• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2016

Басты мақсат – баланы ерте дамыту

365 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздегі балаларды ерте жастан дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты және Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева, БҰҰ Қазақстандағы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Юрий Оксамитный қатысты. Жиында спикерлер «Дамыту мақсатындағы күтім» атты балаларды ерте жастан дамытудың бірлескен бағдарламасын күшейту үшін дайындаған әдістемелік құралдардың әзірленгенін айтты. – Бүгін біз «Дамыту мақсатын­дағы күтім» атты науқанымызды күшейтуге бағытталған жаңа және жаңартылған материалдарды ұсынып қана қоймай, барлық мүдделі тараптарды аталған ша­раға қатысуға шақырамыз, – деді Юрий Оксамитный. Жалпы, адамның миы дүниеге келген сәттен бастап, 3 жасқа дейін ас­қан шапшаңдықпен дамиды, әрі мұндай құбылыс адам өмірінде екінші рет қайталанбайтыны медицинада дәлелденген. Ажар Төрағалиеваның айтуынша, осы уақытта ересектер баланың дамуына мейлінше көп уақыт және көңіл бөлуі тиіс. Яғни, ата-аналар балаларды ерте жастан бастап салауатты жолмен дамытуға, спортпен шұғылдануына, денсаулығын күтуіне, тамақтандыруға, қам­қорлық көрсетуге, қауіпсіз орта қалыптастыру және ерте жастан оқытып-үйретуге міндетті. – Ерте балалық шақ – ден­сау­лықтың, аман-саулықтың, да­му мен білім алудағы табыс­ты­лықтың, сонымен қатар, мінез-құлық түрлерінің негізін қалайтын адам өміріндегі ең маңызды кезең, – деді Ажар Төреғалиева. Баспасөз мәслихатында спикерлер еліміздегі балаларды ерте дамытудың жан-жақты тәсілдерін тілге тиек етті. Жиын соңында «Да­мыту мақсатындағы күтім» нау­қаны республика көлемінде жү­зеге асып, нақты нәтиже береді деген болжам айтылды. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»