• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Ата Заңға өзгеріс – уақыт талабы

688 рет
көрсетілді

Конституция – халық пен биліктің арасындағы басты шарт. Ол – мемлекеттік құры­лымды бекітуші, адам мен азаматтың құқық­тарын жария етуші және қорғаушы басты құрал. Оны қабылдау мен өз­гер­ту­дің екі жолы бар. Ел­басы оны ашып, жік­теп айтты. Біріншісі – рефе­рен­дум, ал екіншісі – Парламент. Референдум қаржыны керек етеді. Оған арнайы мерзім қа­жет. Референдумды қай уа­қыт­та қолданған дұрыс? Ол – Конс­­титуцияның нормаларын түбегейлі әрі күрделі өзгерт­кенд­е, халықтың жалпы қол­дауын мұқтаж еткенде пай­да­ланатын үдеріс. Яғни, мемлекет­тік билік органдарының форма­сын, азаматтардың құқықтық мәр­тебесін немесе өзге де база­лық нормаларды түзеткенде жүгінетін тетік. Ал Парламент арқылы өзгер­ту оңтайлы да жылдам. Бүгін­гідей өкілеттікті бөлу үшін пар­ламенттік тәсіл өте тиімді. Жаңа ережелер енгізіл­мейді. Өйткені, Конституция, бірін­шіден, заң. Жоғары императивті қуаты бар құжат. Қоғамның белгілі бір даму кезеңінде оның өзгеруі, толықтырылуы – заңды құбылыс. Қатып қалған қағида емес. Өмір өзгеріп тұрады. Адам­ның билікке, меншікке, заң­ға көзқарастары өзгерген жағ­дайда оны реттеу тетігі, яғни құқылық қатынас өзгереді. Конституция нормалары да уақыт пен кеңістікке бейімделеді. Кешегі маңызды мәселе бүгін қарапайымдануы, ал бүгінгі ұсақ мәселе ертең күрделенуі мүмкін. Міне, осындай заманауи талап Конституция, заң, дәстүр, этика, эстетика сияқты әлеуметтік нормаларды да өзгеріске әкеледі. Елбасы ұсынған түзетулер­ге мұқтаждық осындай қоғамы­мыздың даму үрдісінен туындап отыр. Қазақстан президенттік биліктегі ел болып қалыптас­ты. Біздің адамдар биліктің символы Президент деп түсінуге дағдыланды. Осы өткен 25 жылда мем­лекет билігі қалыптасып, қоға­мымыздың сан-салалы өмірі да­мыды, азаматтардың қор­ғалуы мен қауіпсіздігі, бар­лық мұқтаждықтардың ше­шілуі, елдің халықаралық сая­сат­қа биімделуі тек Прези­дент ар­қы­лы жүзеге асты. Қара­па­йым адам мемлекеттік би­лік­ті Пре­зи­дентсіз елестете де ал­­май­ды. Мемлекетті қа­лып­тас­тырудың ал­ғашқы жылдарында биліктің Прези­дент қолына жиналуы, оның өкілеттігінің қарым­ды болуы сол кезеңдегі саяси ахуалдан туындаған еді. Және ол өзін ақтаған, дұрыс шешілген мәселе болды. Енді қоғамымыз жетіліп, дербес кәсіби мемлекеттік меха­низм қалыптасқан кезде Пре­зи­денттің мойнындағы жүкті жеңілдетіп, біраз өкілеттікті Пар­ламент пен Үкіметке бөліп беру – иіні қанған жағдай. Конституциясыз да заңдардан тыс Президенттің халық үшін мойнына алған жауапкершілігі мен өкілеттіктері 100-ден асады. Халық Президентке қамқоршы, құтқарушы, әділетті шешімнің нар тұлғасы деп қарайды, үміт артады. Сондықтан, ол кісі­нің қарауындағы құзыреттер­ді неғұрлым жеңілдетіп, Пар­ламент пен Үкіметке бөліп беру билік тармақтарының жауап­керші­лігін арттырады және олардың халықпен байланысын нығайтады. Бұл мәселелер қарастырылып жатқан реформада нақты айқындалуда. Жалпы­халықтық талдауда жақсы қолдау тапты. Реформадан Президент билігі әлсіремейді. Қайта нақты функцияларға бағытталады. Ал Парламенттің өкілеттігін күшейту арқылы оған халықтың сенімін, құрметін арттырамыз. Жасыратыны жоқ, 90-шы жылдары екі Жоғарғы Кеңес таратылып, кейінгі шақырылымдар дүркін-дүркін өздері тарау туралы бастама көтеріп, депутат беделі, Парламент құзыры дегендер қарапайым халық пікірінде кері әсер қалдырған еді. Кеңестік дәуірде конституция декла­ративті, қасаң құжат болды. Оған сілтеме жасамақ түгілі, оның негізгі нормаларын адамдар білмейтін. Қоғам партия шешім­дерімен, үкімет қаулыларымен, министр­ліктердің нұсқауларымен басқарылды. Бүкіл кеңестік дәуірде 42-ақ заң қабылданды. Оның өзі негіздік, реттеуші қуаты жоқ заңдар болды. «Азамат» деген ұғымның құқықтық сипатынан гөрі, эпикалық сипаты басым еді. Ол кезде өзімізді «Қазақстан азаматы» емес, партия мүшесі, жұмысшы тап, колхоз­шы, комсомол ретінде ғана сезінетінбіз. Сөйлегенде «мен жұмысшымын» немесе «коммуниспін» деп айтатынбыз. Ал бүгін «Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын» деген ардақты сөздің, яғни оның құқықтық деңгейі қандай болғанын 26-бап туралы пікірлер білдірілгенде көзіміз анық жетті. Қазір халықтың құқықтық көзқарасы өзгерген, саяси сауаты жетілген. Тағы бір өзгеріс, ол прокуратура құзы­ретіне қатысты. Бұрын оның қызметі­нің бағыттары Конституцияда тәптіштеп жазылған еді. Ол, әрине, басы артық реттеу. Бұлай жазу прокуратура органдарының мүмкіндік шеңберін тарылтты. Конститу­цияға өзгерістер жобасында прокура­тура қызметінің негізгі бағыттары ретінде жоғары қадағалау мен қылмыстық қудалау қал­дырылып, қалғаны заңмен белгіленетін болады. Бұл – өте дұрыс қадам. Конституцияда ұсақ қатынастарды реттеу, оны тәтпіштеп жазу дұрыс емес. Ол ұлт деңгейіндегі мәселелерді, яғни шектеу мен рұқсат беретін нормаларды бекітуі тиіс. Мысалы, қазір ұлт пен рулық партия құрылмайды деген шектеу бар. Ал өмірдің қалған құбылыстары заң деңгейінде реттеліп отыруы керек. Конституцияда әлі де артық, заман мен қоғамның постсоциалистік көз­қарасынан туындаған нормалар бар. Оларды түзеп, заң аясына жіберу – болашақтың ісі. Демек, тәжірибеден түйгеніміз, қандай реформа болса да кезеңімен жасалғаны дұрыс. Әр мәселенің өз уақыты мен сұранысы болады. Қабылсаят ӘБІШЕВ, Бас прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі, Конституциялық Кеңестің экс-мүшесі