• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2016

Қайырымдылық – асыл қасиет

1011 рет
көрсетілді

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»  демекші, қайырымдылық пен мейірімділікті насихат­тайтын жобалар баршылық. Мәселен,  «Алтын жүрек» – қайырымдылық жолындағы ең беделді марапат. Араға 10 жыл уақыт салса да қоғамда өз мәнін жоғалтпаған жоба, бүгінде ел назарында. Марапат иегерлері – әртістер мен кәсіпкерлер, ірі компаниялар, БАҚ пен қарапайым тұрғындар. Ең бастысы, жоба мұқтаж жандарға көмек қолын созуға деген талпынысты шыңдайды. Соңғы уақытта заман ағымы ма, әлде адам пейілі ме, адам­гер­ші­лік жүрегімізден жоғалып бара жатқан сияқты. Оның орнына күн­де­лікті күйбең тіршілік, өзім­шілдік, санасу сияқты қасиеттер бе­лең алуда. Әрине, көпке топы­рақ шашу орынсыз. Ізгі тілектері мен ниеттерін білдіретін адамдар көбіне өздері жайлы дүйім жұртқа паш етуден аулақ. Сондықтан болар, олар жайлы біреу білсе, біреу білмейді. Жоба демеушілері мешіттер мен шіркеулердің құрылысына, жетім­дер мен мүгедектерге материал­­­дық көмек беру мақсатын­да қол ұшын созады. Сон­дай-ақ, жарымжан жан­дар мен жар­шы­сы жоқ жас та­лант­тардың өнер жолына батыл қадам басу­ларына жәрдемдеседі. «Бауыржан» қоғамдық қоры­ның қызметкерлері осы­дан бір­не­ше жыл бұрын ел қалаулы­ларын барша жұрт тануы қажет деген шешімге келді. Ұйым белсен­ді­лері осылай «Алтын жүрек» сыйлығын дүниеге әкелді. Бұл арнаулы марапатты жеке тұлғалармен қатар бірқатар тұтас компаниялар да иелене алады. Атап өту керек, жоба халық ара­сында бірден назарға ілікті. Алғашқы жылдан-ақ ұйым­дас­тыру­шы­лар 70 өтініш жинаса, осы күні олар­дың саны 200-ге дейін жетіп отыр. Аталымдар легі біраз уа­қыт­қа дейін өзгеріссіз болды. 10 бөлімі бойынша 2011 жылдан бері шетелдік азаматтарға да қатысуға мүмкіндік туды. Енді «Қазақстанның дамуына зор үлес қосқаны үшін» таяу және алыс шетел көшбасшылары бақ сына­сады. «Жетім балаларға көмек» ата­­лымы аясында BI Group құрылыс хол­дингінің басшысы Айдын Рахым­баев, 350 бала тәрбиелеп отырған Талғар қаласының тұр­ғы­ны Тұяқ Есқожина, «Ақниет» балалар от­басылық үйінің негізін салушы Есіркеп Есімханов «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаттары атанды. 2011 жылы «Жыл қайырым­дысы» аталымы бойынша Қалиша Түресбекова есімді зей­неткер апа марапатталған болатын. Бұл керемет жанның 1959 жылдан бастап донор болып келе жатқанын ескерсек, кез келген уақытта ол өз қанымен бөлісуге асығады. Елу жылдан бері Қалиша апай өзінің игі ісі үшін ешкімнен алғыс алмаған. Мұндай қадамды ол борышым деп санаса керек. Осындай қайы­рым­дылық жолындағы мәрттікке тамсанбау мүмкін емес. Кәсіпкер Өркен Есей мерейлі жүлдегерлер қатарында. Ол өз қаражатына бір ауылға ірі спорттық кешен салыпты. Сондай-ақ, мешіт құрылысына 1,5 млн. теңге жұмсаған. Ұлттық сыйлық қайырымды­лық ұйымдардың жетекшілерін де назардан тыс қалдырған емес. Қоғамдық белсенді қайрат­кер Аружан Саин мүгедектерге жасаған қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек» аталымы бойынша арнайы марапатқа ие болды. 10 жыл ішінде «ДОМ» қоғамдық қоры 1380-нен астам қазақстандық балаға көмек қолын ұсынған. 2014 жылдың лауреаты, АРДИ ұйымының жетекшісі, Әсия Ахтанова «Мүгедектерге көмек» аталымына ілікті. Ұйымдағы 24 жылдық ерен ең­бегінің арқасында ол 1000-ға жуық жеткіншекке жәрдемдесті. Ұйымның бірқатар жобаларының негізінде, осы күні ассоциация 537 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелейтін отбасыларына, 147 мүгедектер арбасына таңылған балаларға көмектесіп келеді. «Алтын жүрек» тұғырында Қазақстанның бірқатар корпора­циялары да бар. 2015 жылы, таны­мал фермер, Ақмола облысын­дағы «Родина» агрофирмасының басшысы, «Алтын жүрек»-2015 сыйлығының лауреаты Иван Сауэр өз өлкесінің дамуына зор үлес қосты. Компания өз қара­жа­тынан 314 миллион теңге бөліп, оның біраз бөлігін балаларға ар­налған ойын алаңдарының құ­ры­лысы мен мектептердегі оқу­шылардың күнделікті тамағына жұмсаған. Ұйымдастыру комитетінің сараптамасы бойынша, «Алтын жүрек» сыйлығының 10 жылдық тарихында жобаға атсалысқан үміткерлер мен лауреаттардың арқасында 80 миллиард теңгеден астам қаржыға қайырымды­лық шаралары жасалған. Жоба қатарын­дағы асыл жандардың бел­сен­діліктерін ізгіліктің анық көрі­ні­сін байқату деп білеміз. Гүлзат САХОВА, «Бауыржан» қайырымдылық қорының үйлестірушісі