Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесі ұлтымыздың рухани құндылықтарын насихаттап, ел дамуының дара жолын танытатын іс-шаралардың өткізілуімен ерекшеленіп отыр.
Кеше көне Тараз қаласында қазақ халқының ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарының және «нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің конкурстары қорытындыланды. Шараға Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
– Іс-шараға қатысушылардың басым көпшілігі жастар болуы қуантты, – деді Гүлшара Наушақызы. – Бұл жас буынның көнені зерделеуге, тарихымызды тануға, дәстүрімізді білуге деген талпынысын көрсетеді. Бұл конкурстардың мазмұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», деген келелі міндетіне толық сай келеді. Республикалық дәрежедегі екі конкурстың шежірелі Тараз жерінде өткізілуі кездейсоқ емес. Бұл – Тараз – Ақшолақ – Ақыртөбе – Құлан – Меркі – Шу – Аспара арқылы Ұлы Жібек жолы өткен қасиетті жер. Оның төсіндегі әр кесенеде тұнған тарих бар, ал өлкеде салт-дәстүрлеріміздің сақталып, дәріптелуіне тиісінше мән беріліп, жағдай жасалып отыр.
Тараз төрінде өткен бұл конкурстардың мақсаты – ұлтымыздың сан ғасырлар бойғы салт-дәстүрін сақтау және кеңінен тарату, елдің өсіп-өркендеуі дәстүрлі ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асатынына жұртшылықтың назарын аудару, сондай-ақ, әйелдерді халықаралық Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға дайындау.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы