық Әли Юсуфи, жапондық Койоми Мацушиманы ұттым. Осы жарыстардың әрқайсысына тыңғылықты дайындалдым. Әр қарсыласыма жеке тактика құрдым. Нәтижесінде, 2000–2004 жылдар аралығында өткен жарыстарда тек Тұрғанали Абдоллаев пен Рен Сугуяма айқастың аяғына дейін шыдады. Қалғандарын бірінші раундта-ақ жеңгенім рас.
– Шыны керек, сіз Диего Брандаоны оп-оңай еңсереді деп ешкім ойлаған жоқ еді. Қанша дегенмен бразилиялық файтер кезінде UFC-де өнер көрсетіп, Дастин Порье, Конор Макгрегор, Брайан Ортега, басқа да жұлдыздармен айқасты емес пе?
– Бапкеріміз екеуіміз құрған жоспар бойынша бірінші, екінші раундтарда оны біраз діңкелетіп алып, соңында толассыз шабуылдар ұйымдастыруды көздедім. Сәті келіп жатса, сұлатып салу да жоспарда бар еді. Бәсеке басталған бетте бүйірден соққы жасадым. Брандао құлаған кезде ұрымтал сәтті ұтымды пайдалана кеттім, төрешілер дереу айқасты тоқтатты. Сөйтіп, барлық мәселе 38 секундта шешілді.
– Осындай жарқын жеңістерден кейін қайта «Rizin» промоушенінен шақырту алдыңыз ғой?
– Иә, былтыр жазда Жапонияға қайта шақыртты. 9 маусымда Тецуя Секуяны, 29 қыркүйекте Такеаки Киношитаны жеңдім. Екеуінің де осал тұсын табуға екі минут жеткілікті болды. Бұл жекпе-жектер кезінде Федор Емельяненко, Мирко Крокоп, Кевин Ренделман, Вандерлей Сильва, тағы басқа «Прайдтың» марғасқалары айқасқан, 48 мың көрермен сыятын әйгілі «Сайтама Аренада» өтті.
– Енді «Rizin» промоушеніндегі титулдық жекпе-жекті қашан өткізесіз?
– Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, тағы бір бәсекеден кейін чемпиондық атаққа таласамын. «Rizin»-ді мойындатқаннан кейін одан да белді промоушендерде күш сынасуды жоспарлап отырмын.
Әңгімелескен –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»