Алматыда өткен XXVIIІ Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың мультимедалисі Анна Шевченко Павлодар қаласынан екі бөлмелі пәтерге ие болды. Жақында облыс әкімі Болат Бақауов спортшыға жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
Өңір басшысы өз сөзінде Универсиадаға қатысқан павлодарлық спортшылардың аяқ алысын жіті бақылағанын атап өтті. Сондай-ақ, ел қоржынына 5 жүлде салған Анна Шевченконың табандылығына тәнті болғанын жеткізді.
А.Шевченко Универсиададан кейін Эстония және Финляндия елдерінде өткен халықаралық жарыстарға қатысты. Оның ендігі мақсаты – келер жылы Корея Республикасында ұйымдастырылатын қысқы Олимпиадаға жолдама алу. Сондықтан, ол төрт жылдықтың басты додасына тыңғылықты дайындықты бастайды.
А.Шевченко – XXVIIІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасына алғашқы жүлдені сыйлаған спортшы. Сондай-ақ, Алматыда 5 медальдан еншілеген екі спортшының бірі – осы Шевченко. Ол ресейлік шаңғышы Лилия Васильевамен бірге жеңіс тұғырына бес рет (1 алтын, 1 күміс және 3 қола) көтерілді. А. Шевченко үш қоланы жекелей сында иеленсе, алтын мен күмісті командалық жарыстарда олжалаған.
А.Шевченко – бір Универсиадада 5 медаль ұтқан алғашқы қазақстандық спортшы-студент. Бұған дейінгі рекорд шаңғышы Анастасия Слоноваға тиесілі еді. Ол осыдан екі жыл бұрынғы қысқы Универсиадада 2 алтын мен 2 күмісті, жалпы 4 медальды мойнына ілген-ді.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
журналист
ПАВЛОДАР