• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2017

Түпкі мақсат – Токио Олимпиадасында белдесулер өткізу

512 рет
көрсетілді

Жақында елімізге тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. Қазақ күресі ресми түрде биылғы жазда Түркіменстанның Ашхабад қаласында жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енді. Жалпы, төл күресімізді осы жарысқа қосу мәселесі былтыр Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлері бойынша өткен форумда шешілген болатын. Ал биыл Бүкіләлемдік күрес одағының (United World Wrestling) президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах ұлттық күресімізді 2017 жылы Азия ойындарының бағдарламасына енгізу туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы бізге Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев айтып берді. – Серік Адамұлы, қазақ күресінің жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына қосылуы құтты болсын! – 2015 жылы қазақ күресі Біріккен әлемдік күрес одағы құрамына мүше болып, ерекше мәртебе алды. Соңғы 12 жылда 7 әлем, 11 Азия чемпионаты, 3 Әлем кубогы, 3 Еуропа мен Африка чемпионаттары өткізілді. Біріккен әлемдік күрес одағы біздің елдің төл күресімізді дамытудағы жұмысын ескере отырып, федерацияны мүшелікке қабылдады. Жалпы Бүкіләлемдік күрес одағымен  қазақ күресін Ашғабадта жабық ғимаратта өтетін Азиадаға қосу мәселесі бірден шешілген жоқ. Олармен ұзақ уақыт келіссөздер жүргіздік. Былтыр біз Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлері бойынша өткен форумда қазақ күресін аталған жарысқа қосу туралы өтініш түсірдік. Оған Қазақстан атынан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, Азия федерациясының президенті Марат Шәмшінұров пен оның орынбасары Айдархан Қабдолла қатысып, төл күресіміздің тарихы, қазіргі кездегі даму деңгейі туралы баяндама жасады. Жиында Қазақстан делегаттарының баяндамасы көптің көңілінен шығып, 70-тен астам елдің өкілдері бірауыздан ұлттық күресімізді жарысқа қосу туралы өтінішімізге дауыс берді. Оны сіздердің газеттеріңіз сүйінші сұрап, бірінші болып жариялады. Ал жақында Бүкіләлемдік күрес одағының президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің төрағасы Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әл-Сабах  қазақ күресін жабық ғимаратта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына қосу туралы келісімшартқа қол қойды. Осы сында балуандар 70, 90  және 90 килодан жоғары салмақ дәрежелерінде белдеседі. – Қарап отырсақ, күресіміз осы жарысқа сынақтан өтіп барып қосылған екен ғой. Енді биылғы жарыс та 2018 жылы Индонезияда өтетін Жазғы Азия ойындарына сынақ түрінде бола ма екен? – Иә, қазіргі кезде бәрі сынақтан өтеді. Ешкім ешқандай сынақсыз бірден жарыстың бағдарламасына қоспайды. Ненад Лалович пен әл-Сабах  күресті бір емес, бірнеше рет көріп кетті. Содан кейін барып қазақ күресіне жоғары баға берді. Жоғарыда айтқан сөзіңіздің жаны бар, биыл күресіміз жабық ғимаратта болса, келесі жылы біз балуандарды жазғы Азия ойындарына апаруды мақсат етіп отырмыз. Шыны керек, біздің түпкі мақсатымыз – 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қазақ күресінен сынақ түрінде белдесулер өткізу. Осыған байланысты Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы ел-елде, жер-жерде федерациялар ашып жатыр. Мәселен, қазір 40 елде федерациялар ашылған. Енді төл күресіміз биылғы сынақтан да  өтсе, онда жазғы Азия ойындарының бағдарламасына кіреді. Бұл жарыс 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өтеді. – Серік Адамұлы, бұдан басқа тағы қандай жарыстарды өткізу жоспарларыңызда бар? Айтпақшы, Астанада ашылған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жаңа кеңсесі құтты болсын! – Рахмет! Федерацияның жаңа кеңсесі ашылды. Міне, оны өзіңіз де көріп отырсыз. Кеңсеміз Есіл өзенінің сол жағалауындағы «Санкт-Петербург» бизнес орталығында орналасқан. Ал жоспарлар көп. Биыл қыркүйек айында Астанада әлем чемпионатын, Тарбағатай ауданында Әлем кубогын, 10-20 сәуір күндері Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында Африка додасын, Польшада Еуропа кубогын, Қытайда Азия чемпионатын өткізу жоспарда бар.  Ал келесі жылы Америка мен Австралияда құрлықтық жарысты өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Қытай Халық Республикасында жастар арасындағы әлемдік бәсекені өткізетін боламыз. Қазір осы мәселемен Алтайдың ар жағындағы өкіліміз Айдархан Қабдолла айналысып жатыр. Бұл кісі 1990 жылдардан бері Қытайда төл күресімізді насихаттап, дамытумен айналысып келеді. Ал биыл ол Ұлттар баспасынан қазақ және қытай тілінде 1225 беттен тұратын «Қазақ күресі» деген кітапты шығарамын деп отыр. Қазір кітап қытай тіліне аударылуға жіберіліпті. – Жақын арада Астанада қазақ күресіне арналған конгресс өткізіледі екен. Осы жиында қандай мәселелер қаралады? – Конгресс 12-14 наурыз күндері өтеді. Онда күреске қатысты барлық мәселе талқыланады. Сол жерде Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының Атқарушы комитетін сайлаймыз. –  Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»