Екі жылда екі рет сотталып, екі мәрте босатылған, бірақ қазіргі кезде қайтадан бұлтартпау шарасы ретінде «үйқамақта» отырған «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековтің жұбайы жақында редакциямызға келіп, айтып берді. Жолдасының қорғаушысы болып жүрген Күлзада Баймұратова күйеуінің үшінші рет қамалып кетпеуі үшін алаңдаушылығы барын жасырмады.
Ол екі жылға созылған жағдай Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, генерал Ибраһим Имановты жолдасының бұқаралық ақпарат құралдары бетінде сынаған мақаласынан кейін шиеленісіп кеткендігін айтады. Соның салдарынан ол екі рет сотталып та үлгерген. Бірақ Сарыағаш аудандық сотының үкімін облыстық соттың апелляциялық алқасы екі рет бұзған. Дей тұрғанмен, қарсы жақ өз әрекеттерін әлі де тоқтатпағандығын жұбайының қорғаушысы К.Баймұратова былайша түсіндіреді: «Ол істері нәтиже бермеген соң күйеуімді дереу абақтыға қаматып, хат-хабар алғызбады. Артынан ауладан шығармай «үйқамақта» отырғызып қылмыстық істі шикі күйінде айыптау актісімен ҚПК-нің 314-бабының 1-бөлігінің талабын бұзып, әдейі Сарыағаш аудандық сотына жолдаған». Орайы келгенде айта кету керек, аталған аудандық сот үкімдері бұған дейін бұзылғандығына қарамастан іс үшінші рет қайта көтерілген. Жақында Бас прокурор Жақып Асанов сот үкімдеріне негіз болған тергеушілердің заңсыз қаулыларын бұзғызып, қайта тергеуге жіберген.
Генерал мен журналистің арасына сызат түсуінің себебі неде? 2014 жылдың 5 ақпанындағы Сарыағаш ауданы әкімінің жылдық есебінде бюджет қаржысының 90 миллион теңгесі заңсыз жаратылғаны айтылады. Сонымен қатар, мұғалімдердің Тамыз конференциясында аудандық білім бөліміндегі 2011-2013 жылдар аралығында «сатылған санаттар» салдарынан мемлекетімізге 1 миллиард теңге зиян келгені де жайып салынады. Алайда, аталған фактілерге қатысты ешқандай да қылмыстық іс тіркелмеген. Есесіне 2014 жылдың күзінде осы заңсыздықтар туралы видеороликтер жарияланып кеткен. Содан кейін А.Батырбековтің Сарыағаш курорттық аймағындағы «Ай-Ғасыр» қонақ үйіне қатысты құқығын қалпына келтіру жайы қиындай түскен. Журналист генералдың бір азаматтық іс бойынша қарама-қайшы қорытынды берген әрекетін әшкерелеп Бас прокурорға шағымдануға мәжбүр болады. Бұдан басқа, 2015 жылдың қаңтарында «Генералға екі сөйлеуге бола ма немесе «Ай-Ғасыр» дауына қай ғасырда нүкте қойылады?» атты мақала шығады. Не керек, «Ай-Ғасыр» қонақ үйінің дауына қатысты 5.02.2015 жылғы кассациялық сот алқасында облыс прокуроры қорытынды беріп, талапкердің арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Алайда, Жоғарғы Сот сол прокуратураның қорытындысына қарамай, талапкердің арызын қанағаттандырып берген. Бірақ 2015 жылдың 12 қазанында Сарыағаш аудандық прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаровтың айыптау шағымымен А.Батырбеков 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, қамауға алынады.
Заңның бұлжытпай орындалуын қадағалайтын прокурор Нұрлан Сапаровтың талап арызы бойынша қабылданған үкімді 29.01.2016 жылы облыстық соттың апелляциялық алқасы бұзып, жәбірленушіге ондай шағыммен сотқа емес, ішкі істер департаментіне жүгіну қажеттігін нұсқауы кім кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық. Күлейін деп күмілжуге тура келеді. Шағымның қайда және қалай жазылатынын білмесе, онда кімге не дегендей. Бұл ретте Н.Сапаровтың шағымын қараған Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті оны Сарыағаш аудандық ішкі істер бөліміне жолдаған. Білікті басшы, полковник О.Қабышев істің мән-жайын толық зерделеп барып «журналист Батырбековтің іс-әрекеттерінен құлағынан тартсан да қылмыс құрамы шықпайды» деп істі облысқа қайтарып жіберіпті. Облыстық соттың апелляциялық алқасы тілшіні ақтап шығады. Сонымен не керек, облыстық апелляциялық соттан ОҚО ІІД жолданған прокурор Н.Сапаровтың шағымы бойынша іс екі айдан аса жатып, 8.04.2016 жылы А.Батырбековтің үстінен қылмыстық кодекстің «прокурорға жала жабу» бойынша 411-бабының 2-бөлігімен тіркелген №165100031000530 санды қылмыстық іске ұласып кетеді.
Қорыта айтқанда, тілші кәсіпкерлікпен айналысамын деп жүріп жай лашық емес, құны 1 миллион доллар тұратын «Ай-Ғасыр» қонақ үйінен біреулердің ықтиярымен айырылады. Одан қалса қолында шарты бола тұра микроэксковатор қолды болып кетеді. Жергілікті прокуроры қайда шағымданатынын білмесе, соттары дұрыс үкім шығармаса, онда журналистің басындағы жағдай шынымен де өте ауыр күйінде қалатындағына көз жеткізу қиын емес. Осыған орай тиісті орындар аталған мәселеге ерекше назар аударады деген ойдамыз.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»