• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2011

Татулық – табылмайтын байлық

643 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде Қа­зақ­станның қалыпты өр­кен­деуі мен ішкі, сырт­қы саясатының байып­ты екендігін әлем мой­ын­дауда. Осы бағыт­та­ғы сан қырлы жұмыс ұлтаралық татулық, өз­ара келісім мен ын­ты­маққа негіз қалауда. Елбасының сындарлы саясатымен осы жылдар ішінде экономикалық және саяси дамуы өріс алып, ұлтаралық қақты­ғыс пен діни алауыздықтың титтей де бір белгісі көрініс бермеді. Тіл-көзден сақтасын, бұл – өлшеусіз бақыт. Өзім түрік ұлтының өкілі болғандықтан, Қазақстанды мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың пікірі бір арнаға тоғысып, баршаның өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне, тілі мен дінін сақтауына және өз құқықтарын пайда­ла­нуына жағдай жасалғанына көз жеткізіп келемін. Мұның өзі демокра­тия­ның салтанат құрғанының көрінісі. Арқа төсіндегі әсем қала Астанада был­тырғы болған Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының ХVI сессиясына қатыс­тым. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төр­ағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттар мен ұлыстардың өкілдері алдында кең ауқымды, терең ойлы, мағыналы сөз сөйледі. Негізі қаланғанына 16 жыл толатын Ассамблея әлемге өзінің бағы­тының өміршеңдігін дәлелдеді. Сол жолы да түрлі этнос өкілдері өзара дос­тық пен сенім, дәстүр, ашықтық, тө­зім­ділік аясындағы кең ауқымды мәселе­лерді қозғап, оны алға апаруды мақсат еткенімен ерекшеленді. Жетісу өңірін мекендеген түрік хал­қы ел басына күн туған 1944 жылы жер аударылып, аш-жалаңаш жүдеп келген еді. Аға ұрпақ пен біздер үшін Қа­зақ­стан атамекеніміз деуге болады. Елба­сы­на былтыр түрік елінде ескерткіш орнатылып, құр­мет көрсетілуі тегін емес. Осылайша қадым замандардан жалғасқан бауыр­лас­тық бастауы бүгінгі бірлік пен ынтымақ туын желбіретіп, сарабдал саясаткерге деген құрметті көрсетті. Алматы қалалық түрік этномәдени бірлестігінің бас­шысы ретінде шаһар мен Жетісу жеріндегі мә­дени-көпшілік жұмыстарға белсене араласамын. Тіл – ұлттың тірегі, жаны. Мемлекеттік тілге келсек, ол Қазақстанды мекендейтін баршаның жүрегіндегі ең құрметтісі болуы тиіс. Сондықтан түрік этномәде­ни бірлестігі жанындағы қазақ тілін оқып-үйрену­шілер саны біршама өсті. Елбасы сессияда шешіле сөйлеп, мемлекеттік тіл­дің келешегі қазақтардың ұлтжандылы­ғына, намысшылдығына қа­тысты екендігіне тоқталды. «Қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлессін» деп қа­шанғы айтамын? Арамызда өзге ұлт­тың бір адамы отырса, сол тілге көшуге мәжбүр болатын кешегі күн өтті», деп еске салды. Тіпті, талайлардың жұ­мыс­та да, үйде де, көшеде де өз ана тілінде сөйлемейтінін де ашына жеткізді. Әлі күнге талай қазақтың баласы, немересі қазақ мектебіне, қазақ балабақшасына бармайды. Басқа ұлттың балалары қазақ мектебіне барғанда бұрынғы қалпынан қайтпайтынын, сонда біз өз тілімізді кімге міндет қыламыз, дегені елі мен жерін сүйген және оның ертеңі үшін алаңдаған Мемлекет басшысы­ның айтқанына қосылмаған жан болмады. Бұл баршамызға қатысты мәселе екендігін сезіндік, ой түйдік. Бүгінгі күні алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Елбасының елді жедел жаңғырту саясатын қолдап, көгілдір туымыздың астына топтасуы­мыз қажет. Ортақ құндылығымыз – бірлік пен ұлтаралық келісімді сақтап, қоғамның алға жылжуына жұмыла атсалысу қажеттігін айтып, жастардың елжандылық сезімін қалыптастыруға күш салып жүремін. Біз кеңестік жүйенің тәрбиесін алдық. Біраз дүниенің қадір-қасиетін кеш ұқтық. Ал, бүгінгі жастар мемлекеттік тілді міндетті түрде білу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз кажет. Мүмкіндік бар кезде қандастары­мыздың осындай мәселелерін шешуге күш салып, жұмысқа кірістім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бүкіл әлемді жайлаған каржы дағдарысынан көп қиналмай шығуға қол жеткізілді. Жиырма жылда демократиялық жаңарулар жүзеге асып, жүйе өзгерді. Мақсатымыз айқын, тәуел­сіз еліміз гүлденіп, әр отбасында молшылык, бақытты тірлік орнаса деген мақсат орныққан. Облыстық мәсли­хат депутаты ретінде Жетісудағы сай­лау­шылармен кездескенде олар Елба­сына алғыс айтады. Мәселен, Қызыл­ағаш­тағы тасқыннан кейінгі жағдай Президентіміздің халыққа деген қам­қор­лығын көрсетті. Өңірдегі елді мекендерде жол салынса, су құбырлары тартылып, «көгілдір отын» әр үйге келді. «Жол картасы» бағдарламасының нәтижесінде каржы дағдарысының сал­қынын көпшілік сезінбеді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Мемлекет басшысының Жолдауы жаңа қадамдарға, дамуға бастап, ауыл шаруашылығы мен құқық қорғау, тағы басқа салалардағы реформа негізінде игілікті істер атқарылып, ел өміріне елеулі оң істер әкелді. Өңірдің дамуы – елдің дамуы. Осы орайда бизнеспен айналысатындарға жүктелетін міндет зор. Мәселен, сауда-сат­тық, өзге мемлекеттермен эконо-мика­лық байланыс, қарым-қатынас арқылы экономика нығайып, еңбек өнімділігін шұғыл арттыру көзделсе, бұған Кедендік одақтың құрылуы на­рықтағы мүмкіндігімізді еселей түсті. Кәсіпкерлер үшін отандық тауарларды саудалауға үлкен рынок ашылды. Тауар­ларымызды Қазақстан ғана емес, Ресей аумағында да еркін саудалауға мүмкіндік бар. Өзара бәсеке қатаң болғанымен бағалы. Тұтынушы сауда сөрелерінен неғұрлым қолжетімді баға­мен жоғары сапалы өнім алуы үшін олардың талғамын зерттеу, мүддесін корғау алдыңғы орынға шықты. Қиын кезеңде құрылған «Касанов Инвестгрупп» компаниясының Жолдау талаптарымен шет елдерден 2 млрд. дол­лар инвестиция тартылуы нәтиже­сін­де Талғарда «Алтынсай» жобасымен тұрғын үй кешенін салудың жоспар-негіздемесі жасалса, шаһарда автовокзал құрылысы қарқын алған. Ұжымда үш мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар құрылысқа кажетті кірпіш, есік-терезе, ағаш, тағы басқа бұйымдар жасаумен ай­налысады. Өңірдегі құрылыстың өсуі­не орай тұтынушыны сапалы өніммен қамтамасыз етуге күш салудамыз. Отандық өнім шығарумен айналы­сатын кәсіпорындар қатары да қарқын­ды жұмыс жасауда. Еңбекшіқазақ ауданында шарап, Қарасай ауданында кірпіш зауыттары жұмысын жалғастыр­са, Алматы қаласында гипермаркет сауда орталығы тұтынушының жоғары сұранысын қанағаттандыратынды­ғымен ерекшеленеді. Ислам дінін құрметтеп, биік адамгершілік қасиеттерге баулитын онға жуық Алланың үйін салуға да демеушілік таныттым. Әрине, бұл – мақтаныш емес, азамат ретіндегі міндетім. Өйт­кені, қарапайым түрік ұлтының өкіліне Қазақстанда өз кәсібін ашуға, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасағанының өзі менің ел алдындағы борышымды еселей түседі. Жолдауда болашаққа белгіленген ұлан-ғайыр міндеттерді біріктіруші ұлттық стратегиясыз жүзеге асырудың мүмкін еместігі атап көрсетілген. Демек, әр қазақстандық Отанымыз – тәуелсіз Қазақстандағы тұрақтылық пен игілік жолындағы еселі еңбегін өз ісімен, елжандылық қасиетімен дәлелдеуі тиіс деп ойлаймын. Усеин КАСАНОВ, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер. Алматы облысы.