Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай өтіп жатқан облыстардың елордадағы күндерін Ақмола облысы қорытындыламақ. Арқа төріндегі аймақ қараша айының соңғы күндері Астанада түрлі мәдени, рухани және спорттық шаралар, ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін өткізеді.
«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында бас қалаға ат басын бұрған облыс делегациясы елорда тұрғындарына аймақтың соңғы 25 жыл ішінде әр салада қол жеткізген жетістіктерін паш етуге ниетті. Ол туралы облыс әкімінің орынбасарлары кеше орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де баяндап берген еді.
Ақмола облысындағы өңірлік жалпы өнім көлемі соңғы 10 жылда 11 есеге өсіп, 1,2 триллион теңгеге жетіпті. Өнеркәсіп өнімдерінің үлесі де 10 есеге ұлғайып, 335 миллиард теңгені құраған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуынша, облыста сонау кеңестік кезеңде ашылған ірі-ірі жиырма өндіріс орнының тоқсаныншы жылдардағы қиын уақытта да, одан кейінгі болған дағдарыстар кезінде де жабылып қалуына жол берілмеген. Соның арқасында бүгінде Ақмоланың экономикалық әлеуеті әр саланы қамтиды деуге болады.
– Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында 174 миллиард теңгеге 70 жоба іске қосылды. Заманауи техникамен жарақталған, өндіріс барысы да, өнім сапасы да әлемдік стандарттарға сай келетін зауыт-фабрикалар ашылды. Сирек кездесетін металл концентраттары, құйма бұйымдар, полипропиленнен жасалған заттар, соя майы сынды бұрын өндірілмеген жаңа дүниелер шығарыла бастады. Соның арқасында өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 3 есеге ұлғайды, – деді Қ.Отаров.
Оның айтуынша, «Қазақалтын», «Алтынтау Көкшетау» сынды алтын өндіруші кәсіпорындар экспортқа шығарылатын өнімдердің көлемін жыл сайын арттырып, облыстың ғана емес, республиканың металлургия өнеркәсібінің дамуына серпін беруде. Аталған кәсіпорындар 2015 жылы 20 тонна алтын өндіріп, 2009 жылғы көрсеткішті 10 есеге артығымен орындапты. Осылайша, Ақмола облысындағы алтын өндіруші компаниялардың үлесі республика бойынша өндірілген өнімнің 35 пайызын құраған.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің басшылық өкілдері өңірдің жеткен жетістіктерін баяндап қана қоймай, журналистердің сауалдарына жауап берді. Соңғы бірер айдың ішінде Целиноград ауданы Қосшы ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлердің сусыз қалғаны туралы республикалық БАҚ-тар хабарлаған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің айтуынша, қазір тұрғын үйлерге су жеткізілген. Бұл мәселе 2017 жылдың басында түбегейлі шешімін таппақ.
– Қазір 18 ұңғы қазылатын жерде жұмыс басталып кетті. Осы ұңғылардың арқасында алдағы жылдың бірінші тоқсанында Қосшы ауылының халқын жылдың барлық мезгілінде сумен қамту мәселесі шешіледі, – деді ол.
Осы брифингте айтылғандай, 29-30 қараша күндері «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы сауда алаңында Ақмола облысынан әкелінген азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтеді. Аймақтан осы шара үшін 784 миллион теңгенің 2 мың тоннадан астам тауар жеткізіліпті. Сондай-ақ, жәрмеңкеде «Бауырсақ мейрамы», «Айран шоу» сынды ойын-сауық шаралары, спорттық жарыстар өтпек. Бұдан бөлек, аптаның соңғы күндері ақмолалық өнерпаздардың, қаламгерлердің қатысуымен көрмелер, шығармашылық кештер өтеді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»