Кеше УЕФА-ның әйелдер командалары арасындағы Чемпиондар лигасы 1/8 финалдық раундының жеребесі тартылды. Нәтижесінде Қазақстан клубтары арасынан жарыстың осы кезеңіне шыққан бірінші ұжым атанған Шымкенттің «БИИК-Қазығұрты» Париждің «Пари Сен-Жерменімен» күш сынасатын болды.
Біздің қыздар бірінші кездесуін қарсыластар алаңында 9 қараша күні өткізеді. Ал қарымта ойыны 17 қарашада Шымкентте ойналады. Осы ретте бұған дейінгі топтық ойындарда Испанияның «Барселонасы» мен Германияның «Франкфуртін» ұтып, 1/16 финалда Италияның «Веронасын» жарыс жолынан шығарып тастаған жерлестеріміздің кім-кімге де оңай шағылатын жаңғақ бола қоймасын айта кетуіміз керек. Оның үстіне, команданың соңғы матчты өз алаңында өткізетіні біраз үміттің қоламтасын үрлеп бергендей болып отыр.
Турнирдің бұл кезеңінде сондай-ақ, Чемпиондар лигасының қазіргі чемпионы «Лион» (Франция) алдымен өз үйінде Швейцарияның «Цюрихімен» кездеседі. Ал Германияның «Бавариясы» Ресейдің «Россиянкасын», Швецияның «Эскильстуна Юнайтеді» немістің «Вольфсбургін» өз алаңдарында қабылдайды. Бұлардың бәрі алғашқы матчтарын 9 қарашада өткізіп, плей-офф ойындарын 17 қарашада аяқтайды.
Сол сияқты 10 қарашада «Барселона» (Испания) – «Твенте» (Нидерланд), «Манчестер Сити» (Англия) – «Брондбю» (Дания), «Славия» Прага (Чехия) – «Русенгорд» (Швеция), «Брешия» (Италия) – «Фортуна» Йорринг (Дания) командалары өзара ұшырасады. Бұлардың қарымта ойындары 16 қараша күні ойналады.
Руслан ИГІЛІК