Мектеп • 08 Сәуір, 2025

1100 мектепте дрондарды басқару үйірмелері бар

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Квадрокоптерлермен (дрондармен) жұмыс істеуге баулу – мектептердің қазіргі заманғы оқу үдерісіне белсенді енгізіліп жатқан робототехника шеңберіндегі бағыттардың бірі, деп хабарлайды Egemen.kz.

1100 мектепте дрондарды басқару үйірмелері бар

Фото: freepik.com

Бүгінде еліміздегі 1100 мектепте STEM-зертханалар базасында ашылған дрондарды басқару үйірмелерінде оқушылар дрондарды құрастыру-бағдарламалау дағдыларын меңгеріп, техникалық ойлау қабілетін, инженерлік машықтарын, практикалық дағдыларын дамытады. Үйірме оқушылары робототехника бойынша жарыстарға белсене қатысып жүр. Жуырда ұлттық Aspan Drone Competition турнирінің жеңімпаздары Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғайтын болады.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сонымен қатар еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған 24 жас техниктер станциясы мен техникалық шығармашылық орталықтарында балалардың инженерлік және өнертапқыштық қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ал биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сұранысқа ие жаңа мамандық – дрон операторы бойынша мамандарды даярлау ісі басталады.