• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2017

Әр суицид – естілмей қалған жан айқайы

3439 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта ақпарат құрал­да­ры, әсіресе, әлеуметтік желілерде ба­ла­лар арасындағы суицид мәселесі қы­зу талқыланып жатыр. Сол талқы ба­рысында көпшілік естіп-біліп жат­қан ақпарат – суицид деп аталатын алып айсбергтің көзге көрініп тұр­ған басы ғана. Маған бұл мәселемен қызмет ба­бына орай, жақын танысуға тура кел­ді. 2014-2016 жылдары Қызылорда облы­сы әкімінің орынбасары ретінде жас­­өспірімдер істері жөніндегі ай­мақ­тық комиссияға төрағалық еттім. Комиссияда қарайтын негізгі мә­се­ленің бірі – аймақтағы балалар мен жас­тар арасындағы суицид. Айына екі рет жиналатын комиссияның әр отырысы облыс аумағындағы аяқ­­- т­алған немесе аяқталмаған суицид, яғни мектеп жасындағы балалар арасындағы өзіне өзі қол салу оқи­ғаларын қараудан басталады. Бі­рақ, қанша тырыссақ та, «өрімдей ба­ла өмірден неге күдер үзеді?» деген сұ­раққа тұшымды жауап таба ал­ма­дық. Бұл – жекелеген аймақ қана емес, жалпы елге ортақ жағдай. Ресми мәлімет бойынша, 2015 жы­лы Қазақстанда мектеп жа­сын­да­ғы 201 бала өзіне өзі қол салған, 485 ба­ла суицидке талпынған. Со­ның 68 пай­ызының себебі беймәлім. «Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін не істеу керек»? Бұл сұраққа да жа­рытып ешкім жауап бере алмады. Осы шарасыздық жанымызға қатты батты. Көп іздендік. Әлемде не істеліп жатқанына көз салдық, тә­жірибелерін зерттедік. Негізгі түй­геніміз, суицид – жан-жақты, сан-салалы, жоспарлы, кешенді де жүй­­елі әрекетті талап ететін, елдің әлеу­­меттік дамуының құрамдас бө­лі­г­і ретінде қаралуы тиіс, аса күр­де­лі проблема. Өзін өзі өлтіру – жаһандық си­пат­­тағы кесел. Жер бетінде әр 40 се­­кунд сайын бір адам өзін өзі мерт қы­­лады. Сол сәтте тағы кемінде 10 адам өзін өзі өлтіруге талпыныс жа­сайды. Мұны аяқталмаған суи­цид дейді. Соңғы 50 жылда бар­лық ел­дегі суицид айтарлықтай жа­сар­ған, осы күнде өз қолынан ажал та­ба­­тындардың 60 пайызының жасы 40-қа да жетпейді. Суицид жиілігінің ғаламдық кар­тасына қарасақ, Қазақстан – жағ­дайы ең нашар елдердің санатында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметі бойын­ша, 5 пен 14 жастағы балалар ара­сын­дағы суицид бойынша біздің ел қауіпті бестікке кіреді. Ал 15 пен 29 жас аралығындағы жастар суи­циді бойынша Қазақстан халі ең мү­ш­кіл 10 мемлекеттің бірі. Өзін өзі өлтіру – 15 жастан 49 жасқа дейінгі қазақстандықтар арасындағы өлім-жіт­і­мнің екінші негізгі себепшісі. Бірін­шісі – жол-көлік апаттары мен абайсызда болатын түрлі жара­қат­тар. Жыл сайын Қазақстанда екі жүз­дей мектеп жасындағы бала өзі­не өзі қол салады. Әрбір осындай аяқталған суицидке тағы 200-дей баланың аяқталмаған талпыны­сы келеді. Әрбір аяқталмаған талпы­ныс алдағы уақытта іске асуы ық­тимал суи­цидтің басты нышаны. Осы ста­тис­тикаға сүйеніп, Қазақстан­да­ғы барлық мектеп оқу­шы­ларын 25 ба­ла оқитын бір сынып деп алсақ, олар­дың кемінде 5-еуі өзіне өзі қол салу ту­ралы ойлаған, ал біреуі суицидке тал­пынған болып шығады. Әрбір суицид – оны жасаған адам­ның туыстары мен жақын­да­ры­ның санасын улап, жаны мен жү­рек­терін ұзақ жылдарға қатты жа­ралайтын ауыр трагедия. Суицидтің басты себебі не? Неге жыл сайын осыншама адам өз ер­кі­м­ен опат болады? Оның астарында тұр­мыс тауқыметі жатыр ма, әлде адамдар арасындағы араздық па? Депрессия мен психикалық ақау­дың салдары ма? Әлде, шынын­да да интернет пен әлеуметтік же­лі­ле­р­дің зардапты ықпалы ма? Ашу мен ызадан туатын дерт пе, әлде арақ пен нашаның кесірі ме? Осы іспеттес ұшығына жет­кіз­бей­тін күрделі сұрақтар көп-ақ. Бі­рақ кесімді, көңілге қонымды қара­па­й­ым жауап жоқ. Бірде-бір жекеле­ген себеп немесе фактор адамның өзін өзі өлтіруіне себеп бола алмайды. Ондай әрекет – жеке, әлеуметтік, ді­ни, моральдық, психикалық және био­логиялық астары бар, бірқатар жағ­дайлардың өзара шиеленісуінен бо­латын күрделі феномен. Сонымен бірге, қоғамдағы адам­дар­дың өзіне өзі қол салу жиі­лігі ел­дегі әлеуметтік саулықты, саяси-эко­номикалық жағдайды сипаттайтын өмір сапасының аса маңызды «баро­метрі», қоғамдық ахуалдың ин­дикаторы. Кез келген елдегі суицидтің көр­сет­кіші сол қоғамдағы интеграция деңгейіне, ортақ құндылықтары бар қауым ретіндегі ұйысу дәрежесіне ке­рі пропорционал болады. Яғни, мем­лекеттің тиімділігі мен қоға­м­ның сапасы артқан сайын суицид аза­юы керек. Жоғарыда аталған жасөспірімдер істері жөніндегі комиссияның бір оты­рысында ауылда болған суицид талқыланды. Анасы 15 жасар ба­ла­сынан телефонмен ойнағанды до­ғарып, үйдің бір шаруасын жасау­ды талап етеді. Әкесі де анасына қосылып, баланы сөгеді. Бала осыған ашуланып, қораға барып асы­лып қалған. Комиссияға шақырылған мек­теп­тің психологы мен директоры баланың берекелі отбасынан шықа­нын және оқу үлгерімінің жақсы еке­нін айтып, мұндайға не себеп бол­ғанын түсінбейтіндерін жеткізді. Ко­миссия мүшелері интернет пен ұя­лы телефонның кері әсері туралы айт­ты. Сонымен, себебін анықтай ал­­май, мектепке балалардың психи­ка­сын күшейту амалдарын қарас­ты­­­руды, ал тиісті мекемелерге зия­­­ны бар интернет ресурстар мен әлеу­мет­тік желідегі топтарды анық­тап, жа­буды тапсырдық. Сонымен бірге, баланың ата-анасының қалауы бойынша бұл оқи­ға өзін өзі өлтіру болып тір­кел­меген бо­лып шықты. Сон­дық­тан оқиғаның тір­келмеу жай-жапсарын тексеруді қо­сымша тапсырдық. Тексере келе, мынадай мән-жайлар анықталды. Қайтыс болған бозбала 4 жасында туған ата-анасынан ажыратылып, ата­сы мен әжесіне берілген. Содан бе­рі туған әкесі және шешесімен дұ­рыс қарым-қатынас болмаған. Әсі­ресе, туған анасымен қатты араз болған. Атасы және әжесімен де айтарлықтай жақын болмапты. Ол ту­ралы өзі сырласып жүрген бір до­сына айтқан. Сондай-ақ, болар оқи­ға­дан бірер күн бұрын сол досына ба­ла құнды деген бұйымдары мен же­ке заттарын сыйлаған. Сыйлап тұ­рып «бұлар енді маған керек бол­майды», деген. Жақындарымен сөз­ге келгенде «мен бәрінен шарша­дым, жалықтым, жалғызбын», деген сөздер айтқан. Бірақ мектептегі пси­холог пен сынып жетекшісі ол ту­ралы білмеген, баланың мінез-құл­қынан өзгеріс байқамаған. Бала асы­лып қалған қора тап-тұйнақтай жи­налған, ешкім кедергі жасай алмай­тындай етіп дайындалғаны бай­қал­ған. Міне, бұл ашу мен ызадан булығып кенеттен жасалмаған, саналы түрде, ұзақ уақыт пісіп-жетілген ше­шімнің мысалы. Себеп – ерте ба­ла­лық шақта ата-анасынан ажырау ке­сірінен болған психикалық зақым. Осы бір ғана мысал арқылы біздің мә­селеге терең бойлай алмай, мән-жай­ын жете түсінбейтініміз анық кө­рінеді. Енді не істеу керек деген сұ­рақ­қа келейік. Халықаралық зерт­теу­­лер мен тәжірибе балалар мен жас­өспірімдер арасындағы суи­цид­­тің алдын алуға болады дегенді рас­тайды. Тиімді алдын алу жұмысын ұйым­­дастыру үшін бізге білім бе­ру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қам­­сыздандыру, құқық қорғау, ақ­па­раттандыру қызметтерін қам­ти­тын, са­лааралық кешенді бағ­дар­лама қа­жет. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ұсынысы бойынша әлем­нің 30 елінде мұндай бағдарлама суи­цидтің алдын алуға арналған ұлт­­­тық стратегия деңгейінде іске асу­­­да. Бұл стратегиялардың мақсаты – 2020 жыл­ға дейін суицид жиілігін 10 пай­ызға дейін азайту. Суицидті тежеуге арналған жұ­мыс­ты екі бағытқа бөлуге болады. Ол­ қысқа мерзімде нәтиже беруі тиіс шұ­ғыл алдын алу шаралары және тұ­рақ­ты төмендеуге жол ашатын, ба­ла­лардың психикалық саулығын қа­лыптастырып, күшейтуге бағыт­тал­ған ұзақ мерзімді амалдар. Қысқа мерзімде суицидтік қау­іп-қатерге душар болған балалар­ды анықтап, оларға жеке-жеке пси­хо­ло­гиялық көмек көрсету жүйесін қа­л­ыптастыру қажет. Ол үшін осы жұ­мысқа қатысатын 4 түрлі мамандар тобын оқытып, дайындықтан өт­кізу керек. Біріншіден, барлық мұғалімдер баланың сөзі мен іс-әрекетінен суицид туралы ойдың белгілерін танып үйренуі тиіс. Ол қиын емес. Бала мінезіндегі өзгерістер, жалғыздық ту­ралы әңгімеге әуестік, «мен шаршадым», «бәрінен жалықтым» деген сияқты сөздер, жеке заттарын тарату секілді өмірге қызығушылықтың азайғанын білдіретін әрекет – осы­ның барлығы мұғалімдер және ба­ла­­­лармен етене жұмыс істейтін бас­­қа да мамандар игеруі қажет қа­­р­апайым дағдылар. Бұл топты «суи­­цид сақшылары» деп атайды. Олар­дың міндеті – аталған бел­гі­лерді­ байқап, мектеп психологына хабар беру. Оқытылуы тиіс екінші және ең ма­ңызды топ – мектеп психологтары. Педагог-психологтар оқушылар ара­сында тәуекел тобын анықтауға ар­налған диагностика жүргізудің әдіс­темесін игеріп, тәуекел тобына кірген балаларға нақты көмек көр­сете білуі қажет. Аталған диаг­ностика сауалнама негізінде жасалады. Сауалнамада бір қарағанға оғаш көрінуі мүмкін сұрақтар бар. Мә­селен, мынадай: – Өзіңізге қол салу туралы ойы­ңыз болды ма? – Болса, оны қалай жасамақ еді­ңіз? Осы сұрақтар төңірегіндегі пікір­та­лас үшін біз Қызылорда облысында жасаған қанатқақты жобаны 6 айға шегіндірдік. Алайда, белді отандық және халықаралық мамандар араласып, бұл сұрақтардың керектігі дә­лел­денді. Суицидтік ойы бар бала әдетте сырттан көмек күтеді, сон­дықтан көпшілігі төтесінен қойы­л­ғ­ан осындай сұрақтарға тартынбай жау­ап береді, өзі сенетін адам болса, ашық әңгімеден қашпайды. Сондықтан мұндай сұрақтардан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ баланы ашылып, ақтарылуға шақырғаннан кейін оған нақты көмек көрсетуге де дайын болуымыз қажет. Көмек алам деген әр баланың үмтінің орындалуы, сенімінің ақталуы өте маңызды. Яғни, тәуекел тобы­на кірген әр ба­ла­ға білікті психологиялық, қа­жет бол­са дәрігерлік және пси­хиат­рия­лық көмек көрсетілуі тиіс. Тәуекел тобын анықтауға арнал­ған диагностикаға 14, 15 және 16 жас­­тағы балалар қатысады. Жыл сай­ын жобаға жасы 14-ке толған жа­ңа толқын кіреді, жұмысқа араласа­тын мамандар жаңарып отырады, сондықтан жыл сайын бұл жоба да жаңарып, жаңа біліммен толығып, мамандар ұдайы оқытылып отыруы қажет. Қанатқақты жобада бізге бас­ты кедергі болғаны – түрлі сала ма­­мандары арасындағы бірлескен жұ­­­­мысты үйлестіру еді. Бұл жұ­мыс­­­тың тиімділігі – мұғалімдер мен дә­­рігерлердің, әлеуметтік қор­ғау қыз­­меті мен полицейлердің, сон­дай-ақ, журналистер мен әкімдік қыз­­­меткерлерінің үйлесімді бір­лес­кен әрекетіне тәуелді. Аталған жұ­мыс­­пен қатар, көпшілікті ақ­па­рат­тан­дыру, қоғамдағы психологтың кө­мегіне жүгіну мәдениетін қа­лып­тас­тыру міндеті тұр. Осы аталған ба­­ғыттардың барлығы жалпы жағ­дай­­дың оңалуына тікелей әсері бар өза­ра тәуелді мәселелер. Сондықтан ортақ оң нәтиже болу үшін – бұл жұмыстың барлығына ор­тақ, ұлттық үйлестіруші қажет. Бар әдістеме мен ақпаратты бір жер­ге жинап, барлық ауыл-аймаққа ор­т­ақ жүйе, ортақ талап қойылғаны аб­зал. Ең дұрысы, осы мәселеге ма­­манданған үкіметтік емес ұйым бел­гіленіп, сол ұйым негізгі үй­лес­тіруші болуы қажет. Қазір бұл ұсы­ныс негізгі екі министрліктен құптау тау­ып, аймақтар деңгейінде бірлесіп жұ­мыс істеу тетіктері нақтылануда. Сонымен бірге, бұл мәселенің күрмеуін шешіп, тиімді әрекет ету үшін тек мемлекет аясында жұмыс іс­теу жеткіліксіз. Ол үшін бизнес пен қоғамдық ұйымдардың, ха­лық­ара­лық ұйымдардың, ғылыми және экс­перттік ортаның күш біріктіруі ма­ңызды. Осы тұста Қазақстанға әлемде бар тәжірибені алып келіп, оны бейім­деп енгізуге жағдай жасаған БҰҰ-ның балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің зор үлесін атап айтпасқа болмайды. Қанатқақты жоба жүйелік сипат­тағы оң нәтижесін берді. Қазақстан­дық мамандар тиімді әдіс­те­ме мен жұмысты ұйымдастыру дағ­ды­ла­ры­на ие болды, жобаны бү­кіл ел кө­лемінде жүзеге асыруға бай­ла­ныс­ты өзіндік көзқарас пен іс-қи­мыл алгоритмі қалыптасты. Әлеуметтік зерттеудің көр­се­туін­ше, Қазақстандық кәмелетке тол­­маған балалардың 26 пайызы суи­цидке әкелетін түрлі қауіп-қатердің ықпалында жүр. Суицидтің өзі – алып айсбергтің көзге көрінетін басы ғана екендігі түсінікті болды. Балалар мен жастардың ара­сын­дағы суицид – олардың тән және жан сау­лығын, қазіргі уақытқа қажетті өмір дағдыларын қалыптастыруға ар­налған жүйелі жұмыстың жоқ­ты­ғынан деп білеміз. Балалар мен жет­кіншектердің денсаулығын, со­ның ішінде психикалық саулығын кү­шейту, өмірлік дағдыларын қа­лып­тастыру – суицид мәселесінің та­мы­рына шындап балта шабу бо­лар еді. Біз бүгінде балалардың бі­л­ім­ге негізделген ақыл-ой әлеуетін арт­тыруға барынша күш салудамыз, ал жас ұрпақтың эмоционалды әлеуетін қалыптастыруға өте үс­тіртін және самарқау қараймыз. Осыған орай, кәмелетке тол­ма­ғандар арасында суицидтің алдын алу үшін олардың денсаулығын күшейту мен өмірлік дағдыларын қа­лып­тастыруға арналған бағдарлама әзір­ленген. Бұл бағдарламаның бас­ты тірегі мектеп психологтары. Қазір біздегі олардың саны 8 мыңға жуық. Психолог жұмысы жақсы жол­ға қойылған мектептерде талай баланың ажал аузынан аман қал­ға­нына куә болдық. Соның бір мы­салын айтайын. Анасынан 6 сау­сақпен туған қыз бала өзінің сол кемістігін жасырудың керемет тә­сілін игерген, тіпті оны ең жа­қын құр­былары да көпке дейін бай­қа­май жүрген. Ата-анасы болса, оны дә­рігерге көрсетуді ойламаған да. Қыз 14-ке толғанда, осы жағдай үлкен жан күйзеліне себеп болып, бойжеткенді жаман ойға жетелейді. Мектеп психологына қатты сенген қыздың құрбылары апайларына жағдайды жеткізеді. Психолог апайы қызбен тіл тауып, сырласа келіп, дәрігерге баруға көндіреді. Нә­тижесінде, артық саусаққа ота жа­са­лып, бойжеткеннің жаңа өмірі бас­талады. Міне, бұл жақынына жанашыр адамдардың «сақшылық» қызметін атқарып, уақтылы хабар беруінің, пси­холог пен дәрігерлердің өз жұ­мысын сапалы орындауының ар­қа­сын­да болған оң нәтиже. Маманданған психологтардың айтуынша, әрбір суицид – естілмей қал­­ған жанайқайы. Олай болса, қо­ғам болып, қауым болып құ­лын­да­ған дауысқа құлақ аса білейік! Рауан КЕНЖЕХАН, «BILIM Foundation» қорының жетекшісі