• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2016

Қазақ манасшысына – қырғыз марапаты

457 рет
көрсетілді

Бішкектен жеткен бір сүйінішті хабарды сүйіншілесек дейміз. Белгілі ақын, аламан айтыскер, жампоз жазушы, дәріпті драматург, делебелі жыршы, ілкімді киногер Баянғали Әлімжанов қырғыз туғандардың «Саяқбай манасшы» медалімен марапатталды. Бұл атаулы төсбелгіні Халықаралық Саяқбай Қаралаев қоры тағайындап, шоң Манас батырды, әйгілі «Манас» жырын паш етуге еңбек сіңірген қайраткер һәм шығармашыл тұлғаларға беріп отыратын болған. «Саяқбай манасшы» ме­да­лі­мен осы жолы бастап ма­ра­патталғандардың ішінде қыр­ғыз­­дың бір топ мемлекет және қоғам қай­раткерлері бар екен. Сол қатарда ай­рықша Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев көзге түседі. Со­нымен бірге, мәртебелі медаль­ды Жогорку Кенеш депутаты Са­дық Шернияз, халық жазушысы Бек­сұлтан Жакиев және басқа депутаттар мен айтулы манасшылар еншілеген. «Манас» жырын Баянғали жырлап, таңды таңға ұрып айтып келе жатқанына да қырық жылдың шамасы. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесінің қырғыз еліндегі құрмет, сыйы да зор. Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы сыйлығын да иеленген, «Қырғызстан мәде­ниетінің мықты қызметкері» атан­ған. Манастың 1000 жылдығына арналған «Манасшы» халықаралық сайысының арнайы сыйлығын алған да біздің Баянғали болатын. Қазақтан  шыққан, жалпы, жер жүзі бойынша қырғыздан басқа алты миллиард адамзаттың ішіндегі жалғыз манасшы да Баянғали. Манасшылар қоғамының төрағасы, өзі де шоң манасшы Рысбай Исақов осылай дейді. Назар ҚАСЫМ
Соңғы жаңалықтар