Жанкүйерлер жан алысып, жан беріскен кездесуге куә болды. Армения құрамасы
ойын бастала сала алға ұмтылған. Алайда, матчтың 2-минутында Кеворг Газарян
қақпашы Давид Лориямен допқа таласта жарақат алып, алаңнан кетуіне мәжбүр
болды.
Алғашқы 45 минутта Генрих Мхитариян, Еркебұлан Тұңғышбаев сынды
футболшылардың есеп ашатын мүмкіндіктері болған, бірақ таблодағы көрсеткіш
өзгеріссіз қалды.
Матчтың екінші таймы жерлестеріміз үшін аса сәтті бола қоймады. Кездесудің
64-минутында Сергей Малый армениялық Генрих Мхитариянға қарсы ойын тәртібін
бұзғаны үшін екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Міне, осыдан кейін
Қазақстан құрамасының қорғанысы сыр бере бастады. Арада 10 минут өтер-өтпес
есеп те ашылды. Ойынның 73-минутында Генрих Мхитариян екі-үш футболшының
арасынан Давид Лорияның қақпасын дәл көздеп, бірінші голды соқты. Көп ұзамай екінші
доп та соғылды. 75-минутта оң қапталдан әуелей келген допты Араз Озбилиз тура
бағыттады.
Александр Бородюк Қазақстан құрамасының алғашқы ресми ойыны жеңіліспен
аяқталды. Отандастарымыз 2 ұпаймен Е тобында көш соңында келеді. Ал Арменияның
еншісінде 6 ұпай бар.