• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

...Кинода – адал, театрда – тәкаппар

530 рет
көрсетілді

Отандық киносүйер қауым Әділді жақсы таниды. «Қара шаңырақтағы» спортшы жігіт Дәулеттің, «Астана – махаббатым меніңде» түрік қызына ғашық болған сәулетші Ерланның бейнесі, сондай-ақ, өткен жылы түсіріліп, зор табысқа жеткен «Анаға апарар жолда» Ілияс бейнелері Әділдің актер ретінде кеңінен танылуына жол ашты. Бүгінде Әділ Ахметов Астанадағы Жастар театрының белді әртісі. Әділ Т.Жүргенов атын­да­ғы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының түлегі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірті. Астананың қақ төрінен Жастар театрын ашуға зор ең­бек сіңірген ұстазын қатты құр­меттейді. Ол үшін өнеріне өзге жұртшылықтың берген бағасы бір төбе де, ұстаз­ының берген бағасы бір төбе. Театр мен ки­ноны бір-бірінен бөле-жара қарас­тырмайды. Бірақ, кинодағы Әділ басқа да, театрдағы Әділ мүлде өзге жан. – Мен кинода көбіне сабырлы, байсалды, ақылды, адал, сол үшін де көпшілікке жағымды бейнелерді ойнаймын. Ал театр­­­дағы бейнелерім көбіне тәкап­пар, мінезді, өз мақсаты үшін ештеңеден тайсалмайтын жандар болып келеді, – дейді ол. Көп еңбектеніп, көп ізде­нетін, өз рөлдерін шығару жолында кітап оқып қана қоймай, тиісті саланың мамандарымен де ерін­бей-жалықпай әңгімелесіп, барынша шынайы рөл сомдайтын Әділ Ахметов өнермен тыныстап, өнерге қызмет ететін актер. Осындайда Толстойдың «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» дегені еске түседі. Шынында да мына өмірде талантты адамдар көп қой. Бірақ солардың бәрі бірдей танымал ма? Таланттыға да, талантсызға да тән жалқаулық деген жексұрын қасиет бар. Оны көбі жеңе алмайды. Жеңген күнде де «бармақтай бағы» болмаса тағы бекер. Бұл тұрғыдан Әділ әрі тынымсыз ізденістің адамы, әрі бармақтай бағы бар жігіт. Қараңыз, актер театр сахнасында «Диляфруздың төрт күйеуінде» Смағұлдың, «Реви­зорда» дуанбасы Антон Антоновичтің, «Шыңғысхан» спектаклінде Шыңғысханның, «Асауға тұсауда» Петручионың, «Меккеге қарай ұзақ жолда» Адам Императордың, «Жан азабында» Әміршінің рөлдерін сомдайды. Кинодағы жоғарыда айтқанымыздан бөлек рөлдері – «Қалжадағы» Дастан, «Жау жүрек – мың баладағы» Райым­бек, «Лаведегі» Әділ, «Алдар көседегі» Қасым хан, «Цена свободы» картинасындағы Ас­хат, «Парыздағы» Асан. Бұл тізімді шұбыртып не үшін жазып отырмыз? 33 жастағы актер осы уақыт­қа дейін осыншама рөлге енді, дайындықта, сахнада, түсіру алаңында бұл адамдардың өмірін сүрді. Бұл бейнелердің сезім-күйлерін бастан кешті. Жастық жалынмен, өмірге құштарлықпен, өнерге ғашықтықпен сомдал­ған осы бейнелер Әділдің танымал­дылығына, кино әлеміндегі өзіндік өрнегіне жол ашпады деп кім айта алады? Әділдің бала жастан өнерге ғашықтығын көрсететін мынадай бір қызықты сюжет бар. 6 сыныпта оқитын бала өз үйінің қорасындағы жылқы, сиырларды, үйректер мен тауықтарды камераға түсіріп жүр. Олардың камерадағы бейнелеріне қарап там­санады, өзінің «өнеріне» сүйсінеді. Ата-әжесіне мақтанып көрсетіп қояды. Астанадағы Жастар театры   «Абылай хан» спектаклін қоюға дайындық үстінде. Ақпанның соңына қарай сахнаға шығатын сол спектакльде кейіпкеріміз Абылай ханды сомдамақ. Ал киноға түсу туралы да ұсыныс баршылық. Тек ол ұсыныстарға бейнелерді ой елегінен өткізіп, жақсылап сараптап болған соң ғана жауап берілмек. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»