Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды кездесулері бұрнағы күні Қарағандыда жалғасты.
Қарағандыдағы мәшине жасау зауыты – аймаққа ертеден аян өндіріс ошағы. Кезінде көмір өндіру техникасын құрастыру бойынша атағы алысқа танылған кәсіпорын бүгінде сол үрдісті жаңаша жаңғыртуға ұмтылып келеді. Бұл еліміздің біраз жерінде болған үміткердің өндірісті өңір жұртшылығын да қамтыған жүздесулерінің бірі еді. Қазір уақыты тығыз, қызған үгіт-насихат іс-шаралары қай-қайсына үлгеруге тырысушы Жамбыл Ахметбеков Астанадан келген бетте атбасын аталған зауытқа тіреді. Бірден цехтарды аралап, жұмысшылармен емен-жарқын әңгіме құруға ден қойылды. Олар да оған ықылас танытып, сөзге еркін араласты. Екі жақтан қойылған сұрақтар сұхбатты қыздырып әкетті.
Халықшыл коммунистер жетекшісі жиналған қауымды сайлауалды бағдарламасымен, партияның ұстанған саяси тұғырнамасымен қысқаша таныстыра келіп, әңгімені өмірдегі өзекті мәселелермен ұштастыра өрбітті. Соның ішінде сөз барысында өзінің үш бастамасы туралы ойларын ортаға салды. Оның негізгі жолдары бойынша күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, жас мамандардың жұмысқа орналаса алуларын кепілдендіру, сондай-ақ коммуналдық төлемдер жүйесін үйлестіру ұстанып отырғанын алға тартты. Мәселен, коммуналдық төлемдерге тоқталғанында үміткер оның еңбекақысы төмен азаматтар үшін табысының 10 пайызынан аспай белгіленуін атап өтті. Жалпы, баға мен тарифтердің шектен тыс өсе беруі жөнсіз екені, сондықтан биліктің халықтың мұң-мұқтажын барынша қорғауы осы бағыттағы іс-қызметтің басты бағамына айналуы керектігі аталды. Бағдарламада көзделгендей, қоғамның әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына қамқорлықты күшейту, соған ықпал ету партияның басты мақсаты саналатындығы айтылды. Жұмысшылармен әңгімеде көпшілікті толғантқан бірқатар жайлар топталып, ең түйінділері халық атынан мемлекет тарапына жолданатындығы мәлімделді.
Жамбыл Ахметбековке жұмысшылар сауалдарды аз қоймады. Біразы жоғарыда айтылған жайларға айналып соға бергенімен, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының серкесі тақырыпты қайта толықтырып, олардың шешімін табу жолындағы өз ұстанымын, ой-пікірін тілге тиек етті. Кездесуге қатысушылар назарды ұжым мүшелерінің қатары жылдан жылға азайып әрі жас жағынан қартайып бара жатқандығына, кен техникаларын жасауға қажетті металмен қамтамасыз етілудің нашарлығына, тапсырыстардың аздығына аудартты. Парламент Мәжілісінің депутаттары арасында жұмысшы қауым өкілдері де болса деген тілектер білдірілді. Осы орайда Ж.Ахметбеков халықшыл коммунистердің 2012 жылғы парламенттік сайлауға белсенді түрде қатысатындықтарын, пікір ескерілетіндігін жеткізді.
Бұдан соң ҚКХП-дан президенттікке кандидат облыс орталығындағы Д.А.Қонаев атындағы заң колледжі оқытушылары және шәкірттерімен кездесу өткізді. Кандидатты қолдау қоғамдық штабының жетекшісі, партия облыстық комитетінің бірінші хатшысы Валентин Прыдков оларға өз өкілдерін таныстырып, сөз берді. Жамбыл Ахметбеков бұл жолғы жүздесуде білім беру саласына байланысты мәселелерді сөзге өзек етті. Жиынға қатысушылардың бірқатар сауалдарына жауап берді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.