Жуырда Парламент 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады. Осыған орай біз Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай САБИЛЬЯНОВТЫ әңгімеге тартып, өзгерістердің қандай мәселелерді қамтығанын сұраған едік.
– Заң жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 қаңтарда жариялаған жаңа Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. Онда еліміздің экономикасы мен өңірлерді дамытуға арналған қосымша қаражаттар қарастырылған. Атап айтқанда, Жолдаудағы бірінші басымдық: экономиканы технологиялық жедел жаңартуға 197 млрд 100 млн теңге көзделген. Оның ішінде көлік және логистика саласын дамытуға, яғни республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге қосымша 72 млрд 200 млн теңге қаралған. Сонымен қатар, АӨК-ті дамытуға да 58 млрд 200 млн теңге бөлу көзделген. Осының ішінде ауылдық кооперативті, отбасылық, фермерлік шаруашылықтарды қолдауға 15 млрд теңге қарастырылып отыр. Осының бәрі үлкен жетістік емес пе?
– Қаржы негізінен қандай бағыттағы жолдарды жаңғыртуға жұмсалады?
– Біз өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткізгенде автожолдарға байланысты тұрғындар арасында көптеген сұрақтар туындап, жол сапасының нашарлығына наразылықтар білдіріліп жатады. Енді осы мәселе біртіндеп шешілер деп үміттенуге болады. Бөлінетін қаражат Астана – Петропавл, Таскескен – Бақты, Бейнеу – Өзбекстан Республикасының шекарасы, Үшарал – Достық, Өскемен – Талдықорған, Астана – Алматы, Меркі – Бурылбайтал бағыттарындағы жолдарға жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын болады.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қанша қаражат бөлінбек?
– Өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға да қосымша 25 млрд 248 млн теңге қарастырылған. Бұлар – қала көшелері мен алаңдарды абаттандыруға, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға арналған қаражат. Былтыр республикалық бюджет талқыланғанда ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен жабдықтауға қосымша 3 млрд 930 млн теңге қаралды. Бұл биыл 19 ауқымды жобаны толық аяқтауға мүмкіндік береді.
Шалғайдағы елді мекендердегі тұрғындармен кездескенде көтерілген мәселенің бірі – осы таза ауыз сумен жабдықтау. Олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалғанымен, мәселе әлі толық шешілген жоқ. Енді келесі республикалық бюджетті қарағанда, нақ осы мәселені толық шешу үшін қаражат бөлінуі керек қой деп ойлаймын.
– Заң жобасын талқылау кезінде сіз оны әзірлеушілер тарапына біршама сын айттыңыз. Соны газет оқырмандарына да білдіре кетсеңіз.
– Сын түзелмей, мін түзелмейді емес пе? Бізде болжамдау мен жоспарлау мәселесі әлі де төмен деңгейде. Осыдан біраз бұрын Парламентте осы заң жобасы қаралған кезде депутаттар тарапынан бюджет кірістеріне байланысты біршама сұрақ туындаған. Сондай-ақ, біршама ұсыныс та жасалған еді. Өкінішке қарай, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері олардың көбін қабылдамады. Енді 3 айдан кейін салықтық түсімдер 566 млрд теңгеге ұлғаяды деп заң жобасына енгізіп отырмыз. Бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан мұқият есептеу, болжамды дұрыс жасау болмағанының белгісі.
Тағы бір айта кететін жайт, Ұлттық экономика министрлігі заңда жаңа төрт зерттеу жүргізу үшін 1 млрд 370 млн теңге қарастырып отыр. Бұл – қаражатты мемлекеттік тапсырыс арқылы басқа ұйымдар, заңды тұлғалар, яғни делдалдар алады деген сөз. Меніңше, осындай зерттеулерді Үкімет өз күшімен-ақ жүргізуіне болады. Елбасы өзінің Жолдауында талап еткендей, бюджеттік қаражаттың тиімділігін түбегейлі арттыру үшін, сонымен бірге, тиімсіз бағдарламалар қаражаттарын қайта бөлуге байланысты, яғни мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру бойынша зерттеуге 392 млн теңге бөлінген екен. Осындай зерттеулерді Үкімет қосымша қаражат бөлмей-ақ Парламентпен бірігіп жүзеге асыруына болады ғой деп ойлаймын. Сонда мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалудан сақталып қалар еді. Ал үнемделген қаражатты басқа жұмыстарға бағыттауға болады.
Сондай-ақ, бизнес шығыстарын азайту жөніндегі заңнаманы зерттеуге 168 млн теңге бөлінген. Мұны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Үкімет, Парламент бірлесе отырып, өздері жасауына толық мүмкіншілігі бар.
Тағы бір ұсынысым, макроэкономикалық тұрақтылықты жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын, ашықтығын, қайтарылуын қамтамасыз ету үшін Үкімет құрамында парламенттік саяси партиялар фракцияларының өкілдері, сонымен қатар, сарапшылар, тиісті өкілетті органдар өкілдері қатысатын комиссия құруды ұсынамын. Осы комиссия жұмысын Үкімет өзі реттеп отыруы керек. Бөлінген бюджет қаражаттары тиімді жұмсалып, елдің игілігіне жаратылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»