• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2011

Өңдеу кәсіпорындары – ауылды көтеру тетігі

563 рет
көрсетілді

Өңірлерге барғанда көптеген кездесулер өтіп тұрады. Сондай кездесулердің бірі жақында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен болып өтті. Онда мал өнімдері мен оны өңдеу мәселесі өткір қойылса, дайындау желілері жөнінде маңызды ойлар ортаға салынды. Қазіргі таңда дайындау желі­лері­нің болмауынан ауылдықтар өз өнімдерін әр түрлі делдалдарға төмен бағамен, тіпті өз құнынан әлдеқайда арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Оның үстіне мұндай са­тып алушылар тұрақты түрде жұ­мыс істемейді, соның кесірі ауыл­дықтарға тиіп жатыр. Ашығын айтар болсақ, сатуға дайындап қой­ған сүттері іріп кетсе, сойылған мал еті мұздатқыштардың жоқты­ғына байланысты өзінің құнары­нан айырылады. Мал өнімдерін өңдеудің болмауынан біздің сүт пен етіміз ветеринарлық-санитар­лық талаптарға сай келмейтіндіктен, экспортқа жөнелтілмейді. Жем­шөп те қымбат. Осының бар­лығы мал шаруашылығы дамуына теріс әсерін тигізуде. Қысқасы, бұлар мал басының кемуіне, шаруалар үшін малмен айналысудың тиімсіздігіне әкеліп соқтыруда. Екінші бір маңызды мәселе, жүн, тері және сүйек өңдеу жүйесі дұрыс жолға қойылмай отыр. Он­даған мың тері, жүздеген тонна жүн­нің қоқысқа тасталуы өкі­нішті, әрине. Ал елімізге тері және жүн өнімдерінің 80 пайызы сырт­тан тасып әкелінеді. Сол сияқты құстарға қажетті жем үшін ет­сүйек­ті ұнды валютаға сатып алу­ға мәжбүрміз. Осы ретте атақты ағылшындық кашемирден (қой жү­нінен) және Қытай мен Түр­киядан миллиондаған долларға алып келінген киімдерді киіп жүр­геніміз жасырын емес. Мемлекет бас­шысының халыққа Жолдауын­да ауылдық кәсіпкерлікті құру жөнінде нақты міндеттер қоюы дер кезінде көтерілген мәселе деп есептеймін. Менің паймымша, бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін бірқатар шараларды қолға алған жөн. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл шаруашылығы өнімдерін са­тып алу жөніндегі дайындау желісін ұйымдастыруымыз қажет. Ірі ауылдарда ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдейтін кәсіпорындар (кішігірім сүт өңдеу зауыттар, ет цех­тарын, тері, жүн өңдейтін шағын кәсіпорындар, ет-сүйекті ұн шығаратын цехтар, тігін цехта­рын, диірмендер, май шығаратын, т.б. бағыттардағы өндірістер) ашу қа­жет. Сондай-ақ ауылдық жерлерде құрылыс материалдарын (кір­піш, гипсокартон, керами­ка­лық жабынды, ағаш құрылғылар, шлак-пеноблок, шеге, құрылыс қос­палары және тағы да бас­қа­ларын) шығару қолға алынып жатса құба-құп. Бұл мақсаттарға жетудің бір­ден-бір жолы – бір бас малды тасымалдаудың өзіне 600 мың теңге жұмсалып жатқан Америка құрлығынан мал әкелуді доғарып, «ҚазАгро» холдингінің орасан көп бюджеттік қаржысын осыған бағыттау. Ал алыстан мал тасы­малдау – банкроттыққа ұшырата­тын, қарыздар бюджетке артыла­тын арты күмәнді жоба. Осының орнына өзіміздің мемлекеттік асыл тұқымды шаруашылықтары­мызды құрып, шаруаларымызға күмәнді шетелдік малдардан гөрі 10 есе төмен бағасына сататындай асыл тұқымды өз малдарымызды өсірейік. Мұның барлығы ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің артуына серпін беруі тиіс. Яғни, бұл біздің қазақстандық үлгі – нанотехнология болуы керек. Әйтпесе біз ең­бек өнімділігін 2014 жылға қарай екі есеге, ал 2020 жылы төрт есеге арттырып, қазақстандықтарды өзіміздің өнімімізбен 80 пайызға қамтама­сыз етуге қол жеткізе алмаймыз. Тасбай СИМАМБАЕВ, Сенат депутаты.