(«ЕҚ», «Заң бұрмалаудың сыры неде?».
23 шілде 2016 жыл)
«Егеменнің» үстіміздегі жылғы 29 шілдедегі нөмірінде журналист Жақсыбай Самраттың «Заң бұрмалаудың сыры неде?» атты сыни мақаласы жарық көрген еді. Онда «Астана – Петропавл» бағытында жол құрылысын жүргізіп жатқан компания жеке шаруаның жеріне басып кіріп, оның егістігіндегі құмдауыт топырақты жол құрылысына рұқсатсыз пайдаланғаны, ал осы іске облыс басшылары және тиісті қызметтер көзжұмбайлықпен қарап отырғаны жайында жазылған. Сонымен қатар, осы мәселеде сыбайлас жемқорлық фактілеріне де жол беріліп жатқандығы туралы айтылған.
Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросынан жауап хат (№ исх:3-13/АБМ -1596 от: 01.09.2016) келді. Онда мақала бюроның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде талқыланып, оның негізінде облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тіркелді делінген. Хатты толығымен келтіретін болсақ: «Ағымдағы жылғы 24 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен аталған мақала негізінде Қылмыстық кодекстің 361-бабы 2-бөлігімен облыс әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты «391-418 км жолының аймағы, «Астана – Петропавлов» республикалық маңызы бар автокөлік жолын қайта құру» жобасын жүзеге асыру барысында өкілеттіліктерін теріс пайдалану фактісімен қылмыстық іс тіркелді.
Сотқа дейінгі тергеудің нәтижелері туралы сізге заңмен қаралған тәртіп пен мерзімде хабарланатын болады» делінген. Сөйтіп, бұл әділеттікке қол жеткізе алмай жүрген шаруа үшін жақсы хабар болып отыр.