• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2011

Талап – заңнан аттамау

385 рет
көрсетілді

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы»   Конституциялық заңның (әрі қарай – Конституциялық заң) 27-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары басталды. Орталық сайлау комиссиясының 2011 жыл­дың 4 ақпанындағы №16/22 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына» сәйкес сайлау алдындағы үгіт-на­сихат жұмыстары 2011 жылдың 2 сәуірінде жер­гілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт барысында президенттікке кандидаттар баспа және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің сайлау алдындағы үгіт және насихат жұмыс­тарын жүргізуге құқылы. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділігінің тең жағдайына кепілдік беріледі (Конституциялық заңның 28-бабының 2-тармағы). Конституциялық заңның 27-бабының 7-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құрал­дары кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт мате­риал­дары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға міндетті. Конституциялық заңның 28-бабының 5-тар­мағына сәйкес барлық үгiттiк баспа мате­риал­дарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жер мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төлен­гендiгi туралы мәліметтер болуға тиіс. Yгiттiк баспа ма­териалдарын Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның аума­ғынан тысқары жерлерде дайын­дауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Конституциялық заңның 28-бабының 9-тар­мағына сәйкес сайлауға байланысты қо­ғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жа­рия­лаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұ­рау салуды жүргізген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақ­ша­сын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргі­зілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателік коэф­фициентін көрсетуге міндетті. Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәти­же­лерінің болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс берілетін күн ал­дын­дағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні жариялауға жол берілмейді. Сайлау күні дауыс берілетін үй-жайда немесе дауыс беру пунктінде қоғамдық пікірге сұрау салуға тыйым салынады. Көрсетілген тыйымдарды және сайлау алдындағы үгіт жүргізу талаптарын сақтамау Конституциялық заңның 50-бабының 2-тармағының 5, 11, 16-тар­мақшаларына, 59-бабының 7-тармағына, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 25-бабына сәйкес кінәлі тұлғалардың әкімшілік, қылмыстық және азаматтық-құқық­тық жауапкершілігіне әкеліп соғады. Бұқаралық ақпарат құралын сайлау ал­дын­дағы үгіт жүргізу, оның ішінде кандидаттар туралы көрінеу жалған мәліметтер тарату немесе сайлаудың нәтижесіне ықпал ету мақ­са­тын­да олардың абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқ­сан келтіретін өзге де іс-әрекеттер жасау заң­ның 13-бабының 3-тармағына сәйкес сот тәр­тібімен бұқаралық ақпарат құралының шы­ғарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнімі­нің таратылуын тоқтатуға негіз болып табылады. Заңнама нормаларының мазмұнын түсін­діре отырып, Бас прокуратура сайлау алдын­да­ғы үгіт жүргізу талаптарын бұзуға, үгіт ма­те­риал­дарын заңсыз дайындау және таратуға, сондай-ақ кандидаттар туралы жалған мәлі­мет­тер жариялауға немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтіретін өзге де іс-әрекеттерге баруға жол берілмейтініне аза­маттардың, лауазымды адамдардың және бар­лық бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударады. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.