«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалында «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты облыстық жастар форумы болып өтті. Форумда облыс әкімі Елеусін Сағындықов қысқаша сөз сөйлеп, өңірде жастар саясатын жүзеге асырудың бағыт-бағдарына тоқталды. Ол сондай-ақ, елімізді дамытудың «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2020» стратегиялық бағдарламалары мен биылғы Жолдауда жастар саясатын жүзеге асырудың басым бағыттары айқындалғанын, енді осы міндеттерді орындау қажеттігін атап өтті.
Мемлекетіміз жастардың білім алуына, білікті маман болуына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағытта біздің өңірде жастармен жұмыстың тәуір тәжірибесі қалыптасқан. Жастар саясатына бөлінетін қаржы көлемі де жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ақтөбелік жасотандықтардың «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасын еліміздің барлық өңірлерінің жастары қолдады. Облыста былтыр осы марафон-эстафетаға 70 мыңға жуық жас қатысты. Олар 10 миллиард теңгенің жұмысын атқарды, мыңдаған шақырым жол жиектеріндегі ағаштарға күтім жасалды. 300 елді мекен абаттандырылды. Марафон-эстафетада еселі еңбек еткендерге 64 жеңіл автокөлік, 1000 ноутбук және Астана қаласына демалып қайтуға 2000 жолдама берілді, дей келіп, өңір басшысы Жолдауда айтылған әлеуметтік қолдауды жүзеге асыру және студенттер мен білім алушы жастарды қолдау мақсатында облыстық жастар форумын өткізудің және жастар өкілдеріне арнайы ақшалай сыйлықтар тағайындаудың дәстүрге айналғанын жеткізді.
Жастар жиынында Ақтөбе мемлекеттік институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Нұрышев, осы институттың студенті Айгүл Жылқайдарова және Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің студенті Сұлтан Мәжитов сөз алып, елімізде жастар мәселесіне оң көзқарас танытылып, олардың білім алуына, ғылыммен айналысуына және еңбекке орналасуына қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Форумға «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов, Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты жөніндегі департаментінің директоры Мәдияр Қожахметов қатысты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе.