• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2016

Cөз сойыл № 27

398 рет
көрсетілді

* Әзілің жарасса...

– Тағы да қайталаймын! Калашников автоматын сатып алыңыздар!.. Қымбат емес!

"БАРА БЕРГЕНШЕ,  ПАРА БЕР" Бұл дәлелдеуді керек ет­пейтін нақыл екен. Апыр-ай, бұрын қалай ойына келмеген?! Әупіріммен кіргізген баласын жаңа бастығы жұмыстан қысқартып тастағалы бұл қанша рет барып, сол мекеменің табал­дырығын тоздырды. Қатар жүрген өзіндей мекеме басшысына сөзі өтпей, қорланып біткен. Сөйтсе, олардың тілі басқа, кілті – ақша екен. Тек сол ақшасы құрғырды қайдан алса екен? Тағы кредит алмаса. Өзінде үйдің бітпеген кредиті бар еді. Тапты! Зейнеткер кемпірінің атына алу керек. Сөйтіп, көптен бері ұйқысы қашқан Жусанбай бүгін бір тыныш ұйықтап, түс көрмесі бар ма... Түсінде Қарынбай бастық ит болып кетіпті де, бұл кредитке алған бір дорба ақшамен ұрып қуып жүр екен дейді. Қарынбай бастық қыңсылау орнына дорбаға ұмтылады... «Сүйекпен ұрғанға ит қыңсыламайды» дейтін еді, ақшамен ұрғанға жемқордың еті ауырмайды екен-ау... Апыр-ай, бұрын қалай ойына келмеген?! МЫҚТЫНЫҢ ТУЫСЫ Жусанбай Жалпаңбек досы­ның мінезіне түсінбей-ақ қойды... Сонау жылдары жұмысқа орналасып, жаңа танысқан кезі болатын. Жалпекең қонаққа ша­қырып, бара қалды. Қақ төрге ауданға жаңа келген прокурорды отырғызған екен. – Бұл кісі бізге ағайын болып келеді, алтыншы атадан қо­сыламыз. Араласпай қалғанымыз болмаса, дұрыс ағайынбыз, – деді Жалпекең туысына елжірей қарап. «Апыр-ай, бір әкенің балалары араласпай жүргенде, алты атадан қосылар туысын құрметтеу керемет қой!» деп ойлады бұл. Жылдар өтті, прокурор ауыс­ты. Жалпекең тағы қонаққа ша­қырды. Жас прокурорды төрге отырғызған Жалпекең: – Бұл інімнің аталары марқұм анамыздың әкелерімен белнемере екен. Жастар қайдан білсін, біліп отырып үндемеуді жөн көрмедім. Қош келдің, інім, ағайын болып араласып тұрайық, – деді. Бұл Жалпекеңнің көреген­дігіне тағы да таңғалып қайтты. Біреу өсіп, біреу өшкен заман ғой. Прокурор ауысты, онымен де Жалпекеңнің төрінде таныс­ты. Сөйтсе, бөлесіне қатысты туыстықтары бар екен... Жақында ауданға тағы жаңа прокурор келмек. Жалпекең үй көрсетуге әзірленіп жатқан шығар. Қай туысы екен?! Бұл да бір адамға біткен мінез-ау! Өмірзақ АҚБАСОВ Батыс Қазақстан облысы УӘДЕ Биліктен үміткер Бүйрекбұр, Сайлаушылардың алдында, Беті бүлк етпестен бүй деп тұр: – Кедейшілікті жоямын, Кеңшарлардың төрт түлік малын Қайтадан толтырып қоямын. Бизнесмендердің, шетелдіктердің Артық ақшаларын – «Қайырымдылық» қорына лақтырамын, Сөйтіп, біраз елді қарық қыламын. Ауыл бағдарламасын іске асырамын, Яғни, бәріңе де аямай асатамын. Егістік алқапты Өзім жыртып беремін, Керек-жарақтарды Тауып келемін, Қаржы болса Бұл бұйым ба екен? Ұры-қарыларды түгендеп Темір торға қамау, Қиын ба екен? Айтпақшы, Мен жүрген жерде Жемқорлық болмайды, Бәрі тәубеге келеді, Күні ертең халық соны Өз көздерімен көреді. Өзендерге көпір салынып, Ел мәз болады, Үйлеріңде көгілдір отын, Газ болады. Меніңше, бұл да Сіздер үшін аз болады. Сондықтан, алдағы уақытта Еңбекақы, зейнет ақыларыңды өсіремін, Қаладағы өндіріс ошақтарын Ауылға көшіремін... Өнімдеріңді өңдеп беремін, Қатынас жолдарыңды Жаман болса Жөндеп беремін. Маған дауыс берсеңдер жаңылмайсыздар, Бақыт пен байлықтан арылмайсыздар. *  *  * Сайланып алған соң Әлгі пәтшағарың – Елге келместен кетті, Бейкүнә тұрмысымызды Көрместен кетті. Ғаллам ДАНКЕНОВ Атырау облысы Мұндай да болады... Статистикалық жаңалық: «Қазақ-өзбек бірлескен құрылыс компаниясына Өзбекстаннан 30 өзбек, Қазақстаннан 20 өзбек маманы жұмысқа тартылды». *** Физик күйеуі биолог әйелімен ұрсысып жатыр: – Сен қатты денесің! – Ал сен микробтар шоғырысың! *** Қырғызстан мәдениет министрлігі сол елдің әншілеріне әнді айқайлап айтуға тыйым салды. Бұл шара олардың  дауыстары Алатаудан әрі асса, қазақтар жаттап алып, тартып алады деген қауіптен туса керек. *** Тауға өрмелеуден атағы әлемге белгілі альпинист Жерар Омель Эверест шыңына алты рет шыққан екен. Сол кісі жарықтық үйінде күйіп кеткен шамды ауыстырамын деп жатып құлап, басы жақтауға тиіп қайтыс болған екен. БІЗ  БІЛЕТІН ГЕНЕРАЛ... Шілденің шіліңгір ыстығынан қаталап шөл баса қояйын деп сыраханаға бас сұғып едім, демалыс күні емес пе, елім қарақұрым екен. Түп қуыстағы орындыққа тақап, жалғыз отырған ағайынға «бос па екен?» деп едім, үнсіз бас изеген болды. Көпіршіп келген саптыаяқ сыраны сіміріп барып қарсы отырған ағайынға көз тіктесем... мәссаған, формадағы кісі – ге­нерал майор... Әскерде бол­ған­быз, генералға ғана тән киім, жағасындағы жалпақ сары жа­пырақ, иығындағы нән бес тар­мақты жұлдыз көзіме оттай ба­сылды. Генералмен мынандай жерде кезігемін деп кім ой­лаған... Е, бопты, заман өзгерді, қазір кім-кіммен кезікпей жатыр... Әрі-беріден соң генерал да пенде, мына аптап ыстық ол кісіні де осында айдап тыққан болар деп күрең сыраны сіміре отырып генералмен тілдесіп те қоямыз... Аннан бір, мыннан бір әң­гіме қозғалып отыр еді, генерал біреуінде: «Қуыс үйде қусы­рылып отыра бергенше осын­да кеп кең тыныс алғанды қалай­мын!» деп қалды.... Қауашағыма «қуыс үйі несі? Өзі генерал!..» деген ойсымақ оралып, онысын қайта сұрап едім: «Баяғының екі бөлмелі тас қапасында ересек төрт жан тіршілік еткенімізге ширек ғасырдан асты!» деп түңіліс білдірді. Іштей: «Ойпыр-ай, өзі генерал... мүмкін емес, біз білетін генерал атаулы», – деп ойлап: – Саяжайыңыз мықты шығар? – деп қалыппын. – Қайдағы саяжай, аты да, заты да жоқ! – дейді. Көзімді уқалап барып гене­ралымның үсті-басына қайта үңілемін... айна қатесіз генерал киімі... Не керек, қызды-қыздымен әңгімелесе келіп, бұл кісінің байлық атаулыдан жұрдай екенін біліп: «Генерал басыңызбен!..» деп, «Біз білетін генералдар!..» деп әріге кетіп көсіліп отыр­ғанымда бір жұпынылау киінген жігіт келіп әлгіге: «Папа, қызып қалыпсыз, үйге жүріңіз!» деп генералдың ішкен сырасының құнын әрең-пәрең төлеп алып кеткені... Іштей: «Ойпырай-ә, мүмкін емес, біз білетін генералдар!..» деп отыр едім, қатарлас отырған азамат менің жаныма келіп жайғасып: – Жаңағының генералдығына сеніп қалғансыз-ау! – дегені. – Оу, көке, киімімен келіп отыр емес пе?! – деппін. – Офицер екені рас, бірақ генерал емес, жай майор, – деп аңтарыла қараған маған: – Майор шенінде жүріп басынан жарақат алып ертерек отставкіге кетіпті... Содан бас жарақат айықпас дертке жалғасып, өзін «генерал-ма­йор» шеніне жеткізіп алыпты... – дегені. Бір сәт үнсіз қалып барып: «Е, бәсе, біз білетін генерал атаулы!..» деп дауыс көтере тоқтаппын... Ерсұлтан МАҒЖАН Алматы облысы Медицина туралы айтсам!.. (Әжейдің әңкі-тәңкі әңгімесі) Ефим СМОЛИН Қарағым, терапевке менен кейін кіріп қаларсың. Алдыңда екі келіншек бар, кезек алды да жоқ болды... Дәрігерге кірсең болды, ылдым-жылдым тез шығасың... өйткені олардың білетіні мардымсыз... Айып етпе, қай жерің ауырып келіп едің? Е, бас па? Не жеп едің? Баспен ойнауға болмайды, оның ішінде қатпар-қатпар ми орналасқан! Не ем белгілеп еді? Ине дейсің бе? Е, инені ана отыратын тұстан салған шығар? Бас қайда, ол тұс қайда... біздегілер өстіп емдейді. Институт бітірсе де бас пен жамбастың арасы сала-құлаш екенін білмей шығады олар. Мұнда көзім ауырып келген­мін... Ауыратындай бөтен бірдеңке жемеген сияқты едім... Көз дәрігері са­уатсыз ба, отырғызып қойып бі­ті­­ретіндері алыстан әріптерді оқыту... Анау келе жатқан дәрігер барып тұрған пәлекет! Өзі құлақ, та­мақ және мұрын деген үш қызметті бірдей атқарады! Бірден үш жерде жұмыс істеу деген қай бір оң­ған іс бітірсін... Оған құлағым ызың­дап болмаған соң кіріп: «Бір құ­лағымнан Пугачеваның, біреуінен Киркоровтың айғайы кетпейді», десем: «Құлағыңыз дін аман, тек у-шуы көп үйіңізде құлағыңызға мақта тығып алыңыз», дейді. Не, мені асықпай сипалап көрді дейсің бе? Е, бізді де жас кезі­міз­де шешіндіріп тұрып сипалап көретін... Ал антұрғандар кей-кей­де сәл-пәл қол тигізген болады да, одан соң көзіңше қолдарын сабындап тұрып жуатындарын қайтесің! Ал сен ана психопатта болып па едің? Бірде, бірнәрсе жеп қой­­ған болуым керек, жүйкем жұқарып келсем... отырғызып қойып тізем­нен пер­гілесін келіп... содан екі ай ау­ру­ха­наға аттап баса алмай қалғаным бар. Тағы бірде аяғым ауырып, киіп жүрген отыз алтыншы топылиым аяғымды қысып ауыртып келсем... Негізі мен отыз тоғызыншы киетінмін... Оған: «Үш рәзмер арық­тататын дәрі жазып бер десем», «Ол мүмкін емес!» деп азар да безер болады. Ал шетелде ондай дәрі бар деп естимін. Біз­дегі дәрілерді қалай жасайтынын білесің бе? Бізде алдымен дәріні ойлап табады екен де, оны тышқанға қолданып көреді екен. Тышқан өлмесе – онда ол біздерге де бұйырады екен... Өткенде белім бастыртпай келсем, кеселді нәрсе жемеген сияқ­ты ед­ім... «Балаңызға беліңізді бастырт­­са­ңыз құлан таза тұрып кетесіз»­, дей­ді мысқылдап. Әй, ит-ай, ме­­нің ба­ламның жасы қы­рық екіде, сал­­мағы центнердің о жақ, бұ жағы еке­­ні­­нен хабары жоқ-ау! Бұндайды «жат­­қаныңнан тұрмағыр!» деуші еді... Е, әне терапевт келеді! «Сала­матсың ба, Галина Степановна?!» Көрдің бе, саламыңды да алмайды! Ашулы, мүмкін ол да бірнәрсе жеп қойған болуы керек... Одан әрі, бәрібір кіремін, бір ауруымды айтамын... Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН * Шымшыма шумақтар Сүйексіңді сырқат Долларды оңды-солды бұрқыратқан, Талайға айлық бермей шырқыратқан... Жемқорлық сүйексіңді сырқат болды-ау, Сыздатып тұла бойды сырқыратқан. «Плюс» беске Сырты сұлу, қырық жамау жүрегі, Алақанмен аспан тіреп жүреді. Адам тілін білген емес «екі» алып, Ақша тілін «плюс беске» біледі. Қу тіршілік Қу тіршілік «көк қағазға» айналды, Талай жұрттың қол-аяғы байланды, Сол «көк қағаз» көк жүзіне ұшырған, Көзін ақ шел қаптап жүрген байларды. «Ұлы» адам Тірісінде «жын адамы» атанды, Қасқыр иіс «сұм адам» да атанды. Өлген соң ұзақ жоқтау айтылып, «Ұлағатты ұлы адам» атанды. «Мусорға» төгілді Бір той өтті думан жырлы көңілді, Ақ дастарқан тәттілерге көмілді. Барлығы да аста-төк, Жұрт кеткен соң төбе болып «мусорға» әкеп төгілді. Сүйеніші жоқтар Қыл-көпір көп сүйеніші жоқтарға, Үміт, күдік қатар түсер «көкпарға». Қысқарту көп бұл заманда, қайтеді, Табан асты «қарлы боран» соққанда. Алма құрты Бұйрықсыз жерден ұрттайсың, Сыйлықсыз жерден сырттайсың. Үңгіп жеуге келгенде, Алмаға түскен құрттайсың. Зал толтыру әдісі Зал толсын деп жиынға, Студенттерді айдап келді. Лекциядан қиын ба, Көздері күліп жайнап келді. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы СОТТАҒЫ «СОЛАҚАЙ СӨЗ» Сот жүріп жатқанда айыптаушы кінәліден: – Театрға мас болып барғаныңызды мойындайсыз ба? – деп сұрайды. Сонда айыпкер күмілжи: – Мойындаймын... Сау болсам театрға жолап нем бар, – деп жауап беріпті. *  *  * – Айыпталушы мырза, сіз бұған дейін рұқсат етіл­ме­ген мәңгілік қартаймайтын дәрі жасап ұсталып па едіңіз? – Иә. – Нақтылап айтсаңыз? – 1650, 1730 және 1861 жылдары... *  *  * Жас сот тәжірибелі қызметкерден ақыл сұрап отыр: – Сот ісін қалай жүргізсем екен? Бір жағы 20 мың доллар ұсынып, қарсысы 30 мың бермекші?.. – Қарсы жақтың 10 мың долларын қайырып бер де, сот шешімін ұятыңа қалдыр... *  *  * Прокурор адам атқышқа қаһарлана зілденіп: – Тапсырыспен адам атуға қалай ғана дәтіңіз барады! Адам ғұмыры сен үшін көк тиын ғұрлы болмағаны ма? Пенде атаулыны жек көресіз-ау, сәрі? – Тіптен олай емес! Егер адамдар болмаса мен бейбақ жұмыссыз қалып, тентіреп кетпес пе едім! Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР